Халқымызда «Бір жол бар жақын, жақын да болса алыс. Бір жол бар алыс, алыс та болса жақын» деген тәмсіл бар. Мұның мәнісі - жол нашар болса, қаншалықты жақын болса да, жолаушы жол азабын тартып, жетер жеріне жеткенше сағаттап жүруіне тура келеді. Ал жол тақтайдай болса кідірмей, алыс болса да жетер жеріне жүйтки жетеді, уақытын үнемдейді, қиындық көрмейді. Мемлекет қолға алып отырған қазіргі міндет - осы алыс, жақын бағыттардың бәріне де жақсы, жайлы жол салу. Бұл - әлеуметтік маңызы бар мәселе. Сондықтан да, бұл салаға жыл сайын орасан қаржы бөлініп келеді.

Иә, жол - экономиканың күретамыры. Сондай-ақ, ол еларалық қарым-қатынас арқылы дамитын әлеуметтік-мәдени байланыстың алтын арқауы. Алыс-беріс, барыс-келіс жағдайында жолдың тегіс, көліктер қозғалысына қолайлы болуы маңызды. Биыл өңірімізде аталмыш салаға айрықша мән берілуде.

Осыдан бірнеше жыл бұрын жергілікті тұрғындар ойқы-шойқы жолдардың азабын тартқан еді. Жыл сайын тозығы жеткен жолдарды жөндеуге миллиондаған қаржы бөлініп жатса да, шұрық-тесік жолдардың жыры бітпеді. Діттеген жеріңе жеткенше мазаң кетіп, құтың қашатын. Жөндеусіз жолдың кесірінен талай жолаушы жолда қалса, енді бірі апатқа ұшырады. Дегенмен, бүгінгі таңда бұл олқылықтың орны толтырылуда. Облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ермұрат Нұрханов жол инфрақұрылымын жетілдіру бағытында жүйелі жұмыс атқарылып жатқанын айтады.

Жалпы, облыс аумағындағы жолдардың ұзындығы 3 778,3 шақырымды құрайды. Оның ішінде 975,0 шақырымы облыстық маңызы бар жол болса, 2 803,3 шақырымы - аудандық маңызға ие жолдар. Ағымдағы жылы өңірімізде маңызы бар жолдарды жөндеуге 12,4 млрд. теңге қарастырылып отыр. Оның 7,3 млрд. теңгесі облыстың қазынасынан, 5,1 млрд. теңгесі республикалық бюджеттен бөлінген. Жалпы, аталған сомаға 462 шақырым жолдың жағдайын жақсарту көзделген. Басқарма басшысының айтуынша, бұл қаражат былтырғы қаржы көлемінен 2 млрд. теңгеге артық. Ендігі кезек жол құрылысын сапалы жүргізу. Жұмысқа қажетті мамандар мен техникалар да жеткілікті. Жол жөндеу жұмыстарын жүйелі жүргізу үшін арнайы кесте әзірленген. Бұл уақытты да тиімді пайдалануға мүмкіндік бермек.

Қазіргі таңда аймағымыздағы жол-дардың қанағаттанарлық қалыптағы үлесі 78 пайызды құрайды. Ермұрат Сапарбекұлы бұл межені 2020 жылға дейін 90 пайызға жеткізу көзделгенін айтады. Биыл жалпы облыстық маңызы бар 116,1 шақырым жол жөнделмек. Соның ішінде 3 учаске бойынша 48 шақырым жол қайта қалпына келтірілсе, 68,1 шақырым жол орташа жөндеуден өтпек. Бұл мақсатқа 4,5 млрд. теңге қаражат жұмсалады. Мәселен, 23 шақырым Чернорецк-Ольгин-Успен-Шарбақты бағытындағы автожолда қазір жұмыс қызу. Өткен жылы бұл жолдың 9 шақырымы жаңартылып, ел игілігіне тапсырылыпты. Мерді-гері - «Гордострой ӨКФ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

- Қазіргі таңда ұзындығы 68,1 шақырымдық жол болатын 8 учаскеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал аудандық маңызы бар 345,9 шақырым жолда ағымдағы жөндеу жұмыстары басталды. Оның ішінде 60,6 шақырым жол күрделі жөнделіп, 285,3 шақырымға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Айта кетейін, биыл 3 учаскеге айрықша мән беріп отырмыз. Ол - Екібастұз қаласының ауылдық аймағы мен Баянауыл ауданы, - дейді Е.Нұрханов.

Басқарма басшысының айтуынша, биыл жөнделетін облыстық маңыздағы жолдардың 114 шақырымы ресайклинг, яғни қайта жөндеу тәсілімен ретке келтіріледі. Осылайша, ескі асфальтті кәдеге жаратуға мүмкіндік бар. Бұл - қуатты үнемдеу жағынан да, қоршаған ортаны қорғау жағынан да маңызды. Сондай-ақ, аталған әдіс асфальт-бетон жабынының қызметін орташа алғанда 3-5 жылға ұзартады. Тың тәсіл мамандар үшін аса тиімді.

Жалпы, салынар жолдың сапасы да мамандар назарынан тыс қалған емес. Мұнда мердігерлер жұмысы жүйелі қадағаланады. Жол салу мен жөндеу жұмыстары алдымен авторлық қадағалаудан өтеді, бұдан соң арнайы техникалық қадағалаушылардың сараптамасына тапсырылады. Ал жол жөндеу жұмыстары басталғанынан бастап, ел игілігіне берілгенге дейінгі атқарылар шаруаның барлығы басқарма маман-дарының да қатаң бақылауында болмақ. Байқап бақсақ, тексеріс жеткілікті, жұмыста да кемшілік болмас деген үміт те жоқ емес.

Жол жөндеуге арналған техникалар жеткілікті. Есесіне, осы техникалардың арқасында жұмыс өнімділігі артқан әрі біршама жеңілдей түскен. Мердігерлер құрылысқа ең сапалы деген материалдар мен озық технологияларды қолданып жатқандарын айтады. Олар жол жөндеу жұмыстары мерзімге сәйкес аяқталады деп сендірді.

Жалпы, биыл облыста жөнделетін жолдардың басым бөлігі Баянауыл ауданына тиесілі. Туристік өлкедегі жолдардың түлеуі дұрыс-ақ. Оның ішінде, аталмыш ауданды басып өтетін республикалық, облыстық маңыздағы жолдар да бар. Айта кетейік, өңірімізде республикалық маңызға ие жобалар да жүзеге асырылуда. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша қолға алынған ең ірі жобалардың бірі - «Орталық-Шығыс». Бұл бағыттағы жұмыстар 2010 жылдан бері жүргізіліп келеді. Көліктік дәліздің қайта жөндеу жұмыстары 2019 жылы толық аяқталады. Бүгінгі таңда жолдың 404 шақырымы ел игілігіне берілген. Ал соның ішінде «Астана-Павлодар» бағытындағы жол құрылысы да жүйелі жүргізілуде. Биыл осы бағыттағы 115 шақырымдық 4 жолақты жол қолданысқа беріледі. Қазіргі уақытта күре жол бойындағы құрылыс қарқынды жүргізілуде.

Екі жыл бойы тұралап қалған «Павлодар-Астана» бағытындағы жол бөлігінде бүгінде жұмыс қызу. Бұған дейін бұл бөлікте Қазақстандағы ауқымды жобаларды іске асырған ирандық ірі компания жұмыс істеген-ді. Алайда, жауапсыз мердігер жүктелген міндетті орындай алмады. Осының салдарынан 115 шақырым жолдың үш учаскесінде мәселе туындаған. Талаптардың орындалмауына байланысты 2017 жылы аталмыш компаниямен келісімшарт бұзылды. Қазір жауапсыз мердігерді басқа компаниялар алмастырған.

Жалпы, биыл жыл соңына дейін Астана-Павлодар, Павлодар-Семей бағытындағы 196 шақырым ашылмақ. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 55,3 млрд. теңге қаржы бөлінген. Бүгінде оның 16 пайызы игеріліпті.

Қайрат Кәрібаевтың айтуынша, Павлодар - Астана бағытындағы жолдың 215 шақырымына жол салу көзделген. 4 жолақты жол 100 шақырымды, 2 жолақты жол 115 шақырымды құрайды.

Жалпы, талай жылдан бері жұртшы-лықты мезі еткен мәселе бірер жылда шешімін таппақ. Жергілікті биліктегілер осылай дейді. Ендеше, сапа сенімнен шықса, тақтайдай тегіс жолмен зырлайтын күн де алыс емес.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz