Медицинада ең күрделісі – хирургия саласы. Аталмыш оқуды тәмамдағандардың көпшілігі осы салаға баруға жүрексінеді. Талғат Иманбеков Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінде білім алып, 2002 жылы №1 Павлодар қалалық ауруханаға қызметке орналасады. Сол уақыттан бері 16 жыл табан аудармай еңбек етіп келе жатқан білікті дәрігер бүгінде политравма бөлімшесінің жақ-бет хирургі болып жұмыс істейді. Ол аталмыш саланы отбасылық мұраты деп біледі. Себебі Талғат Қайроллаұлының анасы - бала мен ана өмірі үшін арпалысқан ардақты дәрігер болған адам. Бұл жолды туған әпкесі де қуып, бүгінде Астана қаласында еңбек етуде. Талғат Иманбеков медицина саласын мамандықтың төресі санайды.

- Кез келген қызметтің қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Өзім таңдаған мамандығымды ерекше жақсы көремін. Өз ісіме үлкен жауапкершілікпен қараймын. Себебі мен адамның тағдыры үшін жауап беремін. Күніне кем дегенде 2 ота жасауға қатысамын. Операцияға жатқан әрбір адам жақын туысқаның іспетті. Өйткені оның өмірі дәрігердің қолында. Ота жасалып жатқан адамның жұдырықтай жүрегінің соғысы маған рух сыйлайды, - дейді ол.

Талғат Қайроллаұлы жарақат алған, жол апаты кезінде ауыр жағдайға ұшырап, бет-жағы сынған адамдарды емдейді. Оның сөзінше, күніне осындай оқыс жағдайға тап болған 4-5 адам ауруханаға түседі. Ауыр халде жатқандарға түннің кез келген уақытында ота жасалады.

- Осы мекеме маған үлкен мектеп болды. Небір күрделі операцияларды осында игеріп, заманауи медициналық құрылғылардың тілін меңгердім. Қызметке орналасқан шақта бас дәрігер болған Алмагүл Нұркина мен қазіргі бас дәрігер Советхан Смақовқа шексіз алғысымды білдіремін. Мамандығымның арқасында талай адамның өмірін арашалап, алғысына ие болдым. Жұртшылықтың алғысын алғанда ота кезіндегі қиналысыңды лезде ұмытып кетесің, - дейді дәрігер.

Талғат Иманбеков оқыс жағдайлар жаз мезгілінде көп орын алатынын айтады. Себебі бұл - түнгі уақытта адамдар жиі серуендейтін мезгіл. Тіпті, ащы су ішіп төбелес ұйымдастыратындар да осы уақытта көп кездеседі. Сондықтан дәрігер жазғы демалыс кезінде тұрғындарды барынша сақ болуға шақырады.

Бүгінде білікті дәрігер жары екеуі 2 баланы тәрбиелеп отырған ардақты ата-ана.

Политравма бөлімшесінің меңгерушісі Кеңес Әкілжановтың есімі де көпке жақсы таныс. Еңбек жолын 2003 жылы бастаған травматолог талай науқастың өміріне араша түсті. Әсіресе, 20-ға жуық баланы өлімнен аман алып қалған баянауылдық полицей Мұрат Нұрсейітовті емдеген де осы дәрігер. Кеңес Рахметоллаұлы қырағы тәртіп сақшысының сол сәтте ауруханаға ауыр халде түскенін айтады. 10 күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан Мұрат Нұрсейітовтің өмірін сақтап қалу үшін Кеңес Әкілжанов жанын салған.

- Қызмет барысында көптеген жағдайға тап боламыз. Жол-көлік оқиғасына ұшырағандар, биіктен құлағандар, құрылыс барысында жазатайым оқиғаға ұшырағандардың барлығы біздің бөлімге түседі. Яғни, біз өте ауыр халде жатқан науқастарды емдейміз. Бастысы антымызға адал болып, сырқаттанғандарға өмір сыйласақ болғаны. Жуырда Мұрат Нұрсейітов ауруханамызға келіп, алғысын білдіріп кетті. Жұмысқа қайта кірісетінін айтты. Талай баланың өмірін құтқарған полицейдің ғұмырын ұзартқанымыздың өзі - үлкен бақыт! - дейді ол.

Кеңес Әкілжановтың анасы балалар дәрігері екен. Ата-анасынан тәлім-тәрбие алып, отбасылық жолды қуған ақ желеңді жандардың еңбектері баршаға үлгі болуы тиіс!

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz