Қызылжар ауылының тұрғыны Рысалды Жақиянова алғашқы-лардың бірі болып суды үйіне дейін тартып алды. Өткен жылдың қара күзінде жер қазып, өз қаржысына құбыр салды. Сөйтіп, суды сырттан тасымайтын болды.

- Ауылымызда орталық-тандырылған су жүйесін тартқаны жақсы болды. Енді шелектеп су тасымаймыз. Ыстық, суық әрі тұщы су үйдің ішінде бар. Су жүйесіне қосылғандықтан, арнайы жуынатын бөлме де қарастырдық. Қысқасы, жағдайымыз қалалықтардан еш кем емес, - дейді Р.Жақиянова.

Қызылжар ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Сұлтан Қаратайдың айтуынша, жалпы ұзындығы 19,3 шақырым болатын су құбыры былтыр пайдалануға берілді. Құрылыс жұмыстарын «Ай-Су Мелиорация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген.

- Орталықтандырылған су жүйесін тарту үшін мемлекеттік қазынадан 848 млн. теңге бөлінді. Қызмет көрсетуші компания – «Ақсу су арнасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны. Алғашқыда тұрғындар судың бір текше метрі үшін 220 теңге төледі. Кейін ортақ жүйеге қосылушылар қатары артқан соң тариф 141 теңгеге дейін төмендеді, - дейді С.Қаратай.

Қызылжар ауылында суды сүзгіден өткізіп, тазартатын арнайы пункт салынған. Мұнда 4 адам жұмыс істейді. Жалпы, бүгінде елді мекенде 525 аула бар. Олардың 400-ге жуығы орталықтандырылған су жүйесін пайдаланып отыр.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА, Қызылжар ауылы, Ақсу ауылдық аймағы.

 

saryarka-samaly.kz