Ойын алаң иелерінің басымдығымен өтті. Алғашқы таймда есеп ашылған жоқ. Матчтың екінші жартысында «Қайраттың» бойшаң қорғаушысы Жарко Маркович Давид Лория қорғаған қақпаны дәл көздеді. 80-минутта «ертістіктер» таразы басын теңестірді. Стефан Живковичтің бұрыштамадан айып алаңына асырған добын қорғаушы Илья Воротников қақпаға баспен бағыттады. «Қайрат» қақпашысы Владимир Плотников дәрмен-сіздік танытты.

«Қайрат» секілді азулы қарсыласпен тең ойнау да – табыс. Сондықтан жерлестеріміз сенімді ақтады. Білетіндер бұл ойын алматылық клубтың бас бапкері Кахабер Цхададзенің орынтағын «шайқалтып» кетті дейді. Осы уақытқа дейін ойналған бес матчтың төртеуінде тең түскен «Қайраттың» бас бапкері ауысады деген сыбыс та бар. Бәрін уақыт көрсетеді, әрине.

Шымкенттік «Ордабасы» да биыл Еуропа лигасында ойнайды ғой. Сондықтан 18-турда «Тобыл» мен «Ордабасы» кездесуі де уақытынан бұрын өткізілді. Қостанайлықтар 1:0 есебімен жеңіске жетті. Бұл – «Ордабасының» биылғы чемпионаттағы алғашқы жеңілісі.

8 сәуір күні чемпионаттың 5-тур ойындары өтеді. «Ертіс» сырт алаңда көкшетаулық «Оқжетпеспен» алаңға шығады.

 

Фархат ӘМІРЕНОВ

saryarka-samaly.kz