«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдар-ламалық мақаласында Елбасы халықтың көкейінде жүрген бір-қатар мәселелердің тамырын дөп басқан. Ұлттық сана, әдебиет пен мәдениетіміздегі жуық арада жүзеге асуға тиісті мәселелер айтылған еді. Осы тұста білім саласына да ерекше көңіл бөлінген. Мақалада: «...Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», - делінген.

Мемлекетімізді замана көшіне жетелейтін жаңа жоба туралы өңірдегі ғалымдар мен жоғары оқу орындарының шәкірттері мынадай пікір айтады:

- Тарих пен саясаттану, әлеуметтану мен философия, психология, педагогика, экономика, мәдениеттану және филология ғылымдары - әр адам үшін білім кені. Жас ұрпақты заманға лайық оқыту – өмір талабы. Аталған жоба аясында алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең үздік деген университет оқулықтары түрлі тілдерден қазақ тіліне аударылып, студенттерге дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасалмақ. Бұл жұмыс үкіметтік емес және коммерциялық емес «Ұлттық аударма бюросы» деп аталатын қоғамдық қордың негізінде жүзеге асып жатыр. Аударма ісі оңай үрдіс емес. Оған екі тілді әдеби тұрғыда жетік білетін маман қажет. Біздің ойымызша, болашақта қолымызға тиетін 100 оқулық сапасы осы мамандардың біліктілігіне байланысты болмақ.

Аударылатын кітаптарды таңдау үшін еліміздегі барлық оқу орындарынан ұсыныс жиналып, барлығы 800-ден аса оқулық атауы келіп түскен. Жинақталған тізімдердің негізінде бірнеше рет басылған, соңғы басылымы кейінгі 3 жылда шыққан, мазмұндық тұрғыдан бейтарап болуы қажет деген талаптарға сүйене отырып, 18 оқулық таңдалған. Іріктелген оқулықтарды аудару жұмысына Қазақстанның алдыңғы қатарлы оқу орындары мен 100-ден аса маман қатысқанынан хабардармыз, келешекте де бұл орта білікті аудармашылармен толығар деген ойдамыз. Жоғарыдағы оқулықтар алдағы жылы басылып, жоғары оқу орындарына жеткізіліп, 2018 оқу жылынан бастап аударылған оқулықтар жоғары білім беру жүйесіне енетіні көңіл қуантады. Алғашқы аударылған 18 оқулықтың ішінде Америка тілшілер қоғамының президенті Виктория Фромкин бастаған ғалымдар тобының «Тіл біліміне кіріспе» оқулығы, Лее Анна Пек авторлығымен жазылған «Медиаэтика» және Светлана Тер Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация»» атты оқулықтарының қазақ тіліне аударылғаны оқу үрдісіне құнды бір әдебиеттің қосылғаны деп есептейміз. Оқулық мазмұнын сараптай келсек, Виктория Фромкин бастаған ғалымдар тобының «Тіл біліміне кіріспе» оқулығында тілдік өзгеріс, тілді меңгеру, жазба тілдің негіздері, тіл және адам миы сияқты мәселелердің жаңаша талдауы ұсынылған. Ал, Лее Анна Пек авторлығымен жазылған «Медиаэтика» атты оқулығында БАҚ саласында кездесетін этика мәселесі, қоғамдық қатынастар саласында қызмет ететін жас мамандарға ақыл-кеңес жиынтығы беріледі. Әртүрлі жағдайдағы моральдық мәселелерді шешудің жолдары ұсынылған. Светлана Тер–Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация»» атты оқулығында түрлі ұлт, мәдениет өкілдерінің өзара тілдік қарым–қатынасының мән–маңызы және оның алғышарттары туралы ой қозғалады. Мәдениетаралық коммуникация моделіне талдау жасалады. Міне, мұндай оқулықтар сапы бүгінгі білім мазмұнын тереңдету үшін пайдасы зор деп білемін, - дейді филология ғылымдарының кандидаты, профессор Айман Зейнулина.

Ал С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік универ-ситетінің сәулет-құрылыс факуль-тетінің 3-курс студенті Жанболат Хасан аталған жаңалықты естігенде айрықша қуанғанын айтады:

- Біз әлемдегі дамыған елдердің озық ойлы ғалымдарының еңбектеріне, ашқан ғылыми жаңалықтарына көңіл қоюға тиістіміз. Олай етпейінше, алпауыт елдермен иық тірестіріп, дамыған 30 елдің қатарына кіруіміз мүмкін емес. Қазақстанның жастары – біз, заманауи білім алып, тәжірибе жинақтау үшін шетелге шығуымыз керек. Бірақ «Болашақ» бағдарламасымен оқу барлығымызға қолжетімді емес. Сондықтан да әлемдегі ең мықты деген 100 оқулықтың мемлекеттік тілге аударылғаны ұлт үшін тиімді деп ойлаймын. Жан-жағымызға бажайлап қарасақ, әлем елдері арасында жекеменшік көзқарас басым. Біздегідей жеке бағдарлама қабылдап, білім саласын қамқорлығына алып жатқан мемлекеттер сирек. 100 жаңа оқулықты аудару біздің рухани жаңғыруымыздың қозғаушы күші болады, - дейді ол.

Озық үлгідегі 100 оқулықтың мемлекеттік тілге тәржімалануы ана тілімізді халықаралық ғылыми лексикамен байытып, ғылыми терминологияны дұрыс жолға қоюға ықпал етеді деп сенеміз. Әлем мемлекеттері де аударма арқылы Қазақстанды тани түсері сөзсіз. Бірақ осы жерден бір мәселенің құлағы қылтияды. Біздегі аударма саласы түбегейлі жолға қойылмағаны анық. Шет тілдерін жетік білетін мамандар бізде бар ма? Болса қазақшасы қалай? Аудармашы орашолақ болса, тәржімаланған оқулықтың сапасы қандай болмақ? Түпнұсқасының орнын алмастыра ала ма? Бұл сұрақтар әзірге жауапсыз қалып отыр.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz