Мен Баянауыл ауданы Теңдік ауылындағы академик Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-балабақша оқу–тәрбие кешенінде оқимын. Биыл 8-сыныпты бітіріп, 9-сыныпқа көштім. Қазір жазғы демалысқа шықтық. Ауыл баласы үшін жазғы демалыс еңбек маусымы десе де болады. Өйткені біз үй шаруашылығына көмектесеміз, қыздар үй жинап, ыдыс жуып, тамақ пісіріп, анамыздың қасында болсақ, ер балалар көбіне қой жайып, қозы-бұзауға қарап, суарып, үйге су тасып дегендей ата-анамызға қарайласамыз. Бұл – бір жағынан жақсы, еңбекпен есейген бала өскенде де еңбекқор болады.

Мен кішкентай кезімнен анамның қасында болып, үй шаруасына араласып өсіп келемін. Биылғы 7 маусымда 15 жасқа толдым. Есейіп қалдым, сондықтан бірінші рет қасиетті Ораза айында ауыз бекіттім. Оразада ауыз бекіту Аллаға құлшылық ету, екіншіден денсаулық үшін де пайдасы зор. Ауыз бекіткенде адам өзін өзі шыдамдылыққа баулиды, қиындыққа үйренеді. Сондай-ақ бұл күндері жаман сөз айтуға, теріс қылықтар жасауға болмайды. Таза жүріп, имандылыққа үйреніп, ізгілік істер жасауың керек. Жалпы, Ораза ұстаудың қай жағынан да пайдасы өте көп.

Ораза айы аяқталған соң мен Қарағанды және Екібастұз жақтағы туыстарымызға қонаққа барамын, аралаймын, жаңадан достар табамын.

Жазғы демалыста мен жылдағыдай әдеби кітаптар оқимын. Ол маған өте керек. Өйткені бала кезінен газет-журнал, ертегі, әдеби кітап оқыған бала ақылды, білімді болмақ. Сөздік қорың да көбейеді. Сондықтан кітаппен дос болу керек. «Айналайын» қосымшасын да оқып тұрамын және үнемі мақала жазуға тырысамын. Биыл «Айналайынның» жарық көргеніне 20 жыл толыпты. Бұл - көп уақыт. 20 жыл ішінде «Айналайынға» хат жазып, оны оқыған баланың саны қанша болды екен?! Мектепте оқыған кезінен «Айналайынмен» достасқан балалардың алды қазір тіпті отыз жастан асқан шығар. Меніңше, «Айналайын» көп баланың арманына қанат бітірді, жүздеген бала шығармашылықпен айналысты. Сондықтан «Айналайынның» оқырманы жылдан-жылға көбейіп, өнерлі, өнегелі жақсы оқушылардың да қатары арта берсін дегім келеді.

Аружан БОЛАТОВА, 8-сынып оқушысы, академик Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-балабақша оқу–тәрбие кешені, Теңдік ауылы, Баянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz