- Ардақ Тәтімбекұлы, тұлғалар дүние-танымының суреткерлігін көрсету, сол арқылы дара дәстүр, дара сипатты халыққа ұсыну, өскелең ұрпақтың санасына ұялату – салмағы ауыр әрі маңызды іс. Өйткені биыл облыс көлемінде мерейтойлары аталып өтетін әр тұлға - қазақ тарихының тұғырындағы орны бөлек, жөні бөлек бес дара шың. Біздің аймақта шілдеде бастау алатын мерейтойларда тұлғалар шығармашылығы қалай дәріптелмек? Қандай із қалмақ?

- Әрине, өте жауапты. Жаңа өзіңіз айтып өткендей, олардың әрқайсысының қазақ тарихындағы екшеп алар орны ерекше. Сондықтан тұлғаларымыздың мерейтойларын ел есінде қаларлықтай етіп өткізу – бізге серт. Бес мерейтойдың кульминациясы «Ұлы Дала Елі» этнофестивалінде көрініс таппақ. Облыс әкімі Болат Бақауовтың бастамасымен және тапсырмасымен қолға алынған бұл шаралар баршамыз үшін аса маңызды екенін атап өткім келеді. Әр мерейтой барысында атқарылатын шара-ларға жеке-жеке тоқталған жөн болар...

«...Өрмелеп шығып күн болған»

- Аймағымызда негізгі ауқымды шара 14 шілде күні басталады. Бұл күні Баянауыл ауданы Торайғыр ауылында ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдық мерейтойы аталып өтеді. Мұсылмандық рәсіммен ақын кесенесінде Құран бағышталмақ. Жасыбай-Торайғыр күрежолының бойында спорттық жарыстар ұйымдастырылып, Торайғыр ауылынан 5 шақырымдай жердегі Этноауылда «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам» атты республикалық ақындар мүшәйрасы өтеді. Жеңімпаздар марапатталып, осы күні дәстүрлі әндерден республикалық гала концерт ұйымдастырылады.

- Іске сәт! Ардақ Тәтімбетұлы, көп жылдардан бері Торайғыр ауылындағы ақын мұражайының жағдайы сын көтермей тұрғандығы жайлы «Сарыарқа самалы» газетінде мәселе көтеріп жазған едік. Кесенесі де тозыңқырады.

- Иә, тоқсаныншы жылдардан бері бұл мұражай жөндеу көрген жоқ-ты. Ақын мерейтойына орай облыс әкімінің тапсырмасымен облыс бюджетінен қаржы бөлініп, күрделі жөндеуден өтті. Экспозицияны жөндеуге 4 млн. теңгеге жуық қаражат жұмсалды. Экспозицияның заманауи үлгіде жасалуына С.Торайғыров атындағы ПМУ үлес қосты. Ал кесенесін жөндеу мәселесі аудан деңгейінде қарастырылады. Ақын мұражайының жаңартылуы осы мерейтойдың маңызды шарасы екенін атап өткім келеді.

«Жағалап қара Ертісті Естай ақын...»

- Биыл Естай Беркімбайұлының туға-нына 150 жыл толуына орай ақын шығармашылығы қалай дәріптелмек? Қайсыбір жылы Павлодарда Естай ақынға арналған ескерткіш орнату мәселесі көтеріліп еді, соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Осы күнге дейін облыс көлемінде Естай ақынға арналған бірде-бір ескерт-кіштің болмауы елдігімізге сын емес пе, қалай ойлайсыз? Биылғы мерейтойда сол мәселе шешімін табар ма екен?

- Иә, бір ғана «Құсни-Қорлан» класси-калық туындысымен-ақ қазақтың ән әлеміне өзгеше үн ала келген Естай Беркімбайұлының өнердегі орны ерекше. Облыс әкімдігінің қолдауымен және Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Алтынбек Нухұлының бастамасы бойынша ескерткіш мәселесі қолға алынып, Павлодар қаласындағы Естай атындағы қалалық мәдениет сарайының алдына жыл соңына дейін орнату жоспарланды. Ал ақын мерейтойы 21 шілдеде Екібастұз қаласына қарасты Қаражар ауылында ұйымдастырылады. Естай ақынның мерейтойына орай атқарылатын маңызды екі шараның бірі ескерткіш болса, екіншісі - Екібастұздағы тарихи-өлкетану музейінде Естай Беркімбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған зал салтанатты түрде ашылады. Қазіргі уақытта ақынның туыстарымен хабарласып, жәдігерлер, т.б. жинастырылуда. Мерейтой күні Екібастұз қаласы әкімдігімен бірлесіп Әулиекөлдің маңында республикалық ақындар айтысы және ұлттық ат спортының түрлерін, атап айтқанда: құнан бәйге, тоқ бәйге, жорға жарыс, аламан бәйге өткізу жоспарланды. Сонымен бірге шығармашыл зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен диалог алаңы ұйымдастырылмақ.

«Үйрендім қайдан өнер, көп білімді...»

- 28 шілдеде Ескелді аумағында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туғанына 160 жыл толуына орай айтулы той болмақ. Алдымен құран бағышталып, бабамыздың мұражайына экскурсия жасалады.

Жыл басынан бері Баянауыл ауданының әкімдігімен бірлесіп қала, аудандардың кітапхана, музейлерінде Мәшһүр бабамыздың шығармашылығын насихаттауда бірқатар шаралар өткізіліп келеді. Соның ең ауқымдысы- биылғы наурызда Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлына арналған «Ғұлама тағылымы» атты көрме ұйымдастырылды. Көрмеге Алматыдағы орталық ғылыми кітапхана қорында сақталған және бұған дейін Павлодар музейлеріне қойылмаған ғұлама қолжазбалары, ескі кітаптары және қазақ зиялыларымен жазысқан хаттарының түпнұсқалары, тірлігінде пайдаланған Құран кітабы, жалпы, отызға тарта жәдігерлер қойылды. Олардың арасында қазақ фольклоры, тарихы, әдебиеті мен мәдениетіне қатысты дүниелер бар. Сондай-ақ кесене жанындағы мемориалдық мұражайда сақталған жеке заттары да әкелінді. Осы жолы Алматы кітапханасында сақталып келген Мәшекең қолжазбаларының цифрлық форматтағы нұсқасын алып қалдық. Шара барысында мұражайға Алматыдағы орталық ғылыми кітапханадағы қолжазбалары әке-лінеді. Бүгінгі күнге дейін Мәшһүр Жүсіптің 20 томдығы жарыққа шықты. Бұл еңбектер көпшілікке қолжетімді болуы үшін цифрлық форматқа көшірілуде. Мерейтойда ғұламаның 20 томдығының цифрлық форматқа көшірілген нұсқасының тұсаукесері болмақ. Елімізде Мәшһүр мұраларын зерттеуші ғалымдар баршылық. Олардың еңбектерінің нәтижесінде көптомдықтары жарыққа шықты, газет-журналдарда жарияланды, көпшілікке жетті. Сондықтан мәшһүртанушылармен кездесіп, бабамыздың шығармашылығы жайлы келелі кеңес өткізу және облыстық ақындар айтысын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар республикалық мәдени сараптамалық «Мәдениет» атты журналдың бір нөмірі Мәшһүр Жүсіпке арналмақ. Республика көлеміндегі танымал жыршы–термешілер Ескелді шатқалын ән-жырға бөлемек. «Көне ғасыр күмбірі» атты бұл шара 28 шілде күні мәресіне жетеді деп жоспарлануда. Ал Мәшекеңе арналған тұлғалы ескерткіш былтыр Екібастұз қаласында салтанатты түрде ашылған болатын.

«Бірінші тілек тілеңіз, Бір Аллаға жазбасқа»

- Елдікті, адами қасиеттерді осылай толғаған Бұқар Қалқаманұлы 1668 жылы дүниеге келген. Заманында «Көмекей әулие» атанған жыраудың мәңгілік тыныс тапқан жері қазір Қарағанды облысының аумағында. Бабаның мерейтойы Алты Алашқа, оның ішінде Павлодар мен Қарағанды облысына тиесілі ғой...

- Иә, Бұқар баба ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында хандық құрған Абылайдың ақылшы, кеңесшісі болғандығы тарихтан белгілі. Басқыншы жауға қарсы күресте елді бір тудың астына топтастыруға күш салған, қазақтың Тәуелсіздігі жолындағы күрескер жыршы болған жыраудың тарихтағы орнын, шығармашылығын осы мерейтойда өз деңгейінде халыққа жеткізе білуіміз керек.

Бұқар жырауға арналған республикалық шара 18 тамызда Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданында кеңінен аталып өтеді. Ол тойға біздің облыстан арнайы делегация барады. 18 ақ шаңқан киіз үй құрып, онда Павлодар өңірінің өнері мен мәдениетін паш етпекпіз. Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейі арнайы көрме апарады. Ал тамыз айының басында бізде ұйымдастырылатын «Ұлы Дала Елі» этнофестиваліне қарағандылық делегация шақырылады.

Бұқар жырауға қатысты аймағымызда бүгінгі күнге дейін отыздан астам шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Ұлы Дала Елі» этнофестивалі аясында Қарағанды облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театры Ж.Артықбаев пен Қ.Жұмабаевтың «Көмекей әулие Бұқар жырау» пьесасын павлодарлықтардың назарына ұсынбақ. Қойылымды тамыз айының 3-4 күндеріне жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ қарағандылық делегация 15 қыркүйекте Баянауыл ауданы Теңдік ауылында өтетін Мұса Шормановтың мерейтойына да шақырылмақ.

«Қаржаста бір құтым бар Мұса Шорман...»

- Заманында сөз ұстаған көсем, ел билеген шешен, ел арасында «Мұса мырза» атанған Мұса Шорманов Баянауыл ауданында 1818 жылы дүниеге келген екен. Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны болған, Баянауылдағы мешіт құрылысын ұйымдастырып, медресе ашқан, Құнанбай істі болғанда қамаудан босатып алған, қазақ этнографиясының білгірі, ағартушы, патша армиясының полковнигі шенін алған, Сібір жақтан 60 мыңдай қазақты көшіріп әкелген дейді тарих. Еліне осылайша еңбек сіңірген аға сұлтан Мұса Шормановтың туғанына биыл 200 жыл толмақ екен. Мұса мырзаға арналған мерейтойдан не күтеміз?

- Мұса Шорманов – есімі ел жадында өшпестей жазылып қалған сан қырлы ұлы тұлға. Аға сұлтанның өмірбаяны, шығармашылығын насихаттау мақсатында биылғы жыл басынан бері бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Солардың маңыздысы - Баянауылдағы Қ.Сәтбаев мемориалды мұражайы мен Павлодар педагогикалық университетімен бірлесіп өткізген ғылыми-практикалық конференцияны атап өтуге болады. Мұса Шормановтың 200 жылдығына арналған ең ауқымды шара 15 қыркүйекте болмақ. Бұл күні Баянауыл ауданы Теңдік ауылында мәдениет үйі салтанатты түрде ашылады. Белгілі қаламгер Медеу Сәрсекенің «Қаныш Сәтбаев» атты үш тілде шыққан кітабының тұсаукесері жасалмақ. Сондай-ақ құнан бәйге, тоқ бәйге, жорға жарыс, ат бәйгесі ұйымдастырылады.

- Мұса Шормановқа кесене тұрғызу мәселесі қалай шешілмек?

- Қазір Алтынбек Нухұлының басқаруымен демеушілер арқылы кесенесін тұрғызу қолға алынуда. Сәтін салса бұл іс қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс деп жоспарланып отыр. Мұса бабаның 200 жылдық тойында өнер ұжымдарының қатысуымен үлкен концерт қойылмақ. Жоғарыда айтып өттім, «Ұлы Дала Елі» этнофестивалінде тарихи тұлғалар мерейтойларының нүктесі қойылады. Бұл фестиваль тамыздың 3-5-і күндеріне жоспарланды.

- Бәрекелді! Биылғы этнофестивальден қандай өзгешеліктер күтеміз?

- Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтетін бұл шараның биылғы өзгешелігі – тігілетін киіз үй-ауылдарға жоғарыда есімдері аталған тұлғалардың есімдері беріледі. Ол ауылдарда мерейтой иесінің өмірі, шығармашылығына арналған сахналық көріністер, көрмелер ұйымдастырылып, көркемсөздер оқылады, шығармалары халыққа кеңінен насихатталады. Алғашқы күні ғылыми-практикалық конференция өткізіледі. Қазір ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.

- Той – қонағымен мәнді әрі сәнді ғой. Бұл жолы кімдермен жүздеседі екенбіз?

- Әзірге Мырзатай Жолдасбеков, Төлен Әбдік, Асқар Әлібекұлы сынды басқа да қазақ әдебиетінің ірі-ірі ақын-жазушылары шақырылады. Олар конференцияға қатысады. Түске дейін Естай атындағы мәдениет сара-йында пленарлық отырыс, түстен кейін әр мерейтой иелеріне арналған секциялық жұмыстар әр мекемеде өтеді. Айталық, Мұса Шорманов бойынша педагогикалық университетте, Мәшһүр Жүсіп бойынша С.Торайғыров атындағы ПМУ-де, Бұқар жырауға қатысты Бұқар жырау музейінде, С.Торайғыровқа қатысты шара облыстық С.Торайғыров атындағы кітапханада, Естай Беркімбаевқа арналған шара Естай атындағы мәдениет сара-йында өтеді. Соңынан төменгі жағажайдағы «Ертіс Promenade» сахнасында Естайдың 150 жылдығына арналған республикалық дәстүрлі әндер фестивалінің гала концерті ұйымдастырылып, оған еліміздің әр аймағынан танымал дәстүрлі әншілер қатысады. Атап өтейін, дәстүрлі әндерді әсіресе жастар арасында насихаттау үшін заманауи талаптарға лайықтап, әрлеп, ерекше орындауда ұсынбақпыз.

- Мұндай ауқымды шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыру, келетін меймандарға еліміздің бар жақсысын көрсету, бүгінгі ұрпаққа тарихи тұлғалар арқылы халқымыздың кешегі тарихын таныстыру – елдігімізге сын. Бастысы – ұлы тойлардан ұлағатты іздер қалсын!

Сұхбаттасқан – Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz