Су жолы арқылы транзиттік әлеуетті дамыту – ел экономикасын ілгерілетудің негізгі тетіктерінің бірі. Бұл ретте облысымыздағы «Павлодар өзен порты» жүйелі жұмыстарды қолға алып, еліміздің көліктік-логистикалық әлеуетін арттырып, транзиттік тасымалды ұлғайтуды межеге алған. Бүгінде аталмыш кәсіпорын еларалық сауда-саттықты дамытуға септігін айтарлықтай-ақ тигізуде. Мәселен, су жолдары арқылы Ресейге көп көлемде қиыршық тас, көмір, тұз, сондай-ақ, құрылысқа қажетті материалдарды тасымалдау- мен айналысуда. Алдағы уақытта аталмыш саладан түсер пайда да мол болмақ.

Су жолы арқылы жүк тасымалын жүзеге асыру аймақ басшысы Болат Бақауов пен Ресей Федерациясы Түмен облысының губернаторы Владимир Якушев екеуінің келісімінің нәтижесінде мүмкін болып отыр. Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың сәуір айында Болат Бақауов бастаған арнайы делегация Түмен облысына барған болатын. Сол сапарда қос тарап көлік логистикасын дамыту туралы келісімге келген. «Павлодар өзен порты» басқарма төрағасының бірінші орынбасары Т.Күлжановтың айтуынша, бұл келісім нәтиже беріп отыр.

- Екі өңір басшылары кездесуде тығыз қарым-қатынас орнатудың жолдарын қарастырып, келіссөздер жүргізді. Бүгінде 15 жылдан бері тоқтап қалған байланыс қайта беки бастады. Биыл Түмен облысына 160 мың текше қиыршық тасты тасымалдап, елімізге 40 мың текше метр ағаш жеткізуді жоспарлап отырмыз, - дейді Т.Күлжанов.

Енді Ресейге жүк тиеліп жіберілген баржалар елімізге бос қайтпайтын болады. Бүгінде портқа шет мемлекеттермен экономикалық байланыстардың буынын бекітіп, сауда-саттықты жаңа сатыға көтеріп, алыс-берісті, барыс-келісті арттыру міндеті жүктелген. Мұнда өткен жылғы навигация маусымы сәтті аяқталыпты. Ал биыл маусым басталғалы бері Ресейге 3 мың тонна тұз, 36 мың тонна қиыршық тас тасымалданып, өңірімізге 4 мың текше метр бөрене жеткізілген. Жалпы, биыл Павлодар өзен порты Ресейге шамамен 160 мың тонна инертті материал жеткізуді жоспарлап отыр. Ал былтыр бұл көрсеткіш 100 мың тоннаны құраған.

Соңғы жылдары өзен арқылы жүк тасымалдау екі есеге артқан. Алайда судың таяздығы кемелердің еркін жүруіне кедергі келтіріп отыр. Павлодарлық порт өзенді тереңдету жұмыстарымен соңғы 15 жыл көлемінде айналысып келеді. Дегенмен де соңғы жылдардағы өзен суының ластануы айтарлықтай мәселеге айналған. Осыған байланысты өзен аумағын тазарту жұмыстары қолға алына бастаған. Төлеген Мұқатайұлының айтуынша, Қазақстан өзен арнасын тереңдету жұмыстарын жыл сайын жүргізгенімен, Ресей тарапы бұған құлықсыз. Павлодарлық порт басшылығы байланыс бекісе, мәселенің шешілетінінен үмітті.

Бүгінде жүк тасымалына Ресей ғана емес, Қытай да қызығушылық таныта бастаған. Жақында Қытайдағы «Қарамай» ғылыми-зерттеу орталығы басшысының орынбасары Цзяо Синь-шэн келіп, «Павлодар өзен порты» арқылы Зайсан көліне дейін жүк тасымалдау бойынша әріптестік орнатуға ниет танытыпты.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz