Алдын алуға арналған

Отандық кәсіпкерлер үшін дамудың жаңа кезеңі басталды десе де болады. Осыдан бірер уақыт бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру бойынша заңға жария түрде қол қойған болатын. Бүгінде аталмыш маңызды құжаттағы жаңашылдықтар әр облыста кеңінен түсіндірілуде. Аймағымызға осы мақсатпен келген ҚР Ұлттық экономика Вице-министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, енді бизнестің екінші тынысы ашылады.

- Елбасымыз күнделікті жұмысында Үкімет, Парламент ұсынған көптеген заң жобасымен танысып, қол қойып жатады. Бірақ, Тәуелсіз Қазақстанның тарихында Мемлекет басшысының жария түрде, яғни ел алдында қол қойған заңы ілуде біреу ғана. Соның бірі – Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей тапсырмасымен құрылған кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру бойынша заң жобасы. Осыдан-ақ, елдегі кәсіпкерліктің дамуына қаншалықты көңіл бөлініп отырғанын айқын байқауға болады, - дейді С.Жұманғарин. Сондай-ақ, Вице-министрдің сөзіне сүйенсек, енгізілген өзгерістер мен толықтырулар саны бойынша да бұл – рекордты заң. Сонымен, қазақстандық кәсіпкерлер үшін мұның несі тиімді? Қандай жаңашылдықтары бар?

Жаңа заңның негізгі жаңалығының бірі – профилактикалық бақылаудың енгі-зілуі. Оған сәйкес, құзырлы орган өкілдері бизнес субъектісінде қандай да бір заң-бұзушылықты анықтаған жағдайда бірден бұрынғыдай қыруар айыппұл жазып, жазалай жөнелмейді. Алдымен кемшілікті жою туралы ескерту жасауға міндетті.

Сондай-ақ, мемлекеттік мекемелердің бақылау, қадағалау функциясы азайды. Осы уақытқа дейін кәсіпкерлерді титықтатып келген 114 бақылау шарасының бір-бірін қайталайтын және тиімділігін жойған 20-сы қысқартылған. Бизнес субъектілерін тексеру бойынша 30 497 талаптың 17 654-і күшін жойды. Мемлекеттік органдардың 544 бақы-лау және қадағалау қызметінің тұтынушы-лардың қауіпсіздігіне нұқсан келтірмейтін 108 қызмет түрі алынып тасталды.

- Бұдан бөлек, кәсіпкерлік нысандарына тексеріс жүргізу мерзімдерін қысқарттық. Бұрын бизнес субъектілеріне бас сұққан кейбір құзырлы орган өкілдері түрлі сылтау-ларды желеу етіп, оңайлықпен кетпейтін еді. Өкінішке қарай, кәсіпорындарда жарты жыл бойы тексеріс жүргізген фактілер де кездесті. Бұл кәсіпкерлердің жұмысының тұралап қалуына әкеліп соқтыратыны сөзсіз. Сондықтан заңдағы өзгерістерге сәйкес, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы тексерістердің мерзімін 30 күннен 15 күнге дейін, ал жоспарлы тексерісті 30 күннен 10 күнге дейін қысқартуды шештік, - дейді С.Жұманғарин.

Жалпы, мемлекеттік бақылау және қадағалауды реформалау бойынша шаралардың нәтижесінде биыл кәсіпкерлерді тексеру көрсеткіші 30 пайызға азаяды деп күтілуде. Ал 2020 жылға дейін ол тағы 10 пайызға қысқармақ.

