Дүйім елдің алдында намысқа тырысқан «Ертіс» аяқдопшылары ойын басынан басымдықты қолға алуға тырысты. Тіпті, кездесудің 5-минутында жанкүйерлердің қолдауынан шабыт алған Карлос Фонсека «Қайраттың» қақпашысын қапы қалдырып, алғашқы голды соқты. Қалай да тең нәтиже көрсетуге тырысқан алматылықтар кездесудің 42-минутында таразы басын теңестіріп үлгерді. Голдың авторы «Қайраттың» шабуылшысы Акмаль Бақтияров.

Үзілісте тыныстап алған қос тарап ойынның екінші жартысында барын салды. Кездесудің 70-ші минутында павлодарлықтардың сүйікті ойыншысы Карлос Фонсека жасындай жарқылдап, дубльдің авторы атанды. «Ертістің» жартылай қорғаушысы Илья Калининнің орнына жасыл алаңға шыққан Владимир Воменко үмітті ақтап, кездесудің 80-ші минутында есепті еселеді.

Алайда бұл нәтиже жерлестеріміздің финалға өтуіне мүмкіндік бермейді. Себебі «Ертіс» «Қайратпен» сырт алаңдағы алғашқы кездесуде 2:0 есебімен алматылықтардан ұтылып қалған еді.

- «Ертіс» тәуір ойнады. Әттеген-ай дейтін тұстар да жоқ емес. Қорғаныста сәтті ойнай алмай, нәтижесінде 1 гол жіберіп алдық. Бұған дейінгі кездесулерде команда осындай ойын өрнегін көрсеткенде ақтық сынға шығуымыз әбден мүмкін еді. Сәттілік серік болмады, - деді «Ертіс» футбол клубының бас бапкері Ойрат Сәдуов.

ҚР Кубогының ақтық сынында «Қайрат» «Ақтөбенің» аяқтопшыларына қарсы ойнайтын болады.

А.ӘБДІЛҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz