Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару жасағы бастығының орынбасары Серік Шериязданов мәлім етті. Айтуынша, облыстағы ең алғашқы жағажай 4 маусымда Екібастұз қаласына қарасты Солнечный кентінде ашылған. Одан кейін шомылу маусымының талаптарына сай деп танылған орындар, яғни, облыс орталығындағы Усолка өзені мен Баянауыл ұлттық паркіндегі 10 жағажай ашылған. Маманның айтуынша, жағажай қауіпсіздік талаптарына сай болуы қажет. Өткен жылы осы талаптардың орындалмауына байланысты жоспарланған 31 су айдынының 24-і ғана жұмыс істеген.

Жергілікті полиция қызметінің мамандары судағы жазатайым жағдайларды ескертуге бағытталған рейдтік іс-шараларды жүргізуде. Бүгінде демалыс орындарындағы жағажайларда құтқару бекеттері орнатылып, қауіпсіздік шаралары қолға алынған. Сондай-ақ, департаментке қарасты жедел-құтқару жасағының 95 құтқарушысы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көшкен.

Қазіргі таңда Ақсу қаласындағы «Досуг-Сервис», сондай-ақ, Ақтоғай және Ертіс аудандарындағы жағажайлар зерттелуде. Оның қорытындысы бойынша шешім қабылданады. Егер су айдынының түбі таза, тиісті инфрақұрылым орнатылған болса, жақында аталмыш аудандардағы жағажайлар да ресми түрде қолданысқа беріледі. Павлодар ауданындағы Черноярка ауылы мен Ақсу кентінде жүргізілген зерттеу нәтижесі судың түбі таза екенін көрсеткен. Дегенмен, кейбір талаптардың орындалмауына байланысты әзірге шомылуға тыйым салынған.

Шомылу маусымымен бірге қауіп-қатердің де еселене түсетіні белгілі. Сондықтан мамандар тыйым салынған жерлерде шомылуды, суға түскенде жағажайдағы шектелген белгіден асып кетуге болмайтынын ескертеді. Алдағы уақытта төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері күн сайын тұрғындарға дыбыстық дабыл белгісі арқылы су температурасы және су ағымының жылдамдығы туралы хабарлайтын болады. Төтеншеліктер оқыс оқиғалардың басым көпшілігі рұқсат етілмеген орындарда шомылу және ішімдік ішу салдарынан орын алатынын айтады. Олар суға түсу кезінде сақтық шараларын қаперде ұстап, спирттік өнімді қолданбауды ескерткенмен, бұл сөзге құлақ аспайтындар кездеседі. Сондықтан мамандар үлкеннің де, кішінің де суға түсу кезінде аса сақ болу керектігін ескертеді.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz