Гауһар Әленованың есімі облысымыздың мемлекеттік қызмет саласында еңбек ететін азаматтарға етене таныс. Көп жылдар бойы халық пен облыс басшылығы арасындағы көпір, дәнекер рөлін атқарды. Осы салаға 30 жылдан астам өмірін арнады. Оның ішінде аймағымыздың бас кеңсесінде облыс әкімінің азаматтардың өтініштерімен жұмыс бойынша қабылдау бөліміне 25 жыл жетекшілік етті. Осынау жауапты қызметтің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан жандардың бірі. Ширек ғасырлық қызметінде 11 облыс басшысымен иық тірестіріп жұмыс істеді. Іскерлігінің нәтижесінде басшының да, қосшының да тілін таба білді. Ал мұңын арқалап келген тұрғындарға қашанда аналық қамқорлығын көрсетуге тырысты.

Кейіпкеріміздің еңбек жолын, жеткен жетістіктерін қағазға түсірерде «алғаш» деген сөз ойға орала берді. Ол түсінікті де. Гауһар Мұсабекқызы аймағымызда алғашқы болып мемлекеттік тілде ісқағаз жүргізуді бастаған. Павлодар облысы әкімінің аппаратында компьютерді алғашқы болып меңгерген. Азаматтардың өтінішін тіркеуге арнаған компьютерлік бағдарламаны алғаш құрған жан. Көшпелі қоғамдық қабылдау бөлімшесінің жұмысын ұйымдастыру идеясы да Г.Әленоваға тиесілі.

Ретімен баяндайық. Кейіпкеріміз 1946 жылы Качир ауданының Байқоныс ауылында дүниеге келген. Әкесі Мұсабек - Ұлы Отан соғысының ардагері. Елде есепші болып қызмет атқарған. Анасы Әмина - 11 құрсақ көтерген, бар ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған жан. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» демекші, бұл отбасының балалары бір-бір кәсіптің тетігін ұстап, өз саласында жетістікке жеткен. Қатарларында ұстаз, дәрігер, заңгер, әскери қызметші де бар. Бұл ретте атап өтерлігі, Г.Әленованың бауыры, теңіз жаяу әскері, запастағы подполковник Темірболат Кеңестік кезеңде Солтүстік Кавказ өңіріндегі әскери қақтығыстарға қатысып, кейіннен Ресей Президенті Владимир Путиннің Жарлығымен «Ерлігі және батылдығы үшін» орденімен марапатталған.

Отбасының тұңғышы болған соң, Гауһар Мұсабекқызына артылған жауапкершілік жүгі ауыр еді. Артынан ерген бауыр, сіңлілеріне үлгі болуы тиіс. Осы міндет кейіпкерімізді біраз жетістіктерге жетеледі. 1971 жылы Семей мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдады. Одан кейінгі жылдары да білімін жетілдіруден талған емес. Жоғары партия мектебінде саяси білім алды. Бұдан бөлек, заңгерлік жоғары білімі бар.

Еңбек жолын Качир ауданында ұстаз-дықтан бастаған. Кейіннен аудандық білім бөлімінде әдіскерлік бөлім меңгерушісі, Павлодар облыстық білім беру басқармасында мектеп инспекторы қызметтерін атқарды. Білім саласында жұмыс істеп жүргенде балалардың жеке қабілеттерін дамытуға, олардың сұранысқа сай мамандық таңдауына, тәрбие мәселелеріне ерекше мән берді.

Г.Әленованың мемлекеттік қызмет саласындағы жұмысы 1981 жылы басталды. Ол облыстық атқару комитетінің (қазіргі облыс әкімдігі) азаматтардың өтініштерімен жұмыс бойынша бөлімінің меңгерушісі қызметіне қабылданған.

- Мені бұл қызметке облыстық атқару комитетінің сол кездегі хатшысы, марқұм Қабдеш Нұркин атамыз қабылдады. Ол кісінің: «Арыз-шағыммен, өтінішпен келген әрбір тұрғынның мәселесіне мұқият бол. Оларға туысыңдай жанашырлықпен қара. Сен өз туған жеріңнің болашағы үшін еңбек етуге тиіссің», - деген сөздері санамда жатталып қалды, - дейді Г.Әленова. Батыр атамыздың осынау аманатын арқалаған Гауһар Мұсабекқызы жаңа қызметіне бел шеше кіріседі. Жаңа жұмысының алғашқы айларында-ақ азаматтардың өтініштерін тіркеу және есепке алу бойынша карточкалық жүйе енгізді. Тұрғындардан келген арыз-шағымдар оның иесінің аты-жөні, тұрғылықты мекен-жайы, мәселесіне қарай реттелген. Бұған дейін өтініштер том-том қағаз болып, қалай болса солай жинала берген көрінеді. Бұл жаңашылдық іс қағаздарын бір жүйеге келтіріп қана қоймай, тұрғындардың мәселелерінің жедел шешілуіне мол септігін тигізген.

1986 жылы облыстық мұрағат қызмет-шілерімен бірге ауызша, жазбаша өтініштерді тіркеу, есепке алудың бірыңғай талаптары құрылып, облысымыздың әрбір қала, аудандарында қолданысқа енгізіліпті.

Жоғарыда атап өткендей, Г.Әленова облыс аппаратында алғашқы болып компьютердің тілін меңгерген.

- Павлодар қаласының түрлі мекемелерінен айнала іздеп жүріп, бірнеше компьютер таптым. Оны өз бөліміме алып келіп, жұмыстан тыс уақытта үйрене бастадым. Ол кезде компьютер барлығымызға таңсық еді. Бірақ жаңа технологияның арқасында жұмысымыз жеңілдей түсті, - дейді кейіпкеріміз. Көп ұзамай арнайы компьютерлік бағдарламаның қажеттігі туындайды. Гауһар Мұсабекқызы тағы да өз күшімен арнайы мамандарды іздеп тауып, тұрғындардың өтініштерін тіркейтін бағдарлама жасатып шығарады. Кейіннен бұл бағдарлама облысымыздың барлық қала, аудан әкімдіктерінің арыз-шағымдармен жұмыс істеу бойынша қабылдау бөлімшелеріне енгізіледі. Тіпті, республикалық деңгейде қолданыла бастайды.

Г.Әленова облыс басшылығынан көмек сұрай келген азаматтардың өтініштері әр жылдары әрқилы болғанын айтады. Әсіресе, тұрғындардың тұрмысы тозған 90-шы жылдар естен кетпестей болған.

- Айлап зейнетақы, жалақысын ала алмаған тұрғындар әкімдіктің есігін торуылдайтын еді. Тіпті, қала, аудандардан тұрғындар автобустармен келіп, облыс басшылығының қабылдануына сұранған кездері болды. Олардың барлығының өтініштерін жеке-жеке тыңдап, тіркеуге алып, аймақ басшылығына жеткізуге тырыстық. Совхоз, колхоздардың құлдыраған шағындағы халықтың толқынысы тіптен ауыр болды. Тығырыққа тіреліп, тұрмыстың тауқыметін тартқан жандардың көз жасының куәсі болдық. Бар мәселеге мемлекеттік қызметті кінәлі санайтын азаматтардың қарғысына да қалып жаттық. Бізге де оңай соққан жоқ. Осы мәселелердің барлығын жедел шешуге тырыстық. Кейбір күрделі сұрақтар бойынша облыс әкімдерінің жоспардан тыс қабылдауларын ұйымдастырдық. Көптеген арыз-шағымдар бойынша жекелей тексерулер ұйымдастырдық. Әйел заты болған соң, әр жағдайды жүрегімізге жақын қабылдаймыз ғой. Жұмыс соңында шаршаудан, шарасыздықтан көзімізге жас алып, Алладан күш-қуат тілейтін едік, - дейді Г.Әленова.

Қаржы тапшылығы қыспаққа алған ауыл тұрғындары өз мәселелерімен бетпе-бет қалып жатты. Олар үшін облыс орталығына келіп, аймақ басшысына арыз-шағымын жеткізудің өзі мұң еді. Міне, осы сәтте Гауһар Мұсабекқызының бастамасымен шалғай ауылдарға көшпелі қабылдау бөлімінің жұмыстары ұйымдастырыла бастаған. Оған облыс әкімінің орынбасарлары, түрлі басқарма басшылары жұмылдырылыпты. Бұл жүйе осы күнге дейін қолданыста жүр.

Г.Әленова 2006 жылы зейнетке шығып, әкімдіктегі жұмысын аяқтады. Жылдар бойғы қажырлы еңбегінің жемісін көруде. Оның айтуынша, қазір мемлекеттік қызметшілердің еңбегі жоғары бағаланады. Өз кәсіби мерекесінің бекітілгені де - соның айғағы.

- Мемлекеттік қызметшінің жұмысы қашанда жауапты әрі ауыр. Бұл – бірлескен ұжымдық жұмыс. Әріптестерімен сыйласып, тіл табысып қызмет ете білген адам ғана жетістікке жетеді. Біз ел басынан қандай қиын кезеңдер өтсе де, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа кәміл сендік. Сол сенім бүгінгі табысқа алып келді. Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік қызмет саласына қатасты заңнамалық база құрылды. Мемлекеттік қызметшілердің білімі шыңдалып, кәсіби деңгейлері жоғарылай түсті. Осының барлығы біз, сала ардагерлері үшін зор қуаныш. Өз әріптестерімді кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын, - деді Г.Әленова.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz