Ұлттық өнер төріне жаңа есімдерді шығарып, асыл қазынамызды халықара-лық деңгейде насихаттайтын ауқымды жоба үздік күйшілер мен термешілерді іріктеп, қазақтың төл өнерін заман тынысына сай жаңғыртуды көздейді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ұлттық болмысымызды боямасыз көрсетіп, рухымызды көтеретін халықаралық жоба әрбір қазақтың санасына сәуле түсіреді.

- Ұлттық өнерді заманға сай жаң-ғыртып, әлемдік сахна деңгейіне жеткізу, сол арқылы елдің бет-бейнесін таныту - жобаның мақсаты. Маңызы бар тың жоба ұлттық өнерді ұлықтап, өрісін кеңейтуге әсер ететіні хақ. Әрине, бұған дейін қазақтың музыкасы арқылы әлемді мойындатқан өнерпаздарымыз болды. Әріде Париж сахнасында ән салып, халықтың ықы-ласына бөленген Әміренің әнді түр-лендіріп, өзінше шырқау шеберлігі дүйім жұртты таң қалдырған еді. Міне, атақты әншінің ізін жалғаушылар өсіп келеді. Бүгінгі қатысушылардың арасында тамылжыта ән салып, дала күйін құйқылжыта орындағандар көп болды. Бұл - қуанарлық жайт, - дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбеков.

Сондай-ақ, Ардақ Райымбеков биылғы жобаның ұйымдастыры-луында айтарлықтай өзгешеліктер барын атап өтті. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға бағытталған этноауылда өткізілген жоба жұртшылыққа ерекше әсер береді, дейді ол.

Биыл аймақтық кезеңге 18 бен 40 жас аралығындағы 35 өнерпаз қатысып, дәстүрлі ән, күй, терме номинациялары бойынша үш бағытта бақ сынады. Сахна төріндегі үміткерлердің киімі қазақы үлгіде нақышталған. Дүбірлі байқауда қатысушылар халық композиторларының туындылары мен халық әндерін домбыра, қобыз, сырнай аспаптарының сүйемелдеуінде орындап, жиналғандардың қошеметіне бөленді. Жұртшылық бұл кеште дәстүрлі әнге құлақ түріп, терме мен күйден сусындады. Шоқтығы биік Құрманғазы, Қазанғап, Тәттімбеттердің күйлері кең даланы кернеді. Бағын сынамаққа келген қатысушылар қарымын Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері, өнер майталмандары бағалады.

Осылайша, «Дәстүрлі ән» номинация-сында Успен ауданынан келген Жалын Құнанбайдың бағы жанып, республика-лық кезеңге жолдама алды. Ал «Күй» номинациясы бойынша баянауылдық Ернат Мотышев қанжығасына бас жүлдені байласа, оның жерлесі Нұрлан Сейітов Нұрымның термесін орындап, жеңіс тұғырынан көрінді. Олар енді Астана қаласында өтетін финалдық жарыста бақ сынайтын болады.


Нұрлан СЕЙІТОВ, «Терме» номинациясы бойынша жеңімпаз:
- Нұрым жыраудың «Айтулы жүйрік мен едім» термесін орындадым. Бүгінгі додада бас жүлде бұйырды. Бұл жоба қазақ халқының мәдениетін жаңғыртуға, кенжелеп қалған өнерімізді дамытуға зор үлес қосады. Жастарға рух беретін, қанаттандыратын дода болды. Өңіріміздің намысын республикалық деңгейде қорғайтыныма қуаныштымын.


Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz