22 маусым күні салтанатты түрде үшінші еңбек маусымын бастаған «Жасыл елдің» сарбаздары қалалар мен аудандарды көгалдандыру, көшелерді қоқыстан тазалау, аулаларды ақтап, сырлау және құрылыс алаңдарында лай езу жұмыстарымен шұғылдануда. Жастық жалын мен жігері тасыған павлодарлықтар аймақтың гүлденуіне осылай үлес қосуды мақсат еткен. Биыл алғаш рет «Жасыл елдің» құрамына кіріп, жұмысты бірден «Студенттік құрылыс және жастар» отрядында бастаған Нұржан Терлікбаев С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде аударма ісі мамандығы бойынша оқиды.

- Құрылыс алаңына келгеніме аз ғана уақыт болды. Ұжымдағы жігіттермен бірден тіл табысып кеттік. Мұнда біз жер қазу, батпақ илеу, құм тасу тәрізді қолымыздан келетін жұмыстың бәрін атқаруға тырысамыз. Құрылыс саласында атқарылатын әр жұмыс біздің ертеңіміз үшін пайдалы. Мұнда біз бос уақытымызды тиімді пайдаланып, шымыр әрі еңбекқор болуды үйренеміз. Әзірге 1 айға ғана келісімшарт жасалды. Алдағы уақытта еңбекті жалғастыруға ниеттімін, - дейді Нұржан.

Олимпиядалық стандарттағы спорт нысанының бой көтеруіне үлес қосып жүрген 10 азаматтың қатарында жоғары оқу орындарының студенттері мен биылғы колледж түлектері бар. Павлодар қалалық құрылыс отрядының командирі Абай Уахиттің айтуынша, жігіттердің қатары алдағы уақытта тағы да көбейе түспек.

- Бассейнді салып жатқан мердігер компанияның мамандары шілде-тамыз айларында тағы да 25 сарбазды жұмысқа қабылдаймыз деп отыр. Ол кезде тек қана жігіттер емес, қыздар да қалаулары бойынша құрылыс алаңында жұмыс істейтін болады. Яғни жаңа ғимараттың маңайын көріктендіру жұмыстары осы мерзімде басталмақ. Құрылыс алаңына сарбаздарымызды әкелмес бұрын әрқайсысына жеке-жеке қауіпсіздік ережесі түсіндірілді. Олармен үш жақты келісімшарт жасалған, - дейді Абай Уахит.

А.Уахиттің айтуынша, сарбаз-дардың айлық еңбекақысы орта есеппен алғанда 70-80 мың теңге көлемінде болмақ. Яғни мұндағы 35 мың теңге «Жасыл ел» еңбек жасағына бөлінген қаржы есебінен төленсе, қалған бөлігін «Құрылыс» компаниясы бермек. Жалпы, «Жасыл елдің» облыстық штабына биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында басқарма тарапынан 69 млн. теңге қаржы бөлінген.

Ал еңбек жасағының қалған 2 бағыты бойынша да облыс көлемінде жастар іске қызу кірісіп кеткен. Сарбаздарды Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетіндегі «Марғұлан орталығымен» бірге сакралды орындардың аумағын тазалап, қоршау жұмыстары күтіп тұр. Осы бағытта 2017 жылы тек Баянауыл өңірінде ғана жұмыс істеген сарбаздар осы маусымда Екібастұздың Әулиекөл, Өлеңті, Ақбидайық, Баянауылдың Торайғыр су айдындары мен Кемпіртас ескерткішін, Май ауданының Кемертұз аумақтарын тазарту жұмысын жүргізбек. Облыстық «Жасыл ел» еңбек жасағының құрылыс штабының директоры Нұргүл Айғожинаның мәліметінше, сакралды орындарға баруға 80 сарбаз тартылған.

- Облыс бойынша «Жасыл елде» 2700 адам еңбекке тартылса, соның 1500-і экологиялық жасақта жұмыс істеп, аудандар мен қалалардағы жасыл кеңістіктерге қамқорлық жасап, көгалдандыру шараларына тартылады. Сонымен қатар биылғы еңбек маусымына Павлодар ауданы да қатысып отыр. Олар 3 жыл қатарынан «Жасыл елге» қаржы бөлмей келген болатын. Ал биыл осы мақсатқа 1 млн. теңге берді. Енді Павлодар ауданының жастары күзде егін жинау науқанына жұмысқа шығады, - дейді Нұргүл Айғожина.

Айта кетелік, биылғы маусымда «Жасыл елдің» логотипі мен формасы жаңартылып, қалалар мен аудандардың командирлеріне арнайы куәлік табыс етілді. Ал жасақтың жұмысы жайынан көпке хабар тарататын «Вестник» газетінің алғашқы саны да жарық көрді. Бірінші саны тек қана орыс тілінде шыққан газеттің алдағы уақытта ана тілімізде басылып, көпке тарайтынына сенеміз.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz