- Бақытжамал Шақанқызы, өңірімізде алғаш рет тойланғалы отырған «Сабатой» қандай мейрам?

- Бұл мейрамды ұзақ жылдан кейін қайта тойлағалы отырмыз. Мұны біздің аймақтың алғашқы болып қолға алуының өзі - үлкен қуаныш.

«Сабатой» мерекесі – ежелгі бабатүркілік тәңірлік танымынан бастау алатын мейрам. Мұны Наурыздан кейінгі екінші мейрам ретінде атауға болады. «Сабатой» сөзі былғарыдан тігілген қымыз құюға арналған ыдыс - «саба» атауынан шыққан. Былай айтқанда қымыз тойы есебінде қарастыруға болады.

Мерекенің бұл атауы Қазақстанда ұмытылып қалғанымен, Сібірдегі көшпелі өмір салтын ұстанатын түркі жұрты үшін таңсық емес. Бір атап өтерлігі, бұл мейрамды қазіргі таңда біз атап өтіп жүрген «Қымызмұрындық» пен татарлардың «Сабан туйымен» шатастырып, салыстыруға болмайды.

- Неге?

- Себебі «Қымызмұрындық» мейрам емес, ол тек ғұрып. Ал «Сабан туй» башқұрт, татар халықтарында күзгі жиын-терін мейрамы болып табылады. «Сабан» сөзі түркі халықтарында күзгі егіннің сабағымен (солома) байланысты. Яғни, «Сабан туй» - күзгі мейрам. Ал «Сабатой» - 23 маусым күні аталып өтетін ұлық мейрам.

- Сөз басында Наурыздан кейінгі екінші мейрам ретінде қарауға болады дедіңіз. Баршамызға мәлім, Наурыз мерекесінде тек қана қазақ халқына тән бірқатар салт-дәстүрлер орындалады. Ал «Сабатойда» ше?

- Иә, бұл екі мейрамды бір-бірінен бөліп қарай алмаймыз. Мәселен, Наурыз мейрамында Жер-ана тоңынан жібіп, ел жаздың қамына кіріспейді ме?! Ал «Сабатой» мерекесінің мазмұнында халықтың жайлауға көшуі, көш басын тіреген мекенді аластауы, жерді ағарғанмен суару жоралғылары жасалады. Ал ауылдың жастары қыз бен жігіт айтысын тамашалап, алтыбақан басында жиналып, жамбы ату, көкпар тәрізді ұлттық ойындарымыз кеңінен насихатталады. Мұндағы аталған ғұрыптар мен ұлттық ойындарымыздың да аталмыш мейрамға қатысты өзіндік тарихы бар. Сонымен қатар, Наурыздан кейінгі мейрам деуімізге тағы бір дәлел - «Сабатойдың» бас кейіпкері Ұмай ана.

Айта кетейін, «Сабатойдың» атрибуттары саба, торсық болса мерекенің нышаны - қарлығаш құсы мен қызғалдақ.

- Бұл күні дастарқанда қандай тағамдар болуы керек?

- «Сабатойда» ұлттық тағам-дарымыздың қай-қайсысын да дастарқанға қойып, барынша кеңінен насихаттауымыз керек. Бұл күні ақ – сүт, қызыл – ет тағамдарын және көк – жеміс-жидек пен көкеністердің жәрмеңкесін ұйымдастыруға болады. Сонымен қатар «Сабатойда» дастарқанға мейлінше көп төгілген бауырсақ күннің сәулесін бейнелесе, жеті шелпек айдың нышаны болмақ.

- Мейрамды атап өтуге деген дайындықтарыңыз қызу жүріп жатқан тәрізді. «Сабатойдың» тарихына ой жүгірттік, ондағы салт-дәстүрлер мен тағам түрлеріне тоқталдық. Павлодарда өтетін бұл мейрамнан біз не көре аламыз?

- Осы орайда бізге «Сабатой» мейрамының жобасын жасап берген танымал мәдениеттанушы, этнолог Серік Ерғали екенін айта кеткен абзал. Алғашқы жыл болғандықтан кемшіліктердің болатыны анық. Дегенмен де, «Сабатойда» жасалуы тиіс барлық салт-дәстүрлердің көрсетілуін басты назарға алып отырмыз. Бұған Екібастұз қаласы мен Баянауыл ауданынан басқа аудан-қалалар толықтай қатысады. Әр елді мекенге жүктелген арнайы тапсырмалар бар. Мейрамның негізгі кейіпкері «Ұмай ана» бейнесіне орай аймақтық әжелер байқауы ұйымдастырылады және мерекеге келген аналар арасында құрақ көрпе мен қоржын тігуден де сайыс ұйымдастырып отырмыз. Бұл сол күні өтетін шаралардың бір бөлігі ғана.

- Бақытжамал Шақанқызы, бастаған істеріңіз оңынан болсын!

Сұхбаттасқан – Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ.

«Сабатой» мейрамы 23 маусым күні сағат 11.00-де қалалық Гагарин саябағында орналасқан этноауылда өтеді. Айтулы күннің қызығынан құр қалмаңыздар!

saryarka-samaly.kz