Дүйсенбі

- Алло, бұл кім екен?

- Ә, аманбысың, шырақ?

- Жоқ, аға, Бөдешпін!

- Ә, шырақ, кім болсаң да мейлі. Газетке мақала берейін деп едім. Жариялайсыңдар ма?

- Көке, алдымен мақалаңызды әкеліңіз, оқиық. Талғамға татитын болса, баспағанда не істейміз? Ал арық малдың жілігіндей арзан бірдеңе болса, ренжімеңіз!

- Әй, өзің жап-жас болып алып қуса құмалақ түспейтін қудың өзі екенсің. Тоқсанға жақындаған шағымда тоқал алар қуаты бар мендей жанның жаман дүние жазуы мүмкін бе? Осы күнге дейін менің ата-бабаларым туралы қанша кітап жазғанымды білемісің өзің? Кеше ғана туған балалар неге бүгін ақыл айтады маған?

- Мақұл, көке, сабыр сақтаңыз. Мақалаңызды жіберіңіз. Байқап көрелік.

- Е, есіре бермей, бағанадан бері сөйтпейсің бе? Әй, шырақ, тұра тұр. Журналист деген қауым «жүргенге жөргем ілінеді» деп жүре бересіңдер ғой. Ертең орныңнан таппай, жер сипап қалсам, ұйқым бұзылады ғой. Ұялы телефоныңның нөмірін бер.

- Көке-ау, өмірімде оныншы рет нөмірімді кеше ғана ауыстырдым. Соңғы нөмірімді келініңіз де білмейді. Келініңіз түгілі өзім де білмеймін. Мен қайда кетеді дейсіз? Керек болсам жұмыстан тауып аларсыз...

- Әй, сөз тапқанға қолқа жоқ. Бірақ мақаламды шығарасың.

- Жақсы, көке!


Ертеңгісін кешегі уақытта:

- Алло, бұл кім екен?

- Мен ғой, көкең. Мақалам газетке шықты ма, шырақ?

- Көке-ау, жібергеніңіз кеше ғана ғой. Күтіңіз...

- Мақұл...


Сәрсенбі

Таң ата бере қара телефонда тыным жоқ.

- Алло, тыңдап тұрмын!

- Әй, шырақ, мен ғой, көкең! Әлгі мақаланың халін білейін деп едім.

- Көке-ау, кабинеттегі дүниені жау алады дейсіз бе? Мақалаңыз осында. Кезегін күтіп жатыр. Күтіңіз...


Күн бейсенбі

Алладан береке тілеп, таң ата жұмысына келген Бөдеш, булыға шырылдап, жан дауысы шығып жатқан телефонның үстінен түсті.

- Алло, көке, тыңдап тұрмын.

- Әй, бала, қалайша танып қойдың мені?

- Көке, осы кезде сізден басқа кім хабарласады маған. Тыныштық па?

- Тыныштық болса хабарласамын ба саған? Мақала не болды?

- Көке, күллі журналист қаумалап, сіздің мақалаңызға қарап отыр дейсіз бе? Оқырмандардан күніне жүздеген хат түседі бізге. Оны елеп-екшеп, иненің көзінен өткіземіз. Жылтырағанның бәрі алтын емес қой. Мақаланың маңызына мән бермесек, мына жерде несіне отырмыз?

- Жақсылық болса, игі...


Жұма

- Әлө, бала! Мақалам қайда?

- Сапасын қарап жатырмыз. Әкеңіз жайлы жазыпсыз ғой. Жүз қойдан елу қозы алған шопанның несін мақтайсыз?

- Әй, бала, байқап сөйле! Ой бақпай, қой баққаныңда сені де көрер едім! Әкем жаман болса, мен секілді ұл туар ма еді? Төрде отырған біреудің әкесі болса, жандарың қалмай жазасыңдар. Менің әкеме келгенде қырық қырсық жолдан шығып, сексен сылтау айтасыңдар.

- Көке-ау, біз мақаланың маңызына қараймыз. Салмақты дүние болса, басамыз ғой. Жалпақ жұртқа тегіс жайылатын халықтың хабаршысына сапасы сын көтермейтін дүниені баса алмаймыз. Әркімнің ата-анасы өзіне қымбат қой. Бірақ арзан дүние арқылы газеттің құнын түсіргіміз келмейді. Бұл мақала жүз қойдан елу қозы алған шопанның баласына да абырой әкеле қоймас...

Ақсақал телефонның тұтқасын тастап жіберді.


Сенбі

Бөдеш бес күндік жұмыстан шаршап, қисық қабырғасының қасында ұйқыны сойып жатқан. Кенет әйелі шынтағымен ұрып, шашынан жұлып, қоярда-қоймай оятты да, ұялы телефонын құлағына төседі.

- Тыңдап тұрмын, бұ қайсың таң атпай?

- Аманбысың, Бөдешжан!

- Ақсақал, сіз... Қайдан? Қалайша?..

- Әй, бала, өзің жауап бермеген соң келіннің нөмірін тауып алдым. Жаңа ғана оған келісіп қойдым. Үйде бір қойларың союлы тұр. Келіп, қонақ болып кетіңдер! Әкем жайлы жүз қойдан жүз қозы алған шопан еді деп жаза бер. Екі жүз қозы алыпты десең де, соны шам алып, санап тұрған ешкім жоқ!

- Ойбай, көке! Қойыңыз да, құйтырқы ойыңыз да - өзіңізге! Намысымды нанға сатпаймын! Қорқау қоғамда бізсіз де жемқорлар жетіп жатыр. Мен үшін басылымның бағасы бәрінен биік! Сіздің көңіліңіз үшін өтірікші болар жайым жоқ. Енді хабарласпаңыз маған! Сау болыңыз!

- Әй, бала! Мақалам қашан шығат? Әлө, Әлө!..


Алпысбай ӘБДІЛҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz