Осы жазда әлем жұртшылығының назары солтүстіктегі көршімізге ауады. Басты себеп - ФИФА-ның 21-інші Әлем чемпионаты. Айтулы доданы өткізу үшін 9 мемлекет - Австралия, Англия, Индонезия, Мексика, Ресей, АҚШ, Жапония, Португалия, Испания, Бельгия және Нидерланды таласқа түскен болатын. 2010 жылғы 2 желтоқсанда Цюрих қаласында соңғы шешім қабылданып, Ресей ресми түрде 2018 жылғы Әлем чемпионатының «қожайыны» атанды. Ресей Федерациясы төрт жылда бір рет келетін ірі жарысты алғаш рет қабылдамақ. 2018 жылғы Әлем Чемпионатының іріктеуі 31 құраманы анықтап берді. Ал 32-нші команда — Ресей турнирді қабылдайтын мемлекет болғандықтан, іріктеу кезеңіне қатыспай-ақ жолдамаға ие болды. Сөйтіп, бүгін үздік командалар сынға түсетін турнир шымылдығын түреді. Сағат кешкі 21:00-де Мәскеудегі «Лужники» стадионында Ресей мен Сауд Арабиясының құрамалары жарысты бастайды. Финалдық ойын дәл осы аренада, 15 шілдеде өтеді деп күтілуде.

Биылғы ойында 2014 жылғы чемпион Германия құрамасы жарыстың басты фавориттерінің бірі болып саналады. Сонымен қатар, Испания, Франция, Бразилия, Аргентина, Португалия, Бельгия, Англия құрамаларының биіктен көрінуге мол мүмкіндігі барын естен шығаруға болмайды. Әлем чемпионатының кубогын төбесіне көтеру - әр футболшының арманы. Сондықтан аяқдоп шеберлерінің аянып қалмасы анық. Әсіресе, бір айлық футбол жарысында әлемнің үздік ойыншылары өз құрамаларын жеңіске жетелеріне сенім мол. Мәселен, Криштиану Роналду бастаған Еуропа чемпиондары – Португалия құрамасы енді Әлем чемпионы атанғылары келетіні айтпаса да түсінікті. Жалпы, Роналдудың және португал құрамасының ойыны жаман емес. Бірақ мұндай мықты ойыншыларға тойтарыс беріп, қаймықпай қарсы тұратын басқа да шебер командалар жетерлік. Олардың сапында Месси бастаған Аргентина құрамасы, Испанияның капитаны Серхио Рамостың жігіттері және де әлемдік жұлдыз, техникасымен талайдың таңдайын қақтырған бразилиялық Неймар бар. Осы орайда «Селесао» құрамасы 6-ыншы рет Әлем чемпионы атануды қалайтындарын анық ұқтырды.

Әлемнің үздік бапкерлері төрткіл дүниенің түкпір-түкпіріндегі футбол жанкүйерлері көз тігетін жарысқа қатысты болжамдарымен бөлісіп жатыр. Ағылшындық «Манчестер Юнайтедтің» бапкері Жозе Моуриньоның болжамына сүйенсек, Әлем чемпионатын Бразилия немесе Испания құрамасы жеңіп алады. Десе де, Германия құрамасының да мүмкіндіктері зор екенін атап өтті. Ал букмекерлік кеңселердің коэффиценттеріне көз жүгіртсек, Германия құрамасы мен Бразилия бұл тізімде көш бастап тұр. Айта кетелік, Әлем чемпионатының тарихында барлығы 8 құрама Әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Оның ішінде ең көп чемпион атанған Бразилия құрамасы - 5 рет. Италия мен Германия 4 рет, Аргентина мен Уругвай 2 рет мықтылығын дәлелдеді. Сонымен қатар, Англия, Франция, Испания құрамалары бір-бір реттен талайға арман болған кубокты иеленген.

Ал қазақстандық футболшыларға мұндай бақыт қашан бұйырар екен? Өкінішке қарай, біздің ұлттық құрама көрші Ресейдегі ойынға бармайды. Отандастарымыз Әлем чемпионатының іріктеу кезеңі ойындарынан суырылып шыға алмады. «Е» тобында болған аяқдопшыларымыз Армения, Черногория, Польша, Дания, Румыния сынды ойыны орташа құрамаларды жеңе алмай, 10 кездесу қорытындысы бойынша бар болғаны 3 ұпай жинап, көштің соңында қалып қойды.

Осы жылдың наурыз айында Ұлттық құраманың бас бапкері болып «Астана» клубын жаттықтырған болгариялық Станимир Стойлов тағайындалды. 2014 жылдан бастап елордалық клубта қызмет еткен жаттықтырушы 4 мәрте Қазақстан біріншілігін, 1 рет кубок, 2 рет суперкубокты ұтқан болатын. Сонымен қатар, қазақ футболының тарихында тұңғыш рет «Астана» клубы чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнап, алғашқы ұпайларына ие болған. Кейін елордалық клубпен Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне дейін жеткенін атап өту керек. Содан-ақ Станимир Стойлов еліміздегі футболдың дамуына сүбелі үлес қосқан бапкер деуге болады. Енді ол ұлттық құраманың тізгінінде өз шеберлігін дәлелдемек. Соңғы үш ойында біздің жігіттер 2 рет жеңіп, 1 рет ұтылды. Жанкүйерлердің пікірінше, ұлттық құраманың ойыны жүйеленіп, көз қуантуда. Бұл ретте болгариялық маман елдің намысын қорғауда жас ойыншыларға үміт артып отыр. Отандық спорт журналистикасының майталмандары Несіп Жүнісбай, Амангелді Сейітхан бұл бапкердің жұмысына үлкен сеніммен қарап, жақсы нәтиже күтуге болатынын жиі айтады.

Сөйтіп, төрткіл дүние көз тіккен Әлем чемпионаты тартысты ойындарға, әдемі соғылған голдарға, үздік ойыншылардың шеберлігіне толы болады деген үміттеміз. Футбол мейрамын жіберіп алмаңыз, ағайын!

Елдар АНАРБЕКОВ, С.Торайғыров атындағы ПМУ студенті.

saryarka-samaly.kz