Ағайынның аңсары

Солнечный кентінің тұрғыны Әнуарбек Садықов елді мекенде жаңа мектептің құрылысын ширек ғасыр бойы күттік, дейді. Айтуынша, әу баста балабақша ғимаратына орналастырылған қазақ мектебі 23 жылдан астам уақыт тар бөлмелерде білім беруге мәжбүр болғанын жасырмайды. Сондықтан, елдің аманатын айтып, талай табалдырықты тоздырғандарын, билікке бұйымтайларын барынша жиі білдіріп тұрған.

Кент ақсақалы нысанның алғашқы қазығы қағыларда тұрғын-дармен бірге келіп, қол ұшын тигізіпті. Зарыға күткен білім ордасының берекелі болғанын тілепті.

- Қатты қуандық. Ақсақал-дардың міндеті елді мекеннің мұң-мұқтажын жоғары жаққа жеткізу, биліктің бастаған ісіне қолдау көрсету ғой. Он балам да, немерелерім де осы мектепте білім алды. Кенттегі қазақ мектебі оқушыларының білімі мен тәрбиесіне тәнтімін. Көшеде келе жатқанда үлкеннің жолын кесіп өтпейді. Ұлдары қол беріп, аман-саулығымызды сұрап тұрады. Түлектері де жоғары оқу орындарына түсуде. Осындай ұл-қыз тәрбиелеп отырған қазақ мектебінің жаңа ғимараты болғанын қалап, талап-тілегімізді әкімдіктегілерге көп айттық, - дейді Әнуарбек Садықов.

Міне, ағайынның сол арманы орындалуға шақ қалды. Себебі, кентте көптен күткен білім ордасының құрылысы биыл мамыр айында басталды. Күннің жылуын пайдаланып, негізгі жұмыстарды ертерек тындырып алуды «Стальмонтаж» ЖШС мердігер компаниясы жөн санап отыр. Құрылыс учаскесінің басшысы Георгий Юхтовский биыл нысанның негізгі жұмыстарын аяқтап, келесі жылға тек ішкі әрлеу шараларын ғана қалдыруды қалаймыз, дейді. Жоба бойынша мектеп 2019 жылдың шілде айында тас-түйін дайын болуы тиіс. Демек, келесі жаңа оқу жылын Солнечный кентінің 400-ден астам оқушысы осы әсем ғимаратта бастайды.

Г.Юхтовскийдің мәлімдеуінше, 420 орынға арналған үш қабатты мектеп үш блоктан тұрады. Біріншісі оқу блогы болса, екіншісінде әкімшілік бөлігі орналаспақ. Ал үшінші блогында шеберханалар, спорт зал, мәжіліс залы қарастырылған. Одан бөлек, мектептің маңында 12 спорт алаңынан тұратын стадион салынады. Мұнда оқушылар спорттың сан түрімен шұғылдана алады. Мектептің құрылысына 1,2 млрд. теңге бөлінген.

- Кестеден кешікпей келе жатырмыз. Қазір нысанның жертөлесін аяқтап қалдық. Жертөлені жауып, бірінші қабатты қалауға көшеміз. 45 адам еңбек етуде. Олардың үштен бір бөлігі ғана сырттан келген. Яғни, құрылысшылардың көбі – кент тұрғындары. Үш кран үздіксіз жұмыс істеп тұр. Құрылыс материалдарының барлығы дерлік Екібастұздан әкелінеді. Қадағалайтын органдар апта құрғатпай тексеріп тұрады. Ешқандай ескерту алған жоқпыз. Қысқасы, жайлы да жарық білім ордасы болады, - деп сендірді учаске басшысы.

Ал мектеп директоры Айман Кенжебаева жаңа ғимаратта білім деңгейін жаңа сатыға көтеруге күш салатындарын мәлім етті. Ескі ғимаратта қазір 424 оқушы білім алуда. 18 жыл қатарынан түлектер осы ұядан қияға ұшқан. 6 түлек «Алтын белгімен», екі оқушысы үздік аттестатпен тәмамдаған. Алдағы уақытта жалпы білім беру мектебінен көп салалы мектеп-гимназия санатына ауыстыру ойда бар, дейді директор.


 Орта толды

Солнечныйда бүгінде 6 мыңнан астам тұрғын бар. Қатарлары көбеймесе, кеміген емес. Бұл да кенттің келешегінің барын білдірсе керек. Осындай таңдау жасағандардың бірі - Асқарбек Мұхамедов.

Ол Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласынан Екібастұз өңіріне қоныс аударды. Яғни, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында кентке көшіп келген. Әзірше үй жалдап тұрады. Асқарбек Меңғалиұлы кентке келісімен жергілікті пәтер иелері коопера-тивінде жұмысқа орналастырылған. Екі ай мұнда еңбек етіп, енді ГРЭС-2-ге тұрақты жұмысқа орнласты. Газ-электрмен дәнекерлеуші қызметін атқарады. Өзінің оқыған мамандығы да – осы.

Үш баланың әкесі Асқарбек Мұхамедов Солнечный кентін таңдауының өзіндік себебін түсіндірді. Айтуынша, бастысы жұмыс, тұрақты табыс бар. Қалғанына еңбекпен қол жеткізуге болады деген ойда. Жары Алтынай қазіргі таңда бала тәрбиесімен үйде отыр. Ендеше, таңдау жасаған жас отбасыға кентте тұрақтап қалуын тілейік.


Қырық жанның қуанышы

Жоғарыда айтқанымыздай, кентте қаңырап қалған көп қабатты үйлер аз емес еді. Бүгінде олар қалпына келтірілуде. Қазіргі таңда мұндай санатта 3 үй тұр. Соның біріне биыл ел қоныстанады.

Қалалық қазынадан бөлінген 126 млн. теңгеге кенттегі Конституция көшесі, 3 мекенжайындағы көпқабатты үй қалпына келтірілуде. Қараусыз қалып, есік-терезеден жұрдай үйде бүгінде жиырма жақты жұмысшы еңбек етуде. Қалпына келтіру жұмыстарын астаналық фирма «Қазеурострой» атқаруда. Мердігер ұйымның өкілі Данияр Шелекбаевтың айтуынша, алдағы уақытта жұмысшылар қатары әлі де көбейеді. Қарқынды күшейтіп, қыркүйек айында жаңартылған тұрғын үйді қолданысқа тапсырады.

Қазіргі таңда жұмысшылар үйдің ішіне үйіліп қалған күл-қоқыстан, артық заттардан арылтуда. Одан кейін есік-терезесін орнатуға кіріседі. Әрлеу жұмыстары аяқталған соң Солнечный кентінің 45 отбасы баспаналы болады.

Кент әкімінің орынбасары Талғат Мұрзалиновтің мәліметінше, елді мекенде 184 азамат пәтер кезегінде тұр.


Берсең, балаға бер

Баланың көңілі қашанда далада. Сондықтан қысы-жазы олардың даладағы көңіл-күйін көтеру үшін ойнайтын алаңдардың көп болғаны жақсы. Солнечный кентінің балақайлары асыр салатын алаңдардың көбейгенін көрдік.

Қазақта «берсең, балаға бер» деген нақыл бар. Демеушілер де, биліктегілер де осыны ескеріп, кенттің ең кішкентай тұрғындарына сый жасауда. Мәселен, былтыр ГРЭС-2 станциясы кенттің 60 жылдық мерейтойына орай елді мекеннің қақ ортасына заманауи балалар алаңын орнатып беріпті. Қызылды-жасылды алаң алыстан көз тартады. Теңіздегі кемелердің тобы түрінде жасалған ойыншықтар балалардың көп уақытын өткізетін орынға айналыпты. Одан бөлек, спортпен шұғылданғысы келетін тұрғындарға да түрлі жаттығу құралдары орнатылған екен. Стрит-воркаут алаңдары да қарастырылыпты.

Демеушілерден бөлек бюджет есебінен де балалар қызықтайтын шағын әткеншектер мен сырғанақтар аулаларға да қойылыпты. Биыл бес аулаға орнатылған. Кент әкімінің орынбасары Талғат Бейсенбайұлының айтуынша, мұндай кішігірім алаңшалар елді мекеннің өз қазынасы есебінен ашылған. Айта кетейік, бұл кентте былтырдан бері жеке қазынасы бар. Төртінші деңгейлі бюджет бастамасы жемісті жүзеге асуда. Салықтан түскен қаржыға кент қауымдастығымен ақылдаса отырып, басты қажеттіліктерге жаратады. Мәселен, елді мекен ішіндегі жолдар жөнделмек. Көшелерді көріктендіру, гүлзарлар отырғызу қолға алынуда.

Екібастұз қаласы, Солнечный кенті.


«Талбесікті» үйлестірген - Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ,
Суреттерді түсірген - Дархан Өмірзақов.

saryarka-samaly.kz