Бұрнағы күні облыс әкімі Болат Бақауов Павлодар ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар шаруа қожалығында болды. Атап айтқанда, көктемгі егіс жұмыстарының нәтижесін байқап, алдағы уақытта назарға алынуы тиіс тұстарды тізіп берді. Павлодар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Хамза Оразбековтің айтуынша, биыл егіс алқаптары едәуір артқан. Мәселен, осы жылы жаздық егіс 63 мың гектарды құрады. Былтыр бұл көрсеткіш 53 мың гектар болып, биыл жоспар бойынша 57 мың гектарға дақыл себіледі деп жоспарланған. Іс жүзінде бұл жоспар артығымен орындалды. Осы жылғы жаңашылдық – 1200 гектарға соя мен рапстың егілуі. Бұл ретте аймақ басшысы Болат Бақауов бір бағытпен шектеліп қалмай, әртараптандыруға көшу керектігін айтты. «Заря» шаруа қожалығының басшысы Айдар Ахметбеков өсімдік шаруашылығынан бөлек, мал шаруашылығын да қолға алмақ. Бұл қожалық келесі жылы 150 басқа арналған тауарлы сүт фермасын ашуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

- Соңғы уақытта бірқатар талап жаңартылуда. Кәсіпкерлер жоба дайындау барысында осыны ескеруі қажет. Тағы бір маңызды тұс – бизнесмендердің басым бөлігі бір құжатты тапсырып қояды да, оның жауабы келгенше қол қусырып отырады. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды тартуға құжат тапсырса, сол уақытта басқа да жұмыстарды атқаруы тиіс. Сол кезде біз оның мүмкіндігі мен әлеуетін анық саралай аламыз, - деді Б.Бақауов.

Осы орайда облыс әкімі аймақтағы шаруашылықтарға инфрақұрылым жүргізу бойынша мемлекеттік көмек көрсетіл-генін баса айтты.

- 9 мың гектар суармалы алқабы бар «Пахарь» шаруа қожалығын есепке алмағанда, республикалық бюджет есебінен 6 мың гектар суармалы жерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарттық. Қазір оның бәрі 100 пайыз жұмыс істеп тұр. Былтыр кейбіреулерінде суару құралдары болмай, кейбір жерлерге ештеңе егілмесе, бір жыл аралығында жағдай түзеліп, шаруа-лар уәде еткендей, істі қолға алды. Әрине, түйткіл де болды. Кейбір шаруа қожалықтарына қатысты сотқа шағым білдіруге тура келді. Бірақ, кейін олар да инвестор тауып, несие алып, кәсібін жалғастырды, - деді Б.Бақауов.

Ал «Андрей» шаруа қожалығына барған аймақ басшысы өңірде тамшылатып суарумен айналысатын барлық шаруаны біріктіріп, олардың жұмысын жүйелендіру бойынша ұсынысты ортаға салды. Сонымен қатар, облыс әкімі Павлодар ауданына сапары барысында «Маяк», «Аңдас» шаруа қожалықтарында болып, Новочерноярка ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылыс барысымен, Розовка ауылындағы жол бойы сервисінің жағдайымен танысты. Кейін Розовка ауылындағы Мәдениет үйінде аудан активімен кездесіп, өңірдің жарты жылдық көрсеткіштері талқыланды. Аудан әкімі Александр Бабенконың айтуынша, басты кемшіліктердің бірі – мүмкіндікті бағамдай алмау.

- Жасыратыны жоқ, кезінде әлеуе-тімізді толыққанды сараптамастан, 13 кооператив аштық. Өкінішке қарай, оның бесеуінің жұмысы тұралап тұр, екеуі жабылуы мүмкін. Физикалық көлем индексін болжауда да әдістемелік есепті назарға алған жоқпыз, сол себепті көрсеткіш төмен, - деді А.Бабенко.

Болат Бақауов қой мен құс санының күрт төмендегенін сынға алды.

- Павлодар ауданы қала іргесінде орналасқандықтан, ауыл шаруашылығы өнімдерін нарыққа шығаруда түйткіл болмауы тиіс. Керісінше, тұрғындар мал басын көбейтіп, содан табыс тапқаны дұрыс. Ал іс жүзінде жағдай бөлек. Бұл жергілікті билік өкілдерінің жеке аулалармен жұмыс істемейтінін көрсетеді, - деді Б.Бақауов.

Жоспарлы көрсеткіштердің орындалмауы мұнымен шектелмейді. Белгіленген межеге сүйенсек, осы жылы Павлодар ауданына оңтүстік өңірлерден 37 отбасы қоныстануы тиіс. Әйтсе де, осы уақытқа дейін небары 2 отбасы павлодарлық атанды.

- Оңтүстіктегі ағайын жазда көшіп, балаларын балабақша мен мектепке орналастыруы керек. Ал іс жүзінде бұлай болмай отыр. Демек, осы бағытта да Павлодар ауданы жұмыс атқарған жоқ. Жалпы, бұл өңірде күрмеулі мәселелер аз емес. Мәселен, Красноармейка ауылындағы ғылыми институт ғимаратының қаңырап тұрғанына 20 жыл болды, қазандығы жоқ. Оның небары 3 кабинетінде ғалымдар жұмыс істейді. Осыдан бір жыл бұрын ғимаратты әрі қарай қалай пайдалану керек екеніне қатысты нақты жоба ұсыну туралы тапсырма берген едім. Өкінішке қарай ол орындалған жоқ. 2017 жылы ауданның дамуына облыстық және республикалық бюджеттен 800 млн. теңге, биыл 1 млрд. 700 млн. теңге бөлінді, ал инвестиция қайда? Ауыл құраушы кәсіпорындар облыс экономикасының дамуына қандай үлес қосып отыр? Бұл туралы да нақты сандық дерек жоқ. Сайып келгенде, мұның барлығы жұмыстың сылбырлығын көрсетеді. Сондықтан білек сыбана іске кіріспесе болмайды, - деп жиынды түйіндеді облыс әкімі Б.Бақауов.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА
Павлодар ауданы.

saryarka-samaly.kz