Взвод командирі, полиция кіші сержанты Бердібек Даяндахтың айтуынша, жылқылар Астана қаласынан әкелінген. Атты полицейлер взводы қаланың оңтүстік бөлігінде орналасқан «Южный» саяжай шаруашылығы аумағында қоғамдық тәртіпті қадағалайтын болады.

- Павлодар облысының ішкі істер департаменті бастығының бастамасымен жол-патрульдік қызмет батальонында атты полиция взводы ашылды. Басты міндет – саябақтар мен саяжайларда қылмысқа жол бермеу. Құқықбұзушылық орын алған жағдайда қылмыскерлерді ізін суытпай құрықтап, тәртіптің сақталуын қадағалау қажет. Қазіргі уақытта Астана қаласынан 15 тұлпар әкелінді. Қазақы тұлпарлардың барлығы қолға үйретілген. Аттардың күтімімен полицейлер айналысады. Барлық сақшылар тыныштықты арнайы кестеге сәйкес күзететін болады. Саяжай аумағында құқықбұзушы-лыққа жол бермеу үшін бар күшімізді саламыз, - дейді ол.

Өткен жылы Павлодар қала-сындағы саяжайларда 157 құқық-бұзушылық орын алған. Оның ішінде 83 қылмыстың беті ашылмапты. Аталмыш жағдайдың 90 пайызы өзгенің мүлкін тонауға қатысты.

- Атты полиция взводы 3 ауысым бойынша жұмыс істейді. Яғни, сақшылар саяжайдағы тыныштықты таңғы, күндізгі және кешкі уақыттарда қадағалайды. Күнделікті «жорыққа» 12 қызметкер шығады. Белгіленген бағдарда екі-екіден жүреді. Олар алдымен саяжай аумағын аралап шығады. Қазіргі уақытта қараусыз қалған саябақтарда ұрлық-қарлық жиі орын алады. Тәртіп сақшылары саяжайлар маңындағы ұрлықты, әкімшілік құқық бұзушылық фактілерін анықтайды. Алдағы уақытта жылқылар саны 70-ке жетіп, полицейлер солтүстік бөлікте орналасқан саяжайлармен қатар Ертіс жиегіндегі тәртіпті де қадағалайтын болады. Болашақта саяжай аумағындағы ұрлық деңгейі азаяды деген ойдамыз, - дейді Павлодар қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің басшысы Арман Қаптаев.

Атты полиция взводы тек жылдың маусым мен қазан айларының аралығында, қызмет атқаратынын айта кетейік.

Атап өтерлігі, атты полиция взводы 90-шы жылдары Павлодар және Ақсу қалаларында болған.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz