Біздің ауылды айнала тау қоршаған. Кішкене күнімізде ол таулар биік шыңдай, баурайы қорқынышты, қауіп-қатерге толы, арыстан, жолбарыстары өріп жүргендей көрінетін. Қорқатынымыз, тауды бөктерлей Саржал өзені сарқырайды. Сарқыраманың дауысы әсіресе түнде ұйқыға жатқанда қатты естілетін. Көктем туа таудан ағатын қар суымен күркіреп, сарала толқындары жолындағысын бұзып–жаратын Саржал жазда баяулап, ал сары күз келгенде жылап ағатын. Жаз ортасында жел соққанда шулайтын қалың қамыс, үкілі бөрік киген қыздардай майыса тербелетін. Саржалдың табиғаты әдемі болатын. Оң жақ қияда Қарақат сай болушы еді... Ол сайдан шілденің ортасы ауа қарақат теруші едік.

Есейіп, анау-мынаудан қорық-пайтын болған соң, тауға жиі баратын болдық. Бізді қызықтыратыны күн көзі жылт етісімен қылтиып қар астынан көрінетін бәйшешектер еді. Сосын таужуа. Таужуаны теріп, айранға турап жегендегі дәмі, иісі керемет енді. Кәдімгі дала иісі! Күн күркіремей тұрып, дала жуасын жеуге, суға шомылуға болмайтынын жақсы білеміз, үлкендер қатаң ескертетін. Сонда да тауға шығуға, өзен жағасында «тас жалақ» ойнауға құмармыз. Бұл таудың бір кереметі – етегінен төбесіне дейін қалың көкмайса, бір бұдыр, бір бұта не бір қиыршық тас жоқ, қолмен тазалап шыққандай тура. Көкмайса қалың, мақтадай жұп-жұмсақ, иісі жұпар. Аунай кетсең, бір ғажап. Аспандағы қазбауыр бұлт, бір орнында ноқаттай болып, қанат қағып, шырылдаған бозторғай, қанаты дір-дір еткен қызылды-жасылды көбелекті бақылап, шыр-шыр шегіртке үнін естіп, қиялға батып, бірауық тым-тырыс жатамыз. Ал қыста шанамен, шаңғымен сырғанағанда тасы, бөгеті жоқ тау бөктерінде жұлдыздай ағар едік. Әдемі еді сол шақ! Қызықты еді сол шақ!

Ерте жаздың басы. Күн күркірегенімен, әлі су қызған жоқ, тастай суық, Қарақат сайға баруға әлі ерте, піскен жоқ. Әдеттегідей көп бала тауға келдік. Ересек ұлдардың қолдарында жұқа көрпешелер бар. Олар бірауық «ләңгі» тепті, (ол кезде ұлдар осындай ойын ойнайтын, теріге құйылған қорғасынды өкшенің ішкі жағымен жерге түсірмей жоға-рыға тебеді, білуімше). Сол күні не түлен түрткенін, қайсысының ойлап тапқанын кім білсін, әйтеуір ләңгіден жеңілгендерін көрпешеге оқтаудай етіп орап, төменге қарай домалатып жібермек болыпты. Бұл қауіпті әрі қорқынышты ойын еді. Сонау тау басынан төмен қарай домалау деген... Сол күні күн ерте қызды. Бірақ тау үсті салқын ауа, саумал жел. Біз жуа теруге кірістік. Ұлдар жағы «ләңгіге» кірісті. Ойын соңына қарай жеңілгендері жеке топ болды, 5-6 бала. Жеңген балалар киіз басқанда шиге орайтын жүндей қылып, жеңілген алты баланы орап тастады, жіппен, сыммен байлады, көрпе ашылып кетпес үшін. Оралған қалпы домалай аунап тау етегіне бірінші болып жету керек. Тау етегіндегі мәреге «қызыл жалау» көтеріп екі бала кетті. Бірінші бала домалап жеткенде ысқырып, көтеріп, белгі бермек. Сол бала жеңген болып есептеледі. Бұл бізге бір жағынан қызық болды. Тамашалап тұрмыз. «Ал кеттік!». Көрпеге оралғандарды төменге қарай домалатып жіберді. Таудың қия беткейі, жазық емес, тіктеу, тіпті жүріп келе жатқанда домалап кетуің әбден мүмкін. Әне, «оқтау көрпелер» домалап барады. Тау басындағылар қиқуға басты, айғай, ысқырық! Осы кезде тау бөктерлеп келе жатқан бір отар қой көрінді. Сәске түсте суға құламақ. Қой соңында үлкендер «Далақ соқыр» дейтін шал. Өйткені ол өмір бойы шағыр атының үстінде қалғып, ұйықтап жүреді де, селк етіп көзін ашқанда «қайт-қайт» деп далақтап шапқан болады. Оның бұл айқайына алдындағы қойлары да, астындағы аты да үйренген, селт етпейді. Шабдар торы ондайда борқ-борқ желе шапқан болып, сосын кілт тоқтайды. Шал қайта ұйқыға кетеді. Ертеде осы ата қой күзеткенде мал базының үстінде ұйықтайды екен. Бір түнде қой дүр еткенде ұйқылы-ояу қалпы тұра жүгіріп, төбеден ұшып кетіпті, тегіс жерде жатырмын деп ойлап қалған ғой. Биіктен көріп тұрмыз, Далақ ата отар соңында иілген сұрақ белгісі құсап, қалғып келеді. Кенет, төбеден домалап келе жатқан қызылды-жасылды «оқтауларды», етекте жер астынан шыққандай желбіреген қызыл шүберекті көрген қой, дүр етіп қатты үрікті. Қойшының соңында келе жатқан екі-үш ит азан-қазан үріп қоя берді. Шал отырған шағыр ат бір-екі мөңкігенде ұйқылы-ояу отырған қойшы аттан сыпырылып түсіп қалды. Төңірек у-шу, азан-қазан болды. Бұл аздай, қарсы жақтан өзенге жақындап қалған тағы бір отар қой... олар да үрікті. Көзді-ашып жұмғанша екі отар мидай араласып кетті. Енесін іздеген қозы, қозысын іздеген қой, бақылдаған ешкі-теке, екі қойшының ырылдасқан иттерінің шуылы ауылға жетті. Ал тау басынан екпінмен домалап бара жатқан «оқтау көрпелерге» тоқтау жоқ. Аңырып қалған Далақ шал есін жиып, «Ой, әкеңнің» деп иттерімен тұра жүгірді. Бір-екі «оқтауды» «күтіп» алып, қамшысымен осып-осып жіберді. Ана қойшы ауылға тұра шапты.

Қызықтың көкесі басталды... Біз қорқып, тау айналып, қашып кеттік. Бірақ көпке бармай «қолға түстік». Ат-арбасымен әлдеқайдан келе жатқан «бригәт аға» (бригадир) алдымыздан шықты. Басына үнемі ақ шыт орамал тартып, ашуланғанда бір көзі ақиланып маңдайына шығып кететін бригәт бізді оңдырмады. Шырқ үйіріп, мидай араласқан қойға алып келді. Ауылдың адамдары да жетті. Екі отар қойдың бірі ауылдың жоғарғы жағының, бірі төменгі жағының меншік қойы екен. Әрқайсысында қозы-лағымен қоса есептегенде кем дегенде бес-алты жүз бас болып қалар. Сол күні іңір қараңғысы түскенше бүкіл ауыл болып, қой айырдық. «Жамандықты бастаған» ләңгіші ұлдар таяқ жеді. Көрпеге оранып, төмен қарай таудан домалағанда бастары айналып, құсып, мәңгіріп, естері шығып қалғандары да бар. Оларды да оңдырмады. «Кім бастады?», «Қайсыңның балаң...» ақырған ересектер, шаң-шұң еткен әйелдер, жылаған бала, маңыраған қой-қозы, шәу-шәу еткен иттер, бөліп қойған тұстан қайта-қайта бір-біріне шауып, есті алған қой-қозы... бүтін бір ауылдың бала-шағасынан бастап, қариясына дейін әбден әуреге салды. Қараңғылық қоюланып, тау үстінен Ай қараған кезде ғана бір қора қойымызды алға салып, үйге келдік. Сол күні біздің үйден бір қозы, лақтағалы жүрген бақылдауық сары ешкі жоғалды (Кейін ол ешкіні тауып алғанымыз да бір қызық оқиға болды).

Балалардың балалықпен жаса-ған осы бір есерлеу қылықтары дұрыс болмады. Ата-аналарды жерге қаратты, мұғалім ағайлар мен апайлар мектеп жиналысына салды. Ауыл қатты әбігер болды.

Алты айға созылатын қыстың сары аязы мен бұрқасынынан құтылып, күн көзіне жылынып, бұйығып, тым-тырыс жатқан тау бөктеріндегі ауыл тіршілігін сол оқиға бұзып жіберді, қой айыр-ғанның әңгімесі жаз бойы таусылған жоқ. Біреудің қозысы, біреудің қойы, біреудің лағы жоғалды. Ал балалардың жазасы тым ауыр еді, ата-аналар бәрімізді тау жаққа қия бастырмады, таужуа терілмей қалды, суға шомылу арманға айналды, сол жазда тіпті Қарақат сайдың да қызығын көре алмадық.

Ал көк майсалы тау бөктері сол оқиғадан кейін «Қойайырған» деп аталып кетіп еді...

Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz