Мерекені павлодарлықтармен бірге облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Тамара Дүйсенова және қала қонақтары тамашалады.

Партия хатшысы Павлодарда бастау алған Сабатой алдағы уақытта еліміздің өзге өңірлерінде жалғасын тапса деген тілегін білдірді.

- Өз басым Сабатой мейрамының болашақта ұлттық мерекеміз Әз-Наурыз тәрізді ауқымы кеңейіп, өзіне тән бағасын аларына сенемін. Бұған дейін павлодарлықтар «Қымызмұрындық» ғұрпын жандандырып, елдің ықыласына бөленгенін жақсы білеміз. Бүгінде бұл ғұрыпты атап өтпейтін ел жоқ, - деді Тамара Дүйсенова.

Сабатойды елмен қайта қауыштырған облыстық «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова қонақтарға мейрамның нышандары - саба мен торсықты таныстырып, аталмыш мейрамның тарихына кеңінен тоқталды.

- «Сабатой» мерекесі – ежелгі бабатүркілік тәңірлік танымынан бастау алатын ұлық мейрамдарымыздың бірі. Мұны Наурыздан кейінгі екінші мейрам ретінде атауға болады. «Сабатой» мерекесінің мазмұнында халықтың жайлауға көшуі, көш басын тіреген мекенді аластауы, жерді ағарғанмен суару жоралғылары бар. Сонымен қатар мұнда ауыл жастары қыз бен жігіт айтысын тамашалап, алтыбақан басында жиналып, жамбы ату, көкпар тәрізді ұлттық ойындарымыз кеңінен қамтылатын болған. Көріп тұрғандарыңыздай, бұл дәстүрдің бәрін көрсетуге тырыстық, - деді Бақытжамал Максилова.

Шара барысында қонақтар қыз бен жігіт айтысын, облыстық әжелер байқауын, жергілікті өнерпаздардың өнерін тамашалады. Ал қонақтарға Сабатойдың алғашқы қымызын аймақта «Қымызмұрындық» дәстүрін кеңінен насихаттап кеткен ел анасы, марқұм Зара Қожахметованың немересі ұсынды. Аудандар мен қалалар арасында ұйымдастырылған байқауда Ақсу қаласы жеңімпаз болып, Сабатойдың эстафеталық кубогына ие болды. Сонымен қатар әжелер арасында ұйымдастырылған «Асыл әже» байқауының бас жүлдесі С.Мұқалақоваға бұйырса, «Алтын оймақ – шебер әже» аталымында З.Әубәкірова, «Білгір әжеде» Т.Мұқатова жеңімпаз болды.

Айта кетелік, Сабатой мейрамының жобасын жасаған - танымал мәдениеттанушы, этнолог Серік Ерғали.


Сейсенбай ЖЕТПІСБАЕВ, Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшысы:
- Қазақ халқының тарихында тамыры тереңге жайылған ерекше мерекелер өте көп. Біз осы мейрамдарды барынша жаңғыртып, ел арасында кеңінен насихаттауға тырысып келеміз. Облыстағы этномәдени бірлестіктер осындай мерекелерді бірлесе ұйымдастырып, кейінгі ұрпаққа үйретуді мықтап қолға алды. Сабатой мейрамын қонақтарымыз татар-башқұрттардың «Сабантуй» мейрамымен шатастырып алмауы керек. Оны татар-башқұрттар күзде егін жинау науқанына орай атап өтетін болған. Өңірдегі ұлт пен ұлыстың басын біріктіретін ұлық мейрамымыз көктемде Наурыз, жазда Сабатой болмақ.


Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz