Алайда әулет тектілігінен дарыған қабілетінің нәтижесінде жергілікті комитетті басқарды, ауылдастарының алды болып, колхоз мүшесі атанды. Ол баласы Хамзаның заман талабына сай білімді азамат болуын ойластырды. Сөйтіп, оны Омбы қаласына оқуға апарады. Бала Хамза 1938 жылы Қазақ педагогикалық училищесіне оқуға түсті. 1941 жылы училищені бітіру салтанаты кезінде фашистік Германияның КСРО-ға тұтқиылдан соғыс ашқаны жөніндегі суық хабар таралды. Училище түлектерінің бәрі әскери комиссариатқа келіп, Отан қорғауға өз еркімен баратындығы жөнінде жариялай бастады. Жас жігіт Хамза солардың қатарына қосылды. Туған жеріне барып, қоштасуға үлгерді. Сол жылы 20 мамырда оған әскерге шақыру хабарламасы келді. Әрине, майданға тікелей аттандырылған жоқ. Алдымен артиллериялық училищеде оқытылды, желтоқсан айында лейтенант шенін алған жас жігіт Орта Азия әскери округіндегі резерв қатарына қосылып, түрлі тыл бөлімшелерінде болды. Одан кейін оны ұшқыш жауынгерлердің құрамына жіберді. Хамза Махамбетұлы 1943 жылы Новгородқа жақын жердегі Солтүстік батыс майданының құрамында соғысқа қатысты. Бұл кезде Кеңес Одағының армиясы үлкен шығынға ұшырағанымен, гитлершілердің қоршауда қалған тобына қирата соққы берген еді. Демянск ауданында гитлершілдердің әуе күші басымдықта болғандықтан, шайқас өте ауыр болыпты. Фашистердің әуе шабуылының бірінде Хамза Махамбетұлы аяғынан жараланады. Ауруханада емделу кезінде оған әскер қатарына жарамсыз деген медициналық анықтама беріледі. Қолына таяқ ұстаған Хамаң өзінің туған ауылы – Марьяновкаға оралады. Ауылда ол жергілікті мектептің әскери жетекші-мұғалімі болды. Балалар кеудесінде Қызыл Жұлдыз ордені бар ұстаздарын мұқият тындайды. Қан майданның зардабына ұшыраған, бейбіт өмірдің қызығын енді ғана байыптай бастаған Хамзаның дүниетанымдық көзқарасындағы оң бағытты байқаған жергілікті партия комитетінің басшылары ұстаздық қызметті атқарған төрт айдан кейін оны аудандық партия комитетінің әскери бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындайды. Ал Отан соғысы аяқталған кезде Хамза Махамбетұлы Омбы облыстық партия комитетінің нұсқаушысы қызметіне шақырылады. Сол жылы болашақ өмірлік отбасылық серігі – жас мұғалім Күлшара Шотбаевамен танысады. Шаңырақ көтерген шақтардан бастап жас отаудың отбасылық ғұмырына көпшілік сүйсінетін. Олардың мейірімді құшағында Жұмабай, Мұхтар, Майра, Марат, Абзал есімді ұлдар мен қыз өсіп жетілді. Ал қызы Майраның туған күнін атап өткен кезде отағасы Хамза Махамбетұлы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы болып қызмет істеп жүр еді. «Қыз - береке бастауы» дейтін олар. Хамаң ағасы Ғаббастың қызы, телестудияның білікті режиссері Ақмарал Шотанованы керемет құрметтейтін. Партия қызметтеріндегі лауазымның жауапкершілігін сезінген, мойындаған Хамаң Москвадағы КПСС Орталық Комитетінің Жоғары партия мектебінде білім алуды ұйғарады. Оның бұл ойы қабылданып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Қаулысы бойынша осы Жоғары мектепке оқуға жіберіледі. Оқуды үздік бітірген Хамза Махамбетұлы Гурьев облыстық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушілік қызметіне, ал 1935 жылы 35 жасында ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің насихат және үгіт бөлімі меңгерушісінің орынбасары лауазымына тағайындалады. Бұл кезеңде ол Қазақстан билігіндегі ірі тұлғалармен ел қамы, халық тағдыры жайында пікір алмасып, күрделі саяси-әлеуметтік, білім беру, мәдениет салалары бойынша мәселелерді жүзеге асыруда пайымды амалдар жасады. Павлодарда ол халық депутаттары облыстық атқару комитетінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Аталған лауазымды атқару барысында да облыс тұрғындарының рухани мүддесіне сай күрделі мәселелерді жүзеге асыруға белсене араласты. Атап айтқанда, тың игеру кезінде жаппай жабыла бастаған қазақ мектептерінің орнына орыс тілінде оқыту мектебі ашылғаны өткенімізден белгілі. Сол кезде шалғай ауылдағы қазақ отбасыларының балаларына қазақ тілінде білім беру үшін облыс орталығында №3 мектеп-интернат ашу мәселесін ұсынған болатын. Алайда бұл ұсынысқа бөгет болушылар да табылды. Бұл тұста Хамза Махамбетұлын сол кездегі ел болашағының қамқоршысы болып жүретін халық депутаттары облыстық атқару комитетінің төрағасы Жұмабек Жанғозиннің қолдап, азаматтық батыл әрекеті себеп болып, №3 мектеп-интернат ашылған еді.

Хамза Махамбетұлының ғұмыр дерегі тарихи мазмұнда өтті. Ол - өзінің бойындағы туа біткен талантын бақылай алатын, өзін-өзі зерделей алатын, мұны күнделікті кәсіби өмірінде іске асыруға қабілетті азамат болды. Атқарған билік лауазымдарының бәрінде ол талантты, халықтық психология ұғымын тереңдей бойлай алатын дарындылық қасиеті бар тұлға ретінде айқындала білді. Оның даралығы, басқарушылық шеберлігі, өнегесі 1963 жылы 9 наурызда Павлодар облыстық радиокомитеттің төрағасы болған кезде айқын көрініс берді. Бұдан екі жылдан соң радиоға телевидение қосылып, облыстық телевидение мен радиохабарларын тарату жөніндегі облыстық басқарма төрағасы болып тағайындалды. Мекеме Марғұлан көшесіндегі бөлмелері тар, қызметке өте қолайсыз үйге жайғастырылды. Ол кезде Вадим Бороздин бас редактор болды. Қызметтің техникалық бөлігін Болатхан Сейітқалиев атқарды. Павлодар үшін бұл шақта теледидар жете таныс қызмет емес еді. Хамза Махамбетұлы барлық техникалық та, шығармашылық та жұмыстарды жеделдетудің қамына кірісті. Журналистік мамандықты игерген дипломды журналис-тер қатары аз еді. Ол қызметке жергілікті журналистерді, жоғары білімді мұғалімдерді және мәдени қызметкерлерді қабылдау мақсатында конкурс ұйымдастырып, таланттыларды іріктеді. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1961 жылғы 28 ақпанда телеорталық құрылысын салу жөніндегі Қаулысы қабылданған соң, ғимарат құрылысы мен 180 метр болатын телемұнарасын монтаждау жұмыстары жүргізілді. Бұл істе Хамаң телеорталықтың хабарлар тарату орталығының директоры Олег Лебедевтің іскерлік қабілетіне ризашылық білдіріп отыратын.

Хамза Махамбетұлының өмір жолына одан әрі зер салып, ой толғағанда жеке тұлғалық қабілеттің, азаматтық құндылықтың болашаққа апарар бағытының өзегі айқындала түсті. Мен, онымен алты жыл бірге, ол басқарған Павлодар облыстық телерадио комитеттің редакторы, аға редакторы, бас редакторы болып қызмет істедім. Телерадио мекемесінің штаттық босағасын аттап, төрағаның кабинетіне алғаш рет кіргенімде, табиғатынан ірі денелі тұлғасына қарамастан, орнынан жедел тұрып, жылы жүзбен қарсы алғаны әлі күнге дейін маған шығармашылық екпін беріп келеді. Бұл оның ата-ана әулетінен бойына тараған тұлғалық мәдениетінің өміршеңдігі деп түсінемін. Халқымыздың: «Адалдық жүрген жерде, адамдық жүреді», – деген даналықты Хамаңдай ірі тұлғалардың өмірін көрген ойшылдардың парасатты түйіні болар деп те ойлаймын. Хамаңның кісітану қасиеті де - туа біткен дарындылық, әрине, мұндай даралық өмір тәжірибесінен де жетілетін болар. Алайда, ата-әже өнегесінен, әке қасиетінен, ананың ақ сүтінен дарыған ақыл бала бойында өсе келе жетілетіні де Хамаңдай сабырлы жандар пейілінен сезіледі, оқылады, жас ұрпаққа таралады, болашаққа бағдар осындай көрегендіктен айқындалады деп те айта аламын.

Телерадио журналистері, режис-серлері мен операторлары қай заманда болса да өзіндік шығар-машылық еркіндікті қалайды. Шығар-машылық өнімнің ұдайы сапалы болуын қамтамасыз ету үшін ол журналистерге, жалпы шығарма-шылық топтарға еркін ойлау мүмкін-дігін жасайтын. Әсіресе, апталық лездемелерде сараптамалардың сауатты, мазмұнды шығуына бағыт беруге шебер еді. Ресми белгіленген кезекші сараптамашылардың апталық лездемелердегі талдауларына қарама-қайшы пікірлер туындай қалса, ол төрелік айтуды бас мамандардан күтетін. Сараптамаларда қайшы-лықтар қайталана бастаған кезде ғана оқиға түйінін өзі жасайтын. Хамаң хабар жүргізушісінің киген киімдері хабар кейіпкерлерінің бой түзеуімен сәйкес келуіне көңіл бөлудің қажеттілігін ескертіп отырушы еді. Әсіресе, мерекелік хабарлар жүргізушісінің кеудесіндегі марапат дәрежесі студия мейманының марапатынан жоғары болмауын ескертетін. Оның бұл пайымы да шығармашылық топтарды кішіпейілділіктің, кісітанудың, ізгіліктің өлшемін салмақтай білуге құлшындыратын. Хамаңның басшы-лық қызметіндегі жоғары қабілетін ұжым мүшелерінің бәрі мойындайтын. Өзінің пікірін ғана дұрыс деп, асығыс ойлайтындардың өзі Хамаңның алдында сол тақырып бойынша әңгімеден, пікір алмасудан кейін шынында «он прав» деп қателіктерін мойындап жүретін. Ұжымдағы барлық мәселелердің барысы жайында бас мамандар: В.Чалышев, В.Хижняк, К.Тюрин, И.Кононенко, Р.Балтабаевтардың пікірлеріне көңіл бөлетін еді. Хамаң журналистер, режиссерлер және операторлар, тіпті, ұжымның басқа барлық мүшелерінің пікірілерін тыңдауға ерекше мән беретін. Ол кезде облыстық телерадио комитеті мен телеорталықтың құрамында 120-дан астам адам қызмет етті. Ол солардың бәрінің қамын ойлауды ұмытпайтын. Ол күнделікті қызметте сен бүгінгі, кешегі тапсырмаларды ұмытқан жоқсың ба? Оны қалай орындайын деп жүрсің? Қандай кедергілер бар? Жоғары биліктің, сол кездегі партияның тапсырмаларынан ойдан тыс қалған жұмыстар жоқ па? т.б. сауалдарды қойып, мазаламайтын. Мұндай жұмыстардың жауаптылығын алдына ала жасалатын жеке әңгімелер тақырыбы арқылы ғана еске алынатын. Бас редакциялардың ай сайынғы және тоқсандық жоспарларын бекітуді орынбасарына ресми мәнде жүктеді. Ал хабар сценарийлерін бекітіп, эфирге шығару рұқсатының жауапкершілігі бас редакторлардың басты міндеттері ретінде бекітілді. Аудиторияның, кейде жоғары биліктің наразылықтарына жауап беру де бас редакторларға жүктелді. Бас мамандарға гонорар бөлуде әділ болуды тапсыратын.

Хамаң әр шығармашылық адамы-ның жоғары қабілеттік деңгейін анықтап, оларды дер кезінде қолдауды ұмытпайтын. Штат бойынша облыстық комитеттерде қазақ және орыс тілінде радио хабарларын таратудың екі және теледидарда қазақ және орыс тілінде хабарлар таратудың екі бас редактор лауазымы бар. Сондықтан журналистер билікке жармасудан гөрі шығармашылық деңгейде өсудің, аудитория алдында беделге жетудің өміршеңдігін саналы түрде түсінетін болды.

Мұндай іскерлік - жемісті нәтижеге жеткізді. Басқару, ұйым-дастыру шеберлігі мығым Хамза Махамбетұлының жетекшілік кезінде Павлодар облыстық телерадио комитеті Республика бойынша озық студиялардың қатарында қызмет көрсетті. Студияның 5 журналисі және режиссері КСРО теледидары және радио үздігі, көпшілігі республикалық «Жолдас» фестивалінің лауреаттары атанды. Шығармашылық топтарының бүкілодақтық құры-лыстардан дайындаған хабарлары республикалық эфирден көрсетілді. Басқарудың Хамзалық тәсілін одан кейінгі төраға болған Мұрат Мұсайбекұлы Әбдірахманов та қолданды. Ұжымның партия ұйымының хатшысы ретінде менімен адамдарға қажетті әлеуметтік көмек мәселесі бойынша ақылдасып отырушы еді.

– Хамза Махамбетұлының осындай басшылық шеберлігіне риза болып, кейде мен, Хама, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеттерінің бюро мүшелігіне адамдардың қандай қасиеттері бойынша таңдалып, сайланады екен деп ойлап жүруші едім. Соның жауабын таптым дедім.

– Иә, қалай таңдалады екен? – деп сұрады.

– Сіз сияқты жан-жақты ойлай алатын ақылды адамдардан ірік-теледі екен-ау! – дедім.

– Неге қозғалмай отырсың, міне, телефон, звондасайшы, – деген сабырлы әзілі, нұрланып, күлімдеген ризалық жүзі осы уақытқа дейін менің санамда. Мұндай ардақты жанмен сырласқандардың бәрі қазақтың: «Ала жіпті аттамағанның абыройы биік», – дейтін мәңгілік ізгілікті айқындайтын парасатты ұғымды еске алатыны өміртану заңдылығы болар.

Хамза Махамбетұлының тұл-ғалық даралығын ерекшелеуде оған сенім қуаты демеу болған деп ойлаймын. Өйткені оның өзі туған, өскен ортасындағы, өмірлік ақиқатты айқындаудағы көзқарасы берік те сенімді еді. Ол жұртшылық қажеттіліктерін өтеуді өзі және көпшілік болып орындауда, алдымен жан-жақты түйінделген дүниетанымдық көзқарастардың беріктігіне, шығармашылық топтар-дың тұлғалық қабілеттеріне, ақыл-ойларының өміршеңдігіне сенді. Сенім оның нақты іс-әрекеті мен тәжірибесінің жемісі еді. Сенім күші оны Елінің кемел тұлғасы атандырды.

Ж.БИЖАН, КСРО Теледидары және радио үздігі, Қазақстанның Құрметті журналисі.

saryarka-samaly.kz