Құжатта етті, сүтті мал шаруашылығы дамытылып, суармалы алқаптардың көлемін еселеп арттыру көзделген. Ол үшін ірі шаруа қожалықтарының айналасына шағын шаруашылықтарды шоғырландырып, тірек кооперативтер құру жоспарланып отыр. Ендігі мәселе - қаржыландыруды оңтайлы шешу. Аталған кешенді жоспар облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиын барысында таныстырылды.

Облыс әкімі Болат Бақауовтың төрағалығымен өткен алқалы жиында 2018-2022 жылдарға арналған аймағымыздың кешенді жоспары таныстырылды.

Аппараттық жиын маңызды кадрлық тағайындаудан басталды. Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметіне Нұрболат Мақашев тағайындалды.

- Нұрболат Абылайханұлы көп жыл бойы еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінде еңбек етті. Ведомствода сарапшы, бас сарапшы, басқарма басшысы, департамент директорының орынбасары қызметтерін атқарып, кооперация мәселелеріне жауапты болған. Оның бұл тәжірибесі жаңа қызметінде көмек болатынына сенемін, - деді аймақ басшысы.

Н.Мақашев 2003 жылы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін «Тағамтану саласын стандарттау және сертификаттау» мамандығы, 2010 жылы «Тұран-Астана» университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша және «Болашақ» бағдарламасы аясында Германияның «Шпайер» университетінің магистратурасын тәмамдаған.

Ресми таныстырылымнан кейін Н.Мақашев Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметіндегі алғашқы баяндамасын жасады. Жиналғандарға агро-өнеркәсіптік кешенді дамытудың 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспарының басты басымдықтарын таныстырды.

Мақсат – айқын. Аталған кешенді жоспарға сәйкес алдағы 5 жылда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемін 2017 жылмен салыстырғанда 2,3 есеге арттыру көзделуде. Саладағы еңбек өнімділігі 4,9 млн. теңгеге өседі деп жоспарланған. Бұл меже қалай бағындырылады?

Мал шаруашылығы өнімдері өндірісінің көлемі 230,3 млрд. теңгеге жеткізілмек. Алдағы жылдары 73,2 мың бас асыл тұқымды мал әкелінетін болады. Бұл мақсатта аймағымыздың әлеуеті жоғары 326 шаруа қожалығы анықталған және осы шаруашылықтармен нақты жұмыстар жүргізілетін болады. Бұдан бөлек, соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған, қуаты бірнеше мың бас малды құрайтын тауарлы сүт фермаларын салу жоспарланған. Алайда жиын барысында белгілі болғандай, аудандардың кейбірінде мұндай ауқымдағы фермаларды ашуға әзірге әлеует жетпейді.

Нұрболат Абылайханұлының айтуынша, мал шаруашылығын дамыту мақсатында несиелеуге 60 млрд. теңге және субсидиялау үшін 18,5 млрд. теңге көлемінде қаражат қажет.

Сондай-ақ, жоспарға сәйкес өсімдік шаруашылығы өнімдері өндірісінің көлемін 6 пайызға арттыру жоспарлануда. Осы мақсаттарға жету үшін ауыл шаруашылығы алқаптарын әртараптандыру жұмысын жалғастыру, жоғары сапалы тұқым шаруашылығын дамыту, минералды тыңайтқыштарды, гербицидтерді пайдалану көлемдерін арттыру көзделіп отыр.

Құжатта суармалы егістік алқаптарының көлемін арттыру кеңінен көрініс тапқан. 2022 жылға дейін аймағымыздағы суармалы жерлердің көлемі 163,8 мың гектарға ұлғаяды деп күтілуде. Осы аралықта өсімдік шаруашылығын дамыту мақсатында 153 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарланған.

Былтырғы көрсеткіштерге көз жүгіртсек, облысымыздағы ауыл шаруашылығы техникаларының тек 15 пайызы жаңар-тылған. Алайда саладағы еңбек өнімділігін арттыру үшін жаңартылған техника көлемін 45 пайызға дейін жеткізу қажет.

Аймағымызда бұған дейін құрылған 110 ауыл шаруашылығы кооперативінің 67-сі ғана нақты жұмыс істеп жатқаны анықталған. Олардың жұмыс сапасын арттыру мақсатында ет бағытында құрылған кооперативтерді ірі мал бордақылау алаңдарымен ұштастыра отырып, тірек кооперативтерге біріктіру жоспарланып отыр.

Ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің көлемін көбейтудің нәтижесінде экспорттық әлеуетті арттыру көзделуде. Бұл ретте 2022 жылы экспортталған ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін 86,7 млн. АҚШ долларына жеткізу жоспарлануда. Баға саясатында бәсекелестікті арттыру үшін көтерме сауда орталықтары құрылмақ.

Кешенді жоспарға балық шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы ғылымын дамыту мәселелері қосылмаған. Олар жеке бағдарлама ретінде құрылмақ. Н.Мақашев жоғарыда аталған мақсаттар сәтті жүзеге асырылса, 5 жыл ішінде ауыл шаруашылығы саласына 236,6 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылатынын айтуда.

Аппараттық жиынға қатысқан ірі шаруа қожалықтарының басшылары кешенді жоспарды толығымен қолдап отыр. Тек қаржыландыру мәселесі уақытылы шешілсе, дейді кәсіпкерлер.

- Кешенді жоспарда ауыл шаруашы-лығына қатысты көп мәселелер қамтылған. Бұл ретте, әсіресе, тұқым шаруашылығын дамытуға көп көңіл бөлу қажет деп есептеймін. Ең бастысы, әр бағыт бойынша кәсіпкерлердің пікірі ескерілді. Ендігі басты мәселе – қаржыландыру. Егер жобаларды қаржыландыру көздері нақтыланып, қаражат уақытылы бөлінетін болса, онда бағдарламада айқындалған міндеттер сөзсіз орындалады, - дейді «Галицкое» ЖШС басшысы Александр Касицын.

Қаржы мәселесі шынымен өзекті тұр. Жиын барысында белгілі болғандай, бүгінде аймағымыздағы несиелік серіктес-тіктердің қаражат қоры жетпей жатыр. Қазірдің өзінде олар бір жылдық қорын сарқып тастаған. Шаруашылықтар тарапынан жобалар көп. Бар үміт – қазына қаржысында.

Облыс әкімі Б.Бақауов кешенді жоспарда қайта өңдеу саласын қолдау мәселелері назардан тыс қалып қойғанын атап өтті. Сондай-ақ, шаруашылықтарға инженерлік-коммуникациялық желілерді тарту мәселесі ескерілмеген.

- Осы құжат арқылы ауылдағы кадр тапшылығы мәселесін де шешуге тырысу қажет. Өкінішке қарай, бүгінде елді мекендерден жылына 3 мың адам қалаға қоныс аударатын көрінеді. Бұл - 5 ауылдық округке тең көрсеткіш. Тұрғындарды, әсіресе, жас мамандарды ауылда ұстап қалудың амалын қарастыру қажет. Оларға жан-жақты жағдай жасауды ойластырған жөн. Сондай-ақ, әр аудан қанша суармалы алқапты іске қосу керек екені нақты жазылмаған. Ауыл шаруашылығын дамытуға арналған бұл кешенді жоспар қала, аудан әкімдерінің үстел кітабына айналуы тиіс, - деді аймақ басшысы.

Данияр ЖҰМАДІЛ.

saryarka-samaly.kz