Атаның кесенесі Май ауданы, Ақшиман ауылында орналасқан. Ел арасында үлкен құрметке ие болған Қайса ата кім?

Қайса Нұрғазыұлы 1888 жылы Май ауда-нында дүниеге келген. Арғы атасы Елқонды аруақты, ірі бақсы болған деседі. Қайса атаның бақсылық, емшілік қасиеті 49 жасқа толған шағында анықталған. Оның емшілік, көріпкелдік қасиеттері жайлы кезінде кең тараған. Оған әр түрлі мұқтаждықтары, сырқаттары бар адамдар көмек сұрап үздіксіз көп келетін. Қасиетті Қайса ата өзінің күшін тек игілік үшін ғана қолданған екен.

Қайсаның елді таң қалдырған бір әрекеті -қыстың күні сары аязда жалаңаяқ далаға шығып кететін болыпты. Бастапқыда жұрт бақсыны есінен ауысты деп ойлап, дәрігерлерге апарыпты. Бұл да атаның бойындағы ерекше бір қасиет болса керек.

Бірде бабалары Қайсаның түсіне еніп, аян беріпті. Осыдан кейін ата Байкөшен деген жердегі бабасының зиратына барып түнеп, түс төріп, бабасының батасын алыпты. Осыдан соң ол қара бақсылықтан гөрі сәуегейлік, емшілікке бейімділігін таныта бастаған. Ел арасындағы аңыз-әңгімеге сүйенсек,шаршап келе жатқан жолаушыны Қайса ата алыстан сезетін болған және дастарқан жайып, ас-су әзірлеуді отбасына алдын ала хабарлаған. Кей кездері тіпті ер баласын келе жатқан жолаушының алдынан шығарып, олардың шөлін бассын деп суық сумен жіберетін болған деседі.

Ел жадында қалған тағы бір оқиға, 1959 жылы Үлкен Ақжар ауылының тұрғыны Оралбек Байдәуіров деген азамат Күйгенқора деген жердегі қара малға машинамен жем апара жатып, жеңіл арбамен келе жатқан Қайса атаны қуып жетіп, озып кетеді. Асығып бара жатқан соң тоқтамай, ақсақалға сәлем бермей өтеді. Содан жүріп келе жатқан көліктен ақау шығып, тоқтап қалады. Жүргізуші көлігін жөндей алмай, әуреге түсіп жатқан кезде Қайса ата да жетеді. Оралбек ақсақалға сәлем беріп, тоқтамай өтіп кеткеніне кешірім сұрап, босатуын өтінеді. Қайсекең «Жарайды, бара ғой» - деген екен. Оралбек көлігіне отырып, от алғызғанда дүр етіп істеп кетіпті. Міне, осындай қасиеті болған Қайса атамыздың көпшілікке шарапаты тиген, қаншама адамдарды дертінен сауықтырып, елдің құрметіне бөленген. Атаның кесенесі қасиетті орынға айналды.

Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz