Мүсілім ӘМЗЕ, «Отырар сазы» оркестрінің дирижері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

- Домбыра мен қазақ егіз, тағдыры бір. Өйткені домбыра да талай-талай қысымшылық көрді, соның салдарынан қазақ тарихында болған әйгілі күйшілер мен олардың туындылары ұмытылды. Енді осы олқылықтың орнын толтыратын кез жетті деп ойлаймын. Домбыра күні мерекесінің белгіленуі - әбден құптарлық жағдай. Бұл науқаншылдық болмай, кәдімгі-дей маңыз беріп, атап өтілетін күн болуы тиіс. Домбыраны дәріптеу үшін анимациялық, деректі фильм-дер түсіріліп, хабарлар таратылуы керек. Балаларға бала тілінде, сол секілді өнер адамдары мен ғалымдарға, қысқасы әр деңгейдегі адамдардың түсінік-пайымдарына лайықталған іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асса оң болар еді. Алғаш рет ұйымдастырылатын мерекеге «Отырар сазы» оркестрі қатысуға, міне, Астанаға жолға шығып барады. Мереке күні Құрманғазының «Балбырауын», «Адай», «Сарыарқа» күйлері, Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым», Түркештің «Көңілашары» орындалады. Домбыра мерекесінде атқарылатын іс-шараға ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Астана филармониясының халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Айқали Жайымов жетекшілік етеді. Біз қандай жағдайда да сан ғасыр халықпен жасасып келе жатқан домбыраны биікке көтеруге міндеттіміз.


Арман ҚАНИ, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері:

- Жалпы, біздің елде ұлттығымызға, мемлекеттігімізге, салт-ғұрпымызға қатысты мереке-мейрамдарға айрықша маңыз беріліп, аталып өтуі керек. Олардың бәрінің салмағы үлкен, маңызы жоғары. Мемлекет құраушы ұлттың тілі де, салты да, ұлттық өнер, мәдениеті бәрінен де жоғары, төрде тұруы тиіс. Солардың ең басында қазақтың үкілі қоңыр домбырасының алатын орны ерекше. «Рухани жаңғыру» дейміз, нағыз жаңғыру - ұлттық санаға серпін беру, құндылықтарымызды бағалау деп білемін. Әйтпесе біз 300 жыл бойы бодандықта өмір сүрдік, бодандық, құлдық сана қалыптасты. «Батпандап кірген ауру, мысқалдап шығады» деген бар. Құлдық санадан арылу да оңай емес. Дегенмен ұлттық музыкалық аспап - Домбыраға мән беріліп, оның мерекесінің белгіленуі - барша қазақ үшін үлкен қуаныш, мереке.

Кешегі Құрманғазы, Тәттімбет, Дина, одан әрідегі күйші-лердің туындылары толығымен бүгінге жетті ме? Олар кімдер еді, туындылары не жайлы, қалай туды? Қазіргі күй орындаушылар әрбір күйдің тарихын, авторының өмірбаянын жақсы білуі керек. Күй тарихын жете білмейтін адам ол күйді жеріне жеткізе орындай алмайды. Кешегі өткен Нұрғиса, Қаршыға сынды күйшілердің орындаулары қандай еді?! Туындыны тарсыл-тұрсыл тартпай, иірімін, мәнерін, мағынасын түсініп, түйсініп, маңыз беру басты міндетке айналса деймін. Бізде мемлекеттік мерекелерге мемле-кеттік мекеме, ұжымдар жауап берсе, ұлттық мейрамдарға қоғамдық ұйымдар атсалысады. Сондықтан бұл күні өнер ұжымдары, балабақшалардан бастап жоғары оқу орындары, зауыт, кәсіпорындар, барлық мекемелер осы күнге атсалысып, барша халық домбыраның күмбірлеген үнін тыңдауы керек, балалар мен жастарға домбыраның қасиеті, тәрбиелік мәні, тарихы жайлы айтылып, насихат жұмыстары кеңінен жүргізілуі тиіс деп санаймын.


Қаршыға ШАЯХМЕТОВ, еңбек ардагері, Ақсу қаласының Құрметті азаматы:

- Мен Ақсу ауданының Құркөл ауылында туып-өскен азаматпын. Біздің елден талантымен есімдері ел жадында қалған үлкен адамдар шыққан. Иманжүсіп Құтпанұлы біздің Алтыбайда туған, «бозторғай ақын» атанған Сәбит Дөнентаев, беріде әйгілі әнші Байғабыл Жылқыбаев туған. Біз осы Байекеңдердің тізесінде отырып, домбыра үнін тыңдап өстік.

Әр қазақ үшін аса қымбат саналатын домбыраны мерекеге айналдыру дегеніңіз - үлкен жетістік, қуаныш. Мен алпысыншы жылдардың басында Қарағандыдағы пединститутта оқыдым. Сол оқу орнындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің құрамында домбыра ойнадым. Сонда көшеде, қоғамдық көліктерде домбыраны алып жүре алмайтынбыз, сол кездерде озбырланған өзге ұлт өкілдері жүргізбейтін, қазақша да сөйлетпейтін. Сындырып тастар деп қорқып, тығып жүруші едік... 1985 жылы Жеңістің 40 жылдығына арналған айтыс болып, Ақсу ауданының атынан қатысып, 1-орын алған едім. Жалпы, халықтың ұлттық аспапқа деген ықылас-құрметі айрықша ғой. Осы махаббатты маздата түсу үшін, жас ұрпақтың санасына сіңіру үшін Домбыра күні мерекесін жоғары деңгейде ұйымдастыруға тиіспіз. Өзге ұлттар арасында да домбыра үнін жақсы көріп, тартатындар баршылық. Қуанамыз, әрине. Бірақ домбыраны дәл қазақтың өзіндей ешкім тарта алмайды, сондықтан өз-өзімізді биіктетіп, бабалар салтын әспеттеуіміз керек. Домбыра күні жай дүрмекпен өте шығатын мереке емес, бұл еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін қамтылып, ұлтқа үлкен бір серпін беретін күнге айналуы тиіс.


«Алаңды» үйлестірген – Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz