Аталған көрме суретшінің 70 жас мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Қылқалам шеберінің 70-тен астам туындысы көпшілік назарына ұсынылды. Суретші еңбектерінің арасынан балалар әдебиеті тақырыбындағы туындыларды, портреттік суреттерді, тарихи оқиғаларға негізделген бейнелерді кездестіруге болады. Е.Қамкенов көне ескерткіштер мен ғимараттардың макетін жасаумен де айналысады. Олардың қатарында ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы кесенесінің жобасы да бар.

- Сурет салуға бала кезден құмар едім. Алматыдағы көркемсурет училищесінің 3-курсында оқып жүргенімде республикалық «Қазақстан пионері» журналына суретші болып жұмысқа қабылдандым. Ол кезде ақын Фариза Оңғарсынова аталған журналға басшылық ететін. Ол кісі өнер иесі ретінде маған көп көмектесті. Шығармашылыққа басқаша көзқараспен қарауға, қызметке деген адалдыққа үйретті. Отты жырларымен жігерімді жаныды, - дейді Ермек Қамкенов.

Шара барысында суретшінің үзеңгілес достары мерейтой иесін арнайы құттықтап, Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұжымы шапан жауып, құрмет көрсетті.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz