Кеңес заманы дәуірлеп тұрған кезде жершілдік деген, руға бөлушілік деген ұғым ойымызды орап, тұмшалап тастаған. Мысалы, мен молданың баласы болдым. Бабам бүкіл Баянауылдағы Ақкелін болысына мәшһүр болған «Ишан қари» атанған Ғабдызәкірдің шөбересімін. Сонда деймін-ау, неден қорғандым, неден қорықтым? Бір ғана осы сұрақтың жауабы: менің діндар адамдардың ұрпағы болғаным ғана... Иә, тап солай!

Көп нәрсені айта алмай келгеніміз рас қой. Ол - бұлжытпайтын шындық. Соғыстан кейін бірінші класқа барғанымда (1946 жылы) «Әне, молданың баласы келеді, анау отырған молданың баласы» деп шеттете бастаған сөздерді жиі естідім. Бірақ, баламын ғой, бұған мән берген жоқпын. Сабақты жақсы оқыдым. Кейін де пионерге, комсомолға өтерде қаршадай құрдастарымның «молданың баласы» деген қағажу сөздерінен құлағым сарсыды. Оған мойыған мен жоқ. Партияға өтерде аудандық партия комитетінің жауапты қызметкері: «Ойланайық, сенің әкең молда болған адам екен». Бұдан басқа тіс жармады. «Дінді уағыздаған адамның баласын партияға ала алмайтын шығармыз» деп кесіп айтқандай болды. Қандай сөз естісем де, мен өзімді нық, батыл ұстадым. Партияға өтпесем де, Отаныма, еліме адал қызмет ететініме сенімді едім.

Телевизия саласы - идеология майданы. Ал соның насихатшысы, үгітшісі болу молданың баласына ауыр тиетінін жаңа қызметке келгенде бірден байқадым. Сонда мені бір дуалы ауызды ағамыздың сөзі иландырды. Ал мына қызықты қараңызшы... Баянауыл аудандық «Жеңіс» газетіне редакторлыққа шақырғанда бір топ адам облыстық партия комитетіне алдын ала арыз-шағымды қарша боратып, «молданың баласы қалай редактор болады, оның идеология саласын дұрыс жүргізетініне сенуге бола ма?» деп жазды. Міне, осындай сұрақтар көптеп «ақ үйге» келіп жатты. Ойпырай десеңізші, аққа қара жұға ма? Қалай-қалай бұрмалаған?! Бұл сексенінші жылдар еді. Онда мен облыстық «Қызыл ту» газетінде бөлім меңгерушісі едім. Осының бәрін ой таразысына салып, сан рет ойланып-толғанып дегендей, ақырында бір тұжырымға келдім. Мұны қалай түсінуге болады? Десе де, ашықтық, жариялылық заманында көкейдегі ойымды нақты бүкпесіз айтудан туған шындық. Оған осы Елбасының «Рухани жаңғыруы» ерекше қозғау салды.

Баянауыл - киелі өңір. Бұл қасиетті жер талай ғұламалардың, ақын-жыраулардың, батырлардың, әнші-актерлердің мекені ғой. Менің бабам Баянауыл жеріне Өзбекстанның Бұқара қаласынан Торайғыр ауылына 19-ғасырдың басында келген екен. Әйгілі Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи медресесін тәмамдаған. Аса діндар, оқымысты адам болғанын өзінен дәріс алған, дін жолын қуған атам Ибадолла (шын аты Ғибадолла) жиі еске алып отырушы еді. Мәшһүр Жүсіпті бабамыз көп оқыған, көп тоқыған, «Аса білімді, ерекше зейінді, діндар адам болған» деп аузынан тастамаушы еді. Қысқасы ол кісіні атам «әулие» санайтын. Бабамның өзі туралы атам ғана жақсы білетіндіктен, көп нәрсені бала кезімізде жазып алуды білмеппіз. Бір өкініштісі сол.

- Осы қаладағы Бижан мешітіне сонау Торайғырдан қос пар ат жегілген пәуескемен Ишан қариды арнайы құран аударуға алғызып отырады екен. Ол Керекуде бір апта жатып, дін айналасындағы адамдарға Құран кәрімнен дәріс оқыған. Оның уағызын естуге Керекудің төңірегіндегі ірілі-ұсақты ауылдардан да адамдар көп келген көрінеді. Құранды жатқа айтатын, ұдайы Құран хадистерден үзінділер айтып отыратын бабамызға халықтың алғысы шексіз болған.

«Рухани жаңғырудың» ықпалы болар, көкіректе жатқан көп ойымды ақтарғандай болдым. Сол аса ардақты, аруақты діндар бабаларымыз 1932 жылы Баянауылдан көшіп келе жатқанда Майқайыңға жетпей (20 шақырым қалғанда) 88 жасында анам Бикүлдің қолынан саумал құйғызып ішіп, жол үстінде қайтыс болған көрінеді.

- Сен балам «Баянауылдай жерден неге көшті?» деп сұрадың ғой. Айтайын, зейініңе тоқып ал, сақтай жүр» деп атам әңгімесін одан әрі жалғастырды. - 1932-1933 жылдар қазақ елін жайлаған ашаршылық Баян өңірін де қамтыды. Бір үзім нан таппай, адамдар тау-тастың арасында өліп жатқанын өз көзімізбен көрдік. Бұл зобалаң азын-аулақ ірілі-ұсақты малымен күн көріп отырған кедейлерге ауыр тиді. Қолдағы мал таусылды. Сонда да қарекет етіп, бір Аллаға сыйынып, туған жер - атамекенмен қоштасуға тура келді. Баянауылды қимай қоштасқанын мына бір өлең жолдарынан көресіз:

Сыйындым мен Алланың панасына,
Баянтау бара қалсаң қаласына.
Сәлем деп жолыққаның қош айтыңыз,
Айдабол, Сүйіндіктің баласына.
Баянтау өсіп едім даласында,
Алшаңдап жүруші едім қаласында.
Баянтау - туған жерім, қош аман бол,
Шынымен енді менен қаласың ба?!

Иә, жүрегі егіліп, езіліп, көз жасын көл етіп, әрең дегенде қоштасқан ғой, атамыз. Атам дін адамы болса да ақынжанды, өлең-жыр, қисса-дастандарды жатқа оқығанын, көп тоқығанын бізге айтып отыратын әңгімелерінен талай рет анық байқайтынбыз.

«Сұлтанмахмұт ауырып жатқанда көңілін сұрап бардым. Бұл менің ақынды соңғы рет көруім болды» деп отыратын. Ал Мәшһүр Жүсіппен бір ауылда, бұрынғы Жаңажол деген совхозда, қазіргі Мәшекең атымен аталатын ауылда тұрғанын еске алатын. «Жаяу Мұсаны көрдім, Қаныш Сәтбаевтың 1920 жылы Баянауылдың судьясына сайланғанын көрдім» деп еске алатын.

«Иә, Баянауылдың көп атақты адамдарымен дәмдес, сырлас, жора-жолдас болғанымды ұмыта алмаймын». Бұл менің атамның көп айтқан әңгімелерінің бірі ғана.

Тоғай бойына - Ертіс жағасына астық, нан бар деген соң келгеніміз ғой.

- Бұл, балам, тағдырдың жазуы ғой. Әрі қарай тыңдай отыр, - деп өзі жазған өлең жолдарын оқып беретін:

Айрылған ел-жұртынан мен бір сорлы,
Жас аққан көзімізден ғаріп-мұңлы.
Бұлбұл құс Гүлстаннан айрылған соң,
Бағасы болмайды екен торғай ғұрлы.
Жылында 32-нің елден көштім,
Қаракесек, Қарауыл келіп түстім.
Тұтқындай қолға түскен мүсәпір боп,
Жел аударған қаңбақтай болып ұштым.
Қарауыл келіп түстім даласына,
Тұзқала - Қара қала арасына.
Бір пенде танымайды мен байғұсты
Дамыл жоқ, жылай бердім көз жасымда.

Бұл қазіргі Лебяжі ауданындағы Тілектес ауылына көшіп келгендегі шығарған өлеңі екен.

Ертіс жағасындағы 40-50 шақты түтіні ғана бар шағын ауылдың тұрғындары атамды жатырқамастан жақын тарта бастаған. Ақыры осы ауылда 12 жыл тұрып, балаларын оқыту үшін Қызылқоғам ауылына қоныс аударған.

Атамекенім Баянауыл ауданының құрылғанына биыл 80 жыл толады. Менің де жасым 80-ге келеді екен. Ендеше мен Баянауылмен құрдас екенмін. Баянауылдың атын әлемге танытқан Қаныш аға, Шапық аға, Дихан баба тәрізді таңғажайып тұлғалармен бірге сол Торайғырдан 18 шақырым жердегі Қызылшілік ауылында (№10 ауыл) туып-өскенін әкем үнемі еске салып отыратын. Торайғырдан шыққан ондаған академиктердің есімдерін былай қойғанда, ақын-жазушыларының өзі халқымыздың есінде мәңгі сақталды. Оған бір ғана Қалижан Бекқожинді, қазақ журналистикасы кафедрасының меңгерушісі болған Қайыржан Бекқожинді, тағы басқа белгілі ұлдарын атасақ та жеткілікті.

Теледидардан, радиодан Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін тыңдағанда ойым сонау киелі атамекенім - Баянауылға ауып тұрады. Осы әнді тыңдаймын да, ойға қаламын. Атамекен! Сенімен мақтануға да, мадақтауға да жалықпас едім. «Егемен Қазақстан» газетінде осыдан 3 жыл бұрын жарияланған «Мен Қазақстанды Баянауыл ауданынсыз елестете алмаймын» деген Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабековтің сөзіне, берген бағасына ризашылығымды білдіремін.

Ал Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов 1961 жылғы «Жұлдыз» журналының 4 сәуірдегі санында жазған «Баянауыл» атты суреттемесі маған ерекше әсер етті. Ондағы автордың өз сөзін келтірейік: «Баянауылдың шипадай ауасы, шимандай жері өзінше бір дүние ғой, шіркін» деген сөзі есіме түседі. Елін, жерін сүйген Баянның елін көркем тілмен ғажайып суреттеген.

«Еңбек сүйген Баянның елін айтсайшы!

Қарттары қаумалап, жастары жабылып, Отан деген ой, өмір деген тілек, тыныштық деген тілеумен, егіні молайып, егізін көбейтіп, біреу екінің, екеу бесеудің қайратын көрсетіп отырғанын айтсайшы». Одан әрі жазушының ойымен байсалды, салмақты толғамдарымен қосыла отырып, «Атамекен» туралы қорытынды тұжырымды тағы да «Қазақстанның картасына көз салсаңыз, оның жұлдыздай көп ауылдарының арасында шолпандай жарқырап Баянауыл тұрмай ма?!» деген аталық батасымен аяқтағым келеді.

Баянауыл - ата-бабамның кіндік кескен жері туралы ойымды шығаруға бірден-бір түрткі болған жалғыз ғана «Атамекен» деген бір ауыз сөз. Иә, тәуба деп, бабалар рухына тағзым етемін!

Тұрсынбай ҒАБДІЗӘКІР немересі, Қазақстанның Құрметті журналисі.

saryarka-samaly.kz