Атап өтерлігі, шаруалардың көсегесін көгертуге арналған қаржы мөлшері жыл санап артып келеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ораз Дүзденбаев мәлім етті.

Жалпы, ауыл шаруашылығы саласында бірқатар тың жаңалықтар бар. Мысалы, алдағы уақытта облысымыздың ірі шаруа қожалықтары Қытай еліне ет және бидай өнімдерін экспорттайды. Бүгінде еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау туралы келісімшарт әзірленуде. О.Дүзденбаевтың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстарға павлодарлық шаруалар да қатысуға мүдделі. Қазірдің өзінде Аспанасты еліне Шарбақты ауданындағы «Абай» ЖШС мен Баянауыл ауданындағы «МТС «Жайма» ЖШС-нің басшылары өз өнімдерін экспорттауға құлшыныс танытып отыр. Жақында экспортталатын сиыр еті мен бидайдың нақты көлемі белгіленеді. Біздің өнімдер көбінесе Қытай елінің Қазақстанмен шекаралас аймақтарында сатылмақ. Облыс шаруаларында бұл бағытта аз да болсын тәжірибе бар. Бұған дейін өңірдегі аграрлық серіктестіктер Қытайға күнбағыс өнімдерін саудалап келген. Басқарма басшысы алдағы уақытта күнбағыс экспорты да қайта жанданатынын атап өтті.

Бұдан бөлек, павлодарлық шаруа-лардың өніміне Астана қаласынан да сұраныс көбейіп отыр. Дәлірек айтқанда, облысымыз ЭКСПО - 2017 халықаралық көрмесі өтетін уақытта ай сайын елордаға 720 тоннадан сиыр етін жеткізіп отырмақ.

Сандар сөйлесін:
• 2017 жылы облысымыздың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді шағын несиемен қамтамасыз етуге 1,8 млрд. теңге қарастырылған.
• Биыл аймағымыздағы көктемгі егіс жұмыстарына 16 мың тонна арзандатылған жанармай бөлінген.
• Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында өсімдік шаруашылығын қолдауға 2,8 млрд. теңге бөлінді (өткен жылмен салыстырғанда 7,6 пайызға жоғары). Ал мал шаруашылығын қолдау шараларына 2603,8 млн. теңге қарастырылып отыр.

 

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz