Экспедиция мүшелеріне баян-ауылдық атбегі, палуан Бақытжан Жүнісов пен шәкірті, жас шабандоз Нұрсұлтан Ақылбек жол бастап келді. Жасыбай демалыс аймағында оларды аудан билігінің өкілдері қарсы алып, мажарлық меймандарға ақ жол тіледі. Алыстан келген аттылар да алғыстарын жаудырды. Топ жетекшісі Берік Ақылбеков мұндай шараны 3 жыл қатарынан өткізуде. 2016 жылғы атты сапар ел егемендігінің 25 жылдығына, 2017 жылғы саяхат халықаралық мамандандырылған ЭКСПО көрме-сіне арналған болатын. Экспедиция Ақмола, Павлодар, Қарағанды облыстарындағы ұлттық парктер Бұйратау, Баянауыл және Қарқаралы арқылы өтеді, турдың жалпы ұзындығы – 600 шақырымды құрайды. Он адамнан құралған еріктілер тобы он күннен соң ат басын Қарқаралыға тіреп, Қазақстан аумағындағы кезеңін аяқтайды. Топ құрамында екі жасөспірім және екі мажарлық азамат бар. Олардың бірі халықаралық түркі халықтарының дәстүрлі спорт түрлері ассоциациясының мүшесі, Венг-риялық ат спортшылары ассоциа-циясының мүшесі доктор Иштван Бенц, екіншісі тарихшы, этнограф Фаркаш Чемез. Павлодар облысының аумағына жеткен қатысушылар Әлкей Марғұлан ауылында, Мәшһүр Жүсіп кесенесінде, Жасыбай демалыс аймағында және Жұмат Шанин ауылдарында болды.

- Әлкей Марғұлан ауылы бізді қазақтың ұлттық киімдерімен, ән шашумен қарсы алды. Бізге арнайы тігілген киіз үйде болдық. Бұдан кейін Екібастұз қаласында болып, қала күніне қатыстық. Ол жақта қазақтың ұлттық ат спорты бәйге, көкпар секілді ойындарға куә болдық. Мәшһүр Жүсіп кесенесіне жеткенде құрбандық шалдық. Ал Баянауыл аумағының аса сұлу жерлері Жасыбай көлі, Күркелі атырабы тамаша сұлулығымен тамсандырды. Жасыбайда бізді қыран бүркіт ұстаған жігіттер, туристер мен демалушылар қарсы алды, - деді мажарлық сапаршылар.

Сонымен бірге қонақтар Қоңыр әулие үңгірімен, Кемпіртас, Найзатас табиғи ескерткіштерімен танысты. Бұл іс-шара қазақстандық патриотизмді арттыруға және қазақстандық-тардың санасында еліміздің Тәуелсіздігінің даму жолындағы елорданың тарихи рөлін нығайтуға бағытталған. Атты экспедиция тарихына тоқталар болсақ, сапар 2016 жылы бастау алған. Қазақстан, Ресей, Моңғолия елдерінің аумағын жүріп өткен саяхаттаушылар 2020 жылы Корей түбегінде аяқтамақ. Алғашқы кезең 2016 жылы Венгрия мен Әзірбайжан елдерін жалғаған. Екінші кезең Ақтау қаласынан Астанаға дейін жалғасыпты. Ал биылғы сапар - экспедицияның үшінші кезеңі. Маусымның сегізі Астанадан бастау алған сапар тамыз айының ортасында Моңғолияда аяқталады деп жоспарлануда. «Ат үстіндегі сапар 4-5 айға созылады. Қалған уақытта жүріп өткен жолдарға қорытынды жасалып, алдағы сапарларға дайындық жасалады», - дейді ұйымдастырушылар. Тарихи салт атты экспедиция Баянауыл аумағынан Қарқаралыға жол тартты.

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ, Баянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz