- Айбүбі деген есімің қандай әдемі! Сені бәрі атасының баласы дейді екен, ә?!

- Әкем - Мұхтар, анам - Қарлығаш. Бірақ мен атамның баласымын. Атам ақын. Көп өлең жазады. Әжемнің аты - Шағангүл. Ол - мұғалім, көп оқиды.

- Жақсы екен. Өзің атаңның өлеңдерін оқисың ба?

- Оқимын. Абай ақынның, Мұқағали ақынның да өлеңдерін оқимын, жаттап алдым.

- Жарайсың, Айбүбі! Өскенде атаң секілді ақын боласың ба?

- Жоқ, мен дәрігер боламын, тіс емдеймін. Өйткені тіс дәрігерінің ақшасы көп болады дейді. Мен сол көп ақшамен тісі ауырған балалардың, барлық адамдардың тісін емдегім келеді... Анада атамның кітабы шықты. «Бесінші маусым жұпары» деп аталады.

- Иә, бәріміз естідік, қуандық. Ол кітап менде де бар. Құтты болсын! Содан...

- Содан Алматыда, Өскеменде, Семейде - үш қалада атамның өлең кеші өтті.

- Бәрекелді, Айбүбі, бәрін біледі екенсің ғой. Ақылды екенсің.

- Менің Айсұлтан, Айбике деген бауырларым - олар да ақылды. Айсұлтанға 2 жас 10 ай, Айбикенің туғанына 1 жыл 3 ай болды. Мен шашымды тарасам, Айбике де шашын тарай бастайды. Сосын...

- Тамаша! Бауырларың да өсіп қалыпты ғой. Айбүбі, біз атаңның кітабы туралы айтып отыр едік...

- Иә-иә. Атам көп өлеңдер жазады, көп оқиды. Маған да кітап оқытады. Алдымен маған кітап оқы дейді. Сосын көшеге қыдыртуға алып шығады, баққа барамыз, Ертістің жағасында қыдырамыз. Маған балмұздақ әпереді. Өйткені мен балмұздақты өте жақсы көремін. Атам маған арнап өлеңдер жазған. Біреуін оқып берейінші...

- Оқи ғой.

- Міне, мынадай... Бұл өлеңді «Айбүбі (Көкәләй)» деп атаған.

Сәби тілінде сөйлеп әр кептер,
Өтті ғой талай зер-көктем!
Әкеңді де сенің Айбөшім,
Алақаныма салып тербеткем.
Үніңнен шөбі семірген,
Өзгеше жұпар өмір - Мен!
Жамандықтардың бәрін бездірдім,
Жаялығыңды да жалау еткен көңілмен.
Тыраулатпай да мұңның тырнасын
Білем ғой уақыт тұрмасын.
Қалбалақ қағады соңыңнан
Ханға да сәлем бермес бұл басым.
Сен үшін ғана, немерем,
Санамда қаулайды көк-өлең!
Суға түскен бейнең түгілі,
Уға түскен көлеңкеңді де өбер ем!..

- Тамаша! Өте керемет, саған деген сағынышпен өрілген өлең екен. Қандай бақыттысың, Айбүбі! Осындай өлең шығарған атаң бар... мен саған қатты қызығып отырмын.

- А... сіздің атаңыз өлең жазбады ма?

- Жоқ. Менің атам алысқа кетіп қалыпты, өлең жазып бере алмады. Ал, Айбүбі, «Айналайынға» не айтар едің?

- «Айналайынға» айтатыным көп. Барлық балалар хат жазып тұрсын, көп суреттер салсын, ақылды болып, өлеңдер жаттасын. Мен Абай атаның «Ғылым таппай мақтанба» және Мұқағали атаның «Отан» деген өлеңдерін жатқа айтамын. Бәріміз де осындай өлеңдерді білуге тиіспіз. Сау болыңдар, балалар!

- Аман бол, Айбүбі! Талабыңа нұр жаусын!

Әңгімелескен - С.ТАУҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz