Жуырда редакциямызға Айман Қисанова деген зейнеткер мынандай мәселе айтып келді: Таяуда Баянауыл жеріндегі әулие Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының басына арнайы барған екен. Күндіз әулиенің басына зиярат еткенімен, ондағы шырақшы кешкілікте келушілердің кесенеге баруына тыйым салған. «Біз құрбандыққа сойған қойдың етін жеген соң жатақханада ұйықтадық. Әулиенің басына келген адам күні-түні зиярат етуі үшін барады ғой. Бұл қалай болғаны?» - дейді А.Қисанова.

Біз бұл туралы Мәшһүр Жүсіп мұражайының ғылыми қызметкері, әулиенің ұрпағы Әсет Пазыловтан сұраған едік.

- Иә, бұрындары Мәшһүр атамыздың кесенесінің есігі күні-түні ашық тұратын. Адамдар келіп, хал-қадірінше зиярат етіп қайтатын. Бірақ аруаққа тәу етудің жөні осы екен деп кейбір адамдар шектен шығып кетеді. Әсіресе, емшілер мен бақсы-балгерлер: «Біз атаның басына түнеп, кісі емдейміз! Аруақпен науқасты ұшықтаймыз! Кесененің ішіне, атамен бірге қонуымыз керек!» - деп атамыздың аруағын мазалайды. Сондықтан да кешкілікте біз кесененің есігін жауып қоятын болдық. Әрі Рамазан айында шырақшылар да ораза ұстайды. Кешкілікте ауыз ашады. Мәшһүр Жүсіп атамыз өзінің өсиетінде: «Маған, жолаушылар, келіп зиярат етіңдер!» - деген. Қоныңдар деп айтпаған. Исламда зиратқа тек жолдан адасқан жолаушы ғана паналап қонуына болатындығы көрсетілген, - деп жауап қайтарды ол.

Сондай-ақ, ол егер адамдар аруақтың басында құрбандық шалса, малды тек Алланың ризалығы үшін сояды. Адамдар әулиенің басында құрбандық шалуға адамдар міндетті емес. Кесененің басында жолаушылар қонатын арнайы орын бар. Келушілер осында түнімен отырып, құран оқып, діни уағыздар айтып, ауқаттануына болады, дейді.

Айман Қисанова әулиенің зиратында құран оқылған кезде әдептілік сақталмайтынын айтқан еді. «Шырақшы зиярат етушілерді атаның бас жағына отырғызды. Қабір жанына немесе аяқ жағына отырсақ та болатын еді. Оған шырақшы рұқсат етпеді. Амал жоқ әйел адамдар атаның басына аяғымызды беріп көсіліп отырдық. Бұл да құптарлық жайт емес», - дейді зейнеткер.

Ислам діні ғұламаларының пайымдауынша зиярат етуге барған адам аруақтың жанына немесе аяқ тұсына тізерлеп отырып, мүмкіндігінше жүзін құбылаға қаратуы тиіс. Зират басында аруақтың тіршіліктегі жақсы қырларын айтуға ғана рұқсат. Бос дүниәуи әңгіме айтуға, күлуге, түкіруге тағы да басқа оғаш қылықтар жасауға болмайды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқар-масының Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Жолдас қажы Қоспақұлы аруаққа зиярат етудің әдебі жайлы былай дейді:

- Барлық мақтау мен мадақ барша жаратылыстың Иесі Аллаға тән. Адамзаттың асылы, пайғамбарлардың мырзасы, Пайғам-барымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.), оның отбасына Алланың игілігі және сәлемі болсын!

Жалпы қабірге зиярат ету қай уақытта болса да жасала береді. Алайда әйел адам ондай жерлерге ер адамсыз, яғни туысқандығы жақын адаммен барғаны дұрыс.

Ал енді құрбандық шалу мәселесіне келетін болсақ, құрбандықтың сауабы әулиеге арналып, Алланың атымен (Бисмил-лә Аллаһу әкбар) деп сойылған малдың етін жеу халал.

Жалпы зияратқа келетін болсақ, негізі шариғатта қабірді зиярат етудің үш түрі болады:

1) Туыстардың қабірін зиярат ету;

2) Туыс емес мұсылман бауырлардың қабірін зиярат ету;

3) Салих құлдардың, әулиелердің және пайғамбарлардың қабірін зиярат жасау.

Туыстардың қабірін зиярат етуге байланысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай бұйырады:

«Кімде-кім, әке-шешесінің немесе біреуінің қабірін жұма күні зиярат етсе, Алла ол адамның күнәсін кешіріп және оған сауап жазады».

«Кімде-кім, әке-шешесінің немесе біреуінің қабірін зиярат етіп, арнайы «Ясин» сүресін оқып марқұмның рухына бағыштаса, күнәлары кешіріледі».

Қабірстанға барғанда бірінші қабір иелеріне сәлем беріп, оларға дұға жасап, өзінің де сондай жағдайға түсетінін ойлау керек. Зиярат уақытында әулие түгіл пайғамбар болса да, олардан ешнәрсе сұрамау қажет.

Абу Һурайдадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Расулулла (с.а.с.) былай бұйырды: «Қабірлерді зиярат етуге тыйым салғанмын, бірақ бұдан былай зиярат етулеріңе рұқсат еттім».

Басқа бір риуаятта: «Қабірлерді қалаған адам зиярат етсін. Өйткені қабірлерді зиярат ету біздің есімізге ақыретті салады». Өлімді еске алу, өлгендерден ғибрат алу және ахиретті ойлау үшін қабірді зиярат ету сүннет болып табылады. Қабір зияраты адамның есіне өзінің де дәл сол жағдайға тап болатынын түсіреді. Ешкімге жамандық ойламайтын болады. Өлімді ойлаған кісі жақсы мұсылман болып өмір сүруге тырысады. Зиярат еткен адам мәйіттің рухына Құран бағыштап, оған дұға етуі керек. Бұлардың мәйітке көп пайдасы тиеді, - дейді.

Қазақта «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Аруақтардың басына барып, құран бағыштау - тірілердің міндеті. Бірақ сыйыну мен зиярат етудің ара-жігін ажыратып алу қажет-ақ. Құдай – жалғыз, Құран – шын, Пайғамбар хақ! Зират басында барынша әдептілік сақтап, шариғаттың шарттарын орындау мұсылман үшін қайырлы болмақ.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz