Кеңеске төрағалық еткен облыс әкімі Болат Бақауов 1998 жылы елімізде құрылған инвесторлар кеңесінің жуырда Елбасының қатысуымен 31-ші отырысы өткенін атап өтті. Бұл кеңес Қазақстанның шетелдік инвесторлармен берік байланыс орнатты. Мұндай жұмыс облыста да жүргізілуде. Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрболат Сейітмағамбеттің мәлімдеуінше, жобалық басқарудың орталық органдарында еліміз бойынша инвестициялық жобалардың бірыңғай жүйесі құрылуда. Бағдарлама жуырда іске қосылады. Мұнда әр өңірде қолға алынған жоба тіркеледі. Жобаның жүзеге асу барысы да көрініс табады. Мәселен, кәсіпорындар әу баста жоспарлаған іс-шараларының мерзімін шегерсе, ол жүйеде көрініп тұрады. Демек, бұл ақпаратты көрген билік оның орнын толтыру әрекетіне көше немесе жоспарды тездетіп түзете алады. Осылайша, инвестициялық ахуалды әрдайым бақылауда ұстайды. Тіпті, қаржының қайдан келіп жатқаны да көрсетіліп тұрады. Сонымен қатар, аймағымызда 2025 жылға дейінгі орташа ұзақ мерзімге жобалар жоспары түзіліпті. Бұл құжат алдағы жылдарға нақты болжамдар жасауға мүмкіндік бермек. Басқарма басшысы келесі жылға инвестиция көлемі айтарлықтай болатынын болжанып отырғанын айтты. Дегенмен, кейбір аудандар әлі де инвестициялық жобалар жоспарын түзбеген. Сонымен қатар, биылға жоспарланған инвестицияларды игеруде кешігу бар. Мамандар бюджеттік инвестициядан гөрі жекеге көбірек мән беру керектігін ескерттік. Себебі бюджеттік инвестиция өнеркәсіптің нақты көлем индексіне еш оң әсер етпейді. Жеке инвестициялар тарту Май, Лебяжі, Шарбақты аудандарында мардымсыз. Атқарылатын жұмыстар, қолға алынатын жобалар жайында есеп берген аудан басшылары жоспар орындалатынына сендірді.

Н.Сейітмағамбет қалаларда инвес-тициялық жобалар портфелінің мол екенін айтты. Тек енді құзырлы органдар оларды жүзеге асыруда қолғабыс жасауы тиіс. Қолдау демекші, былтыр облысымыз бизнес жүргізу жеңілдігі жөніндегі рейтингте көш соңында болғанын Б.Бақауов еске салды. Сондықтан жауаптыларға барынша қолайлы климат жасауды тапсырды.

Кеңесте кәсіпкерлер біраз мәсе-лелерін, жаңа жобалары жайында баяндады. Мәселен, Успен ауданының «Галицкое» ЖШС басшысы Александр Касицын жуырда желден электр қуатын алатын жүйені іске қосатынын мәлімдеді. Кәсіпкер алғашында өндірген қуатты қайда өткізетінін білмей, қиналғанын жасырмады. Бірақ, биліктің араласуымен мәселесі шешіліпті. Жоба бірнеше аптадан кейін іске қосылмақ. Қазір іске қосуға даярлық жұмыстары реттелуде. Генератор 2 МВт электр қуатын өндіруге қауқарлы. Облыс әкімі Б.Бақауов бұл электрогенератор ЭКСПО-2017 көрмесінен кейін іске қосылатын жасыл экономиканың жалғыз нысаны екенін атап өтті. Барлық кедергілердің жойылып, жобаны іске қосуға жан-жақты жағдай жасалсын, деді. Облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Иманзайыпов «Павлодарэнергосбыт» кәсіпорнымен бірлесіп, бизнесменге электр қуатын аукцион арқылы сатудың амалдарын үйреткендерін атап өтті. Ал «Қазэнергокабель» кәсіпорнының өкілі құрылыс барысында жергілікті өнімді сатып алуға мердігерлер басымдық бермейтінін, жобаны жиі өзгертіп, келісілген тапсырыстан бас тартатындарын алға тартып, шағымданды. Мамандар бұл жерде баға саясатының басты маңызға ие екенін кәсіпкерге түсіндіруге тырысты. Яғни, мердігерлер көбінде арзанына жүгіреді. Сондықтан өзімізде өндірілетін өнімнен гөрі шетелден тасуға бейім. Сонымен қатар, өндіріс орнының өкілі мемлекеттік тапсырыс бойынша төлемдердің мерзімі 90 күнге дейін деп белгіленуі шағын және орта бизнеске бірнеше жылдан бері қолайсыздық тудырып отырғанын жеткізді. Аймақ басшысы алдағы уақытта қабылданатын «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңда бұл мәселелер ескерілетінін айтты.

Облыс орталығында тағы бір тың жоба қолға алынатыны белгілі болды. Нақтысы, бұрынғы арақ-шарап зауыты базасында фармацевтикалық өндіріс өріс жаймақ. «Стандарт27» ЖШС директорының орынбасары Еркебұлан Мұсабеков ресейлік инвесторлар ниет танытып отырғанын мәлімдеді. Тек бұл жобаның жүзеге асуына кедергі келтіріп тұрған тұстар бар. Яғни, зауыт аумағында тәркіленген, бірнеше жылдан бері сақтаудағы 17 мың литр спирттің көзін құрту керек. Құзырлы органдар тәркіленген өнім жуық арада зауыт аумағынан шығарылатынына сендірді. Облыс әкімі түйткілді жедел тарқатып, инвестордың жаңа ісін бастауына жол ашуды тапсырды.

Жиында өнеркәсіптік орындарды цифрландыру мәселесі де сөз болды. Аймақ басшысы ірі кәсіпорындарды бұл іске баса назар аударуға шақырды.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

saryarka-samaly.kz