- Нұрлан Оразалыұлы, соңғы уақытта облыстың бас жоспарына қандай өзгерістер енгізілді?

- 2005 жылы әзірленген қолданыстағы Бас жоспарда қаланың 2015 жылға дейінгі дамуы көзделген еді. Белгіленген мерзімнің аяқталуына байланысты осыдан үш жыл бұрын Бас жоспарды түзету жұмыстары басталды. Сөйтіп, 2018 жылғы 29 мамырда Үкімет отырысында «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» ҚР Заңына сәйкес әзірленген Павлодар қаласының Бас жоспары бекітілді. Ол - қала құрылысын аймақтарға бөлуді, көліктік және инженерлік коммуникациялар, көгалдандыру және көріктендіру жүйесін белгілейтін кешенді жоспарды анықтайтын негізгі құжат. Павлодар қаласының Бас жоспары облыс орталығының тұрақты дамуының 2032 жылға дейінгі ұзақмерзімді стратегиясын көрсетеді.

Бас жоспарда табиғи-климаттық жағдайларды есепке ала отырып, әлеуметтік, рекреациялық, өнді-рістік, көліктік және инженерлік инфрақұрылымды, сондай-ақ функ-ционалдық аймақтарға бөлуді, резервтік аумақтар мен табиғи және техногендік құбылыстардың, процестердің қауіпті әсерінен қорғау, экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шаралар сынды негізгі бағыттар айқындалды. Соның негізінде мынадай міндеттер шешіледі: қалыптасқан ортаның параметрлерін, бұрын қабылданған қала құрылысы шешімдердің қажеттілігін ескере отырып, тіршілікті қамтамасыз етудің қолда бар ресурстарын талдау негізінде аумақтың қала құрылысын дамыту проблемаларын, аумақтың дамуын басқаруды қамтамасыз ететін кеңістіктік дамудың негізгі параметрлерін анықтау, қала аумағында қала құрылысы қызметін қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесінің ресурстарын құруды қалыптастыруға қойылатын талаптарды ескере отырып, электронды бас жоспар құру.

- Осы орайда облыс орталығында қандай ірі құрылыс жобалары жоспарлануда?

- Павлодар қаласында ауқымды істер атқарылмақ. Айталық, Кутузов көшесін қайта жаңарту, 14 мың шаршы метр жеңіл атлетикалық манежді, 8 мың шаршы метр футбол манежін, ауданы 6 мың шаршы метр болатын олимпиадалық резервті даярлау орталығын, алаңы 4,6 мың шаршы метр мұз айдынын қамтитын «Спорт-сити» спорт қалашығын салу жоспарланып отыр. Осы бағыттағы жұмыстар қазірдің өзінде қарқынды жүруде. Одан бөлек, ауданы 16 мың шаршы метр, 1500 орынға арналған концерт залының, ауданы 7,1 мың шаршы метр, 300 орындық бассейннің, ауданы 3,1 мың шаршы метр болатын мұражай кешенінің, олимпиадалық стандарттағы ескек есу арнасының және триатлон, биатлон трассаларының құрылысы қолға алынбақ. Ертіс өзені жағалауын одан әрі дамыту да көзделіп отыр. Осы аталғандардың есебінен қала аумағы кеңейе түседі.

- Сарыарқа және Достық шағын аудандарының құрылысы қалай жүргізілмек?

- Мемлекеттік тұрғын үй бағдар-ламалары және коммерциялық құрылыс салу есебінен 2032 жылға қарай тұрғын үй қорының алаңын 2,5 млн. шаршы метрге арттыру жоспарланған. Яғни, қазіргі кезде баспаналардың аумағы 7,1 млн. шаршы метр болса, 2032 жылға қарай 9,5 млн. шаршы метр болады деп күтілуде. Мұндай серпіліс бірінші кезекте қос бірдей көпқабатты шағын аудан – Сарыарқа мен Достықтың есебінен болмақ. Атап айтқанда, Сарыарқа ауданында жалпы аумағы 256 мың шаршы метр болатын 40, Достықта 470 мың шаршы метр аумақты алатын 190 үй тұрғызылады. Биыл Достық шағын ауданының құрылысы Қамзин және Ладожская көшелерінен басталып, әуежайға барар жолдағы айналмалы сақинаға дейін жалғасатын болады. Бұл аудандағы пәтерлердің үштен екі бөлігі «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы сатылады, ал қалған бөлігі коммерциялық құрылыс салу нысанына айналмақ. Сондай-ақ, Бас жоспарда 1 Май көшесіндегі жаңғырту жұмыстары аясында тұрғын үй құрылысы басталады. Бұл көше кеңейтіледі және көшенің магистральді бөлігінде жаңа үйлер салынады.

- «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үйлердің келбеті бірдей үлгіде болуы керек. Бұл қалай жүзеге асады?

- Павлодар ауылында әкімшілік орталық құра отырып, Кенжекөл ауылдық округін және қаланың оңтүстік-батыс бөлігіндегі ауылдарды дамыту көзделген. Нақтысы, 1200 гектар аумаққа салынатын жеке тұрғын үй құрылысы арқылы 8 перспективті ауданды дамыту жоспарда бар. Сонымен қатар, баспаналар құрылысы екінші Павлодар, МДС және Лесозавод аудандарында жалғасады.

Жеке тұрғын үй құрылысы аудандарының бір бөлігі «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында дамиды. Қазірдің өзінде үйлердің 4 үлгі жобасы анықталды. Бұл үйлерді бірыңғай құрылыс салушы тұрғызып, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы арқылы іске асырады. Қалған аудандарда үйлердің үлгілік сәулет бейнесі мен аудандардың егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын ескере отырып, жеке тұрғын үй құрылысы өздігінен жүргізілетін болады.

Бұл ретте, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысы инженерлік коммуникациялары бар учаскелерде ғана жүзеге асуы тиіс екенін баса айтқым келеді.

Сұхбаттасқан – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz