Бибігүл ҚАМЗИНА, облыстық ішкі істер департаменті ювеналды полициясының басшысы:

- Қазіргі балалар көліктен мүлдем қорықпайды. Себебі, оңды-солды ағылып жатқан көлік қозғалысына бойлары үйренген. Алайда, бұл бейқамдық оларды жол қозғалысының қатерінен қорғай алмайды. Бастысы жол жүру ережелерін қатаң сақтауға ерте бастан дағдылануы керек. Оны ата-аналары үйретуі тиіс. Тек айтып қана қоймай, ересектердің жолда жүру ережесін қалай сақтайтынын көрсеткендері жөн. Мәселен, балаңызды жетектеп жүргенде бағдаршамның қызметін түсіндіру қажет. Балалар бағдаршамның әр жарығына мұқият болулары тиіс. Жолды кесіп өткенде баламен немесе ұялы телефонмен сөйлесуге болмайды. Бұл әрекеттер қырағылықты кемітеді. Автобустан алдымен ата-ана бірінші түсуі тиіс. Асығып тұрсаңыз да, қоғамдық көлікке жүгіруге болмайды. Себебі автобусқа үлгеруді ғана ойлап, барлық қауіпсіздік ережелері санадан шығып кетеді. Мұны көрген бала дәл осы әрекеттерді қайталайды.

Жол қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында жыл басынан бері облыста мектеп пен балабақша аумағында жол кедергілері, билборд және ақпараттық тақталар орнатылған. Мамандар балалар арасында жолда жүру ережелері жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бұл ретте «Назар аударыңыз, жаяу жүргінші!», «Жас полиция көмекшісі», «Жол қозғалысының жас инспекторлары», «Абайлаңыз, балалар!», «Сіздің жолаушы - бала!» акцияларының маңызы зор.


Қабылқақ ҚАПЕНОВ, облыстық мәслихат депутаты:

- Оқушылардың жолда жүру ережелерін білуі жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ал бұл ережені ата-аналар мен ұстаздар, жол инспекторлары үйретуі тиіс. Бұл ретте тәртіп сақшылары балалар көп жиналатын орындарда жол қауіпсіздігін сақтауға бағытталған іс-шараларды жиі ұйымдастырып, жадынамалар таратуы керек. Жаз мезгілінде суға шомылу маусымы да басталады. Бұл жағдай да сақтықты талап етеді. Баланың қауіпсіздігі алдымен ата-ананың міндетіне жатады.

Көп жағдайда жол апаттары жүргізушінің салғырттығынан орын алып жатады. Бірқатары жылдамдықты шектен тыс асырса, енді бірі мас күйде рөлге отырады. Биыл оларды көлік жүргізу құқығынан айыру мерзімі он жылға дейін ұзартылды. Осы қатаң талап барлық көлік иелеріне сабақ болуы тиіс. Жол қозғалысы ережесі бойынша, жүргізуші жаяу жүргіншілер өткеліне жақындағанда адамдарды өткізу үшін жылдамдығын тежеуге немесе тоқтауға тиіс. Өкінішке қарай, осы ережені елемейтіндер көп болып тұр. Бұдан бөлек, жүргізушілердің арасында бір-біріне деген сыйластық деңгейі өте төмен. Көбі қозғалыс ережесін жақсы біле тұра жол-көлік оқиғасының орын алуына өздері себепкер болады.


Қайрат ҚҰЛМАҒАНБЕТ, көлік жүргізушісі:

- Менің көлік тізгіндегеніме 25 жыл болды. Шыны керек, әрбір 20-30 метр аралықта жаяу жүргіншіге арналған жолақ болса да, адамдар жолды рұқсат етілмеген жерлерден кесіп өтеді. Тіпті, баласын жетектеп, оңды-солды ағылып жатқан көліктердің арасынан жүгіріп өтетін адамдарға не айтасың? Абайсызда қағып кетсең, қылмыстық жауапкершілікке тартыласың. Себебі, тәртіп сақшылары қандай жағдай болсын жүргізушіні айыпты деп табады. Жолдың арғы бетіне адам жүгіріп өтіп бара жатқан кезде техниканы тоқтату қиын. Оған қарағанда адам тез тоқтайды. Қазіргі ата-аналар жұмысбасты. Үнемі асығыс үстінде жүреді. Тіпті, балабақшадан балаларын алып кетуге де уақыт таппайтын ата-аналарды кездестіресің. Жақында мынадай оқиғаның куәсі болдым. Усолка шағын ауданында алыстан тротуардың үстімен шамамен 8-9 жастағы екі ұлдың велосипед теуіп келе жатқаннан көрдім. Кенеттен әлгі баланың бірі тротуардан абайсызда шығып кетіп, велосипедімен бірге жолға жығылды. Абырой болғанда көлігімді уақытында тежеп үлгердім. Егер жоғары жылдамдықпен жүйткіп келе жатсам әлгі бала қайғылы қазаға ұшырар еді. Ал оның өлімін мен арқалап кетер едім. Ойлаудың өзі қорқынышты. Сол жеткіншектердің әке-шешесі қайда қарап жүр? Баласының сыртқа велосипед тебуге шыққанын көре тұра, қалайша үйлерінде тыныш отырады? Сондықтан барлық жауапкершілікті жүргізушіге ғана артпай, бала тәрбиесіне салғырттық танытқан ата-аналарды да жазалау керек деп ойлаймын.


«Алаңды» үйлестірген – Айдана ҚУАНЫШЕВА.

saryarka-samaly.kz