Қағазбастылық қысқарады

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық бизнес өкілдерінің мемлекеттік мекемелермен жұмыс барысында орын алатын шығындарын қысқарту бойынша 71 ұсыныс әзірлеген. Оның ішінде квазимемлекеттік сала кәсіпорындарының көрсететін ақылы қызметтерін немесе олардың құнын қысқарту көзделген. Бұдан бөлек, қазынаға төленетін жекелей төлемдер мен салықтардың құнын төмендету, реттелетін коммуналдық қызметтерге деген тарифтерді, реттелетін коммуналдық қызметтерге деген тарифтерді біршама азайту мәселесі көтерілген. Табиғи монополиялар субъектілерінің реттелетін қызметтеріне қосылу үшін берілетін техникалық құжаттарды рәсімдеу үрдісін жетілдіру қажет. Кәсіпкерлерге қолбайлау болып отырған тағы бір мәселе – жер қатынастары саласындағы олқылықтар. Сондықтан алдағы уақытта жер телімдерін беру бағытындағы жұмыстар мейлінше жариялы түрде жүргізілмек. Әкімдіктер үшін жерлерді үлестіру бойынша тиісті аукциондарды өткізу мерзімдері заң жүзінде бекітілетін болады. Бұл аталған саладағы жемқорлықтың алдын алуға мүмкіндік береді, дейді мамандар.

Өкінішке қарай, отандық кәсіпкерлердің күні мемлекеттік органдар мен олардың қарамағындағы ұйымдарға қажетсіз есеп құжаттарын, түрлі анықтама қағаздарын дайындаумен өтеді. Бұл бүгінде үлкен әкімшілік кедергіге айналып отыр. Сондықтан аталған салаға мұқият зерттеу жүргізілген. Нәтижесінде, кәсіпкерлерден міндеттеліп алынса да ешқайда пайдаланылмайтын, мемлекеттік бақылау бағытында ешқандай қажеттілігі жоқ, бірін-бірі қайталайтын көптеген ақпараттық құжаттар анықталған. Осылайша, қазіргі кезде мемлекеттік органдарға тапсырылатын есеп қағаздары-ның санын 30 пайызға қысқарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Бәсекелестікке кедергі келтіретін заң нормаларына ревизия жүргізілген. Бұл ретте, кәсіпкерлік саласындағы ондаған кодекс, заңнамалық актілер мамандардың сүзгісінен өткен. Нәтижесінде, негізгі заңға 95 өзгеріс енгізілген. Олар бизнес субъектілері арасындағы қалыпты бәсекелестіктің туындауына кедергі келтіретін талаптарды жоюға бағытталған.

Сыйға - сый...

«Сиыр сипағанды білмейді» демекші, «еліміздің заң саласында бұрын-соңды болмаған осындай жеңілдіктерден кейін кәсіпкерлер арқасын кеңге салып, заңсыздықтарға көптеп жол бермей ме?» деген заңды сұрақ туындайды. Жауапты органдар бұл мәселені де ескеруге тырысқан. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен ҚР Ұлттық экономика министрлігі бизнестің жауапкершілігін арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныс әзірлеген. Соның ішінде өзін-өзі реттеу жүйесі енгізілген. Бұдан бөлек, елімізде тұтынушылардың құқығын қорғау жүйесін күшейту көзделіп отыр. Себебі, елдің қалыпты дамуы үшін мемлекеттік органдар мен бизнестің ғана емес, қоғамның да мүдделері бірдей қорғалуы тиіс.

Кәсіпкерлер палатасы бизнес нысандары үшін ұлттық рейтинг жүйесін құруды ұсынып отыр. Бұл кәсіпкерлер арасындағы бәсекелестікті арттыруға көмектеседі. Ал бәсекелестік бар жерде сапа да болады. Рейтинг тұтынушылардың пікірі, ресми қаржы есептері, тәуелсіз сараптамалардың нәтижесі бойынша түзілмек. Сондай-ақ, «атамекендегілер» бизнес өкілдерінің жауапкершілігін арттыру мақсатында «Кәсіпкерлердің этика және іскерлік тәртібі кодексін» құруды жоспарлауда.

Кәсіпкерлік туралы заңға енгізілген осынау өзгерістердің басты мақсаты - бизнесті реттеу саласында заңнаманы либеризациялау. Бұл ретте, жоғарыда атап өткендей, мемлекет тарапынан бақылау, қадағалау функциясы 30 пайызға азайып отыр. Маңызды басымдыққа құқықбұзу-шылықтың алдын алу институты ие болмақ.

Заңға енгізілген осы өзгерістердің барлығы елдегі кәсіпкерлік қызметті күшей-туге мол септігін тигізеді деген сенімдеміз.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz