«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отырған фестивальдің ашылуы мен жабылу салтанаты Ертіс жағасында орналасқан «Eртіс Promenade» сахнасында өтеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында кинорежиссер Людмила Лебедева мәлім етті.

- Іріктеуден өткен жұмыстар 12, 13 және 14 шілдеде «Ертіс CINEMA» кинотеат-рында көрсетілетін болады. Жалпы көрсетілім уақыты 18 сағатты құрайды. Туындылардың көбі субтитрлі, орыс және қазақ тілінде ұсынылып отыр. Ал шетелдік жұмыстардың көбі ағылшын тілінде түсірілген. Көрермендер оларды түсінуі үшін залда арнайы аудармашы жұмыс істейтін болады, - деді Людмила Лебедева.

Людмила Лебедеваның айтуынша, кинофестивальдің арнайы мүсіншесі әзірленіп жатыр. Ал фестивальде деректі фильм мен қысқаметражды кино аталымдары бойынша және бас жүлде, бірінші, екінші және үшінші орындар, «Көрермен көзайымы» аталымы мен қазылар алқасының арнайы сыйлықтары да қарастырылған.

Фестивальге келіп түскен деректі фильмдерді іріктеп шыққан журналист Салауат Игіліков айтулы шараның Павлодар қаласының күнімен тұспа-түс келетінін және аймаққа туристерді көбірек тартуға жол ашылатынын айтты.

- Осы күні өңірге келген қонақтар еліміздің мәдениеті мен тарихын кеңірек тануға мүмкіндік алса, киносүйер қауымды тамаша туындылар күтіп тұр. Халықаралық кинофестиваль Павлодар облысының атын әлемге әйгілейтін кезекті бір төлқұжатына айналатынына сенімдімін. Себебі, Ертіс өңірі – «Қазақфильм» студиясының негізін қалаушы, КСРО халық әртісі, кино және театр әртісі, Баянауылдың тумасы Шәкен Аймановтың атамекені, - деді С.Игіліков.

Фестивальге қатысушылар арасында Ресей, Англия, Армения, Австралия, Үндістан, Израиль, Иран, Ирак, Канада сынды елдер бар. Іріктеуден өткен 64 жұмыстың 15-і деректі фильм болса, 49-ы - ойын киносы.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz