Ескерткіш тақта Луначарский көшесі, 2-үйдің қабырғасына қойылды. Аймақтың абзал азаматына Ертіс-Баян жұртшылығы осылайша құрмет көрсетуде.

- Мемлекетіміздің даму жолында мемлекеттік қызметшілердің қосар үлес салмағы ерекше. Біздің жерлесіміз, қоғам және мемлекет қайраткері Мейрам Мағжанұлы өңірімізде осы саланың дамуы үшін тер төкті. Оның бастамасы бойынша облысымызда мемлекеттік қызметке қатысты алғашқы қанатты жоба жүзеге асты. Кейін ол мемлекеттік қызмет істері бойынша агенттіктің жеке құзырлы орган болуына ықпал етті, - деді шараға қатысқан ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Әділбек Мұқашев. Мейрам Серғазин 1945 жылы 17 қарашада Ресейдің Омбы облысының Новая жизнь колхозында дүниеге келген. 1956 жылы Павлодар облысының Ертіс ауданына қоныс аударды. Павлодар индустриалды институтын бітіргеннен кейін, еңбек жолын 1968 жылы Павлодар алюминий зауытында слесарь болып бастады. Түрлі қызметті атқарып, білімін жетілдіре жүріп, 1991-1993 жылдары Павлодар облысы әкімдігі аппаратының басшысы, 1993-1998 жылдарда еңбекті қорғау департаментінің басшысы, 1998-2010 жылдар аралығында Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Ал өмірінің соңғы уақытына дейін облыс әкімінің кеңесшісі болды.

«Мейрам Мағжанұлы - қай сала, қандай іс болмасын дөңгелетіп, жүрген жеріне үлкен серпілістер, жаңашылдықтар әкелген тұлға. Халқымызда «Ердің атын ел шығарар, елдің атын ер шығарар» деген даналық сөз бар. Бүгінгі шара соның бір дәлелі іспеттес. Менің досым бүкіл өмірін еліне арнады. Оның ел алдында сіңірген еңбегі зор. Оның адамгершілік қасиеті де бір төбе еді, - деп еске алды қайраткердің досы Боранбай Ысқақов.

Осылайша, аталмыш шарада еселі еңбегімен жұртшылық жүрегінде қалып, қоғам ой-санасының оянуына күш салған тұлға жайлы көз көрген дос-жарандары мен әріптестері, туған-туыстары естеліктермен бөлісті. Еселі еңбек иесінің рухына арнап ескерткіш тақта алдына гүл шоқтарын қойды.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz