Естеріңізге сала кетейік, облыста халқының саны 2 мыңнан асатын 32 елді мекеннің биылдан бастап дербес бюджеті пайда болды. Бұл дегеніңіз, мұндай ауылдар қазынасына түскен қаржысын өзінің қажетіне қарай жұмсайды. Ал бір округке бірнеше елді мекен қарайтынын ескерсек, жаңа көліктер қарамағындағы ауылдар арасына қатынауға әкімдерге аса қажет. Бұл кез келген мәселені жедел шешу үшін де кәдеге жарайды.

- Қызылжар ауылдық округке бес елді мекен қарайды. Биылдан бастап жеке бюджетіміз бар. Міне, бүгін облыс билігі жаңа автокөліктер сыйлады. Жан-жақты қолдау, жағдай жасалуда. Осылайша, мемлекет бізге үлкен сенім артып отыр. Сондықтан жауапкершілігі зор міндетті мінсіз атқаруға күш саламыз, - дейді Ақсу қаласының Қызылжар ауылдық окру-гінің әкімі Жеңіс Әбікен.

Көліктерді сатып алуға облыстық бюджеттен 120 млн. теңге бөлінген. Бұған дейін 9 ауылдық округ әкіміне көліктер үлестірілсе, кеше 20 автомобиль (4 «Лада гранта», 16 «Нива») ауылдардың игілігіне қызмет етуге аттанды. Қалған округтерге де жақында табысталады.

Бұдан кейін Естай атындағы мәдениет сарайында мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Облыс әкімі Болат Бақауов осы салада еңбек етіп жүрген азаматтарға, ардагерлерге алғысын білдіріп, құттықтады.

- Биыл еліміздің мемлекеттік қызметінің құрылғанына – 20 жыл. Астананың да 20 жылдығын жұрт болып жұмылып атап өтудеміз. Елдік маңызды міндетті атқаруда сіздердің еңбектеріңіз зор деп білемін. Бұл істе облысымыздың мемлекеттік қызметшілері аянбай қызмет етіп келеді. Мемлекеттік қызметке еңбегі сіңген ардагерлерімізге ерекше алғыс білдіреміз. Елбасымыз «мемлекеттік қызмет – ар қызметі» деп атап өткен болатын. Мемлекеттік қызметшілерге артылар жауапкершілік зор. Елге қызмет ету - абыройлы міндет. Ел сенімін ақтауды тілеймін, - деді аймақ басшысы Болат Бақауов.

Облыс әкімі елімізде кәсіби мемлекеттік қызмет аппаратының қалыптасуы стратегиялық маңызға ие екенін де атап өтті. Мемлекеттік органдар 20 жыл ішінде ауқымды жұмыс атқарды, деді аймақ басшысы. Сондай-ақ, Б.Бақауов мемлекеттік қызметшілер облысымыздың эконо-микалық өркендеуіне айтарлықтай үлес қосып жатқанын да бөле-жара атады.

Ал ҚР Мемлекеттік істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Әділбек Мұқышев мемлекеттік қызметшілердің ерен еңбегіне тоқталды. Айтуынша, халықаралық сарапшылар Қазақстанның дамуына мемлекеттік аппараттың үлесі зор деген пікір білдіруде. Мемлекеттік қызметті жетілдіру бағытындағы реформалар да жемісін беруде, деді.

Жалпы, облыста 5 мыңнан астам мемлекеттік қызметші еңбек етеді. Олардың тең жартысы – әйелдер. Мамандар біліктіліктерін республикалық деңгейде дәлелдеп келеді. Яғни, республиканың үздік мемлекеттік қызметшілері қатарынан табылуда.

Мерекеге орай қызметін адал атқарып, сапалы жұмыс істеп жүрген бірқатар азаматтар марапаттарға ие болды. Оларға облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты табысталды. Одан бөлек, ҚР Мемлекеттік істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі атынан да марапаттар берілді. Мәселен, агенттік төрағасы атынан Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетовке Алғыс жарияланды.

Мерекелік кеш өңіріміздің өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz