- Роза, Павлодарға қош келдің! Жерлестеріңнің алдында бір айдың ішінде 2 рет өнер көрсетіп, сағыныштарын бір бастың-ау деймін. Үлкен сахналардан көрінбей кеттің ғой...

- Иә, соңғы кездері ән кештерінде, телебағдарламаларда мүлдем көрінбей кеттім десем де болады. Мені көрермендер «Қазақстан дауысы» жобасынан кейін жоғалтып алды. Оған себеп, біріншіден, балам кішкентай болса, екіншісі - соңғы кездері өз бағымды актерлік салада сынап көруді жөн деп шештім. Сөйтіп, бірнеше фильмге түсіп үлгердім. Яғни эфирден көрініп, бейнебаян түсіріп, жаңа әндер жарыққа шықпай жатса да өнердің ауылынан алыс кетпедім. Ал қазіргі уақытта репертуарым жаңа әндермен толығып жатыр. Өткенде «Ertis Promenadе» сахнасында бірден 4 жаңа әнімнің тұсауын кестік. Тіпті, жуық арада бір әнге бейнебаян түсіруді жоспарлап отырмын.

- Дегенмен де сені көпшілік әнші ретінде таныды. Тыңдармандарың жаңа әндер мен бейнебаяндар күтетінін білесің. Бірақ, соңғы уақытта бар күш-жігеріңді фильмдерге түсуге арнап жүргенің сенің әншілікті тастап, актерлікке біржола бет бұрғаныңды білдірмей ме?

- Жоқ, мен әншілікті ешқашан тастамаймын. Ол - маған анамның ақ сүтімен, әкемнің қанымен берілген ерекше дарын. Сондықтан «Роза әншілікті тастапты» деген ойдан аулақ болыңыздар. Осы күнге дейін бірнеше фильмге түсіп үлгердім. Соның алғашқысы қысқаметражды авторлық фильм болатын. Оның режиссері Мәскеудегі тәлімгерім еді. Осы жұмысты бастамас бұрын біз 3 ай көлемінде арнайы курстардан өтіп, тәжірибе жинауға тырыстық. Үлкен дайындық пен ізденістің арқасында менің рөліме мамандар оң бағасын берді. Бұдан кейін 100 бөлімнен тұратын «Айман-Шолпан» телехикаясында белгілі бір образды сомдадым. Бұл алғашқысына қарағанда қиындау болды. Менімен бірге бұл хикаяда танымал әнші, талантты актриса Салтанат Бақаева ойнаған еді. Ол кісі маған өзінің ақыл-кеңестерін айтып, көмектесіп жүрді. Егер адамның бастаған жұмысына деген махаббаты мен қызығушылығы тасып тұрса, кез келген қиындық уақытша деп ойлаймын.

Алда көрермендерді тағы да бір жаңа туындымен қуантатын боламын. Ол да фильмге қатысты. Осы сәтте мен «Кейкі мерген» атты тарихи фильмге түсу үстіндемін.

- Керемет! Осыған кеңірек тоқталып өтсең. Мұнда қандай рөлді сомдайсың? Жалпы, қалың көрермен оны көгілдір экраннан қашан тамашалай алады?

- Бұл фильмде маған Мария есімді орыс қызының рөлі бұйырды. Оған таңдалып алынбас бұрын арнайы кастингтен өттім. Көп қыздың арасынан шығармашылық топтың таңдауы маған түсіпті. Олар хабарласып, «Мария рөліне таңдалдыңыз» дегенде қатты қуандым. «Кейкі мерген» фильмі туралы естігеннен бастап, арманым оған түсу болған еді. Нәтижесінде басты рөлдің бірі маған бұйырды.

Кейкі мерген туралы айтар болсақ, ол - ерлігімен халық жадында мәңгі қалған адам. Бұл телехикая батырдың өмірі мен ерлігін, әсіресе мергендік шеберлігін көрерменге кеңінен паш ететін болады. 16 бөлімнен тұратын телехикая Тәуелсіздіктің 27 жылдығына орай 16 желтоқсанда көрер-менге жол тартады деп жоспарланып отыр.

Қазір менің шығармашылығымда аздаған үзілістен кейін үлкен бір «аласапыран» басталған тәрізді. Үнемі жол үстіндемін. Аптаның бірнеше күнінде фильмге түсу үшін көне Отырар қаласында болсам, қалған күндері еліміздің өзге қалаларында концерт беріп жүрмін.

- Әншілік пен актерліктің біреуін таңдау керек болса не істер едің?

- Бұл сұраққа ешқашан ойланып көрмеппін. Ән айту мен рөлді сомдау - екі бөлек әлем. Мен ән айтқанда кешетін ерекше күй мен сезімді кинодан көре алмаймын. Бірақ өз табиғатыңнан бөлек образды сомдау ән айтудан да өзгеше. Сондықтан мен үшін екі жолдың бірін таңдау қиын. Әншілік пен актерлікті бір мезгілде қатар алып жүре алмайтынымды білсем де мен олардан бас тартпаймын. Себебі әлемде бірнеше өнердің басын біріктіріп жүрген талай өнер жұлдыздары бар. Алысқа бармай-ақ, өзіміздің отандық өнерпаздардың арасында да әнін айтып, бағдарламасын жүргізіп, киносына түсіп, жеке бизнесінің шаруасын дөңгелетіп отырған талай жұлдыз бар. Мұндай бесаспаптық қолымнан келетініне сенемін.

- Өзіңді өнер әлемінде танытқан «Қазақстан дауысы» жобасынан кейін Әли Оқаповпен бірлесіп жұмыс істей бастаған едің. Оның ақыры не болды?

- Негізі Әли Оқаповпен жұмысымызды тоқтатуымызға бірнеше жайт себеп болды. Оның алғашқысы - біз небары 1 жылға ғана келісімшартқа отырған болатынбыз. Тура 1 жылдан кейін жұмыс тоқтады. Әрине, одан кейін де жалғастыруға болар еді, бірақ ол кезде менің сәбиім 9 айлық еді. Сондықтан уақытша өнерден қол үзуіме тура келді.

- Ал қазір ше? Продюсерің бар ма?

- Жасыратыны жоқ, продюсерсіз жұмыс істеу өте қиын. Әлимен жұмыс жасаған кезде айтатын әніме, сахналық киіміме, қала берді, қаржы мәселесіне бас қатырмайтын едім. Ал қазір бәрін бір өзімнің атқаруыма тура келеді. Ән таңдау, бейнебаян түсіріп, оны өңдеу – осының барлығын қадағалап жүруім керек. Ал бұл көп уақытты талап етеді. Осы орайда маған қол ұшын беріп, үнемі қолдап отыратын жолдасым Әділ бар. Бірақ оның маған продюсер болғысы жоқ. Біршама уақыт менің арт-директорым болды. Өзі де шығармашылықтың адамы болғандықтан, оның жұмысына кедергі болғым келмеді. Жолдасым менің ойымды құптап, әркім өзінің жеке шығармашылығымен өзі айналыссын деген шешімге келдік. Бірақ ол - әркез менің ең бірінші ақылшым, сыншым әрі тірегім. Қандай жағдайда да мені қолдайтынын білемін.

- Роза, сұхбатымыздың ауанын отба-сыңа қарай бұрсақ. Отбасын ерте құрдың. 18 жасыңда «тұрмысқа шығамын» дегенде ата-анаң қарсы болмады ма?

- Меніңше, ерте тұрмыс құру тек жақсылыққа апаратын сияқты. Әділді 15 жасымнан бастап танимын. Үйленуге ұсыныс жасағанда бірден келісімімді бердім. Арманымдағы азаматты кездестіргенімді түсіндім. Менің бұл шешімімді анам қалай қабылдайды екен деп алаңдадым. Себебі 18-ге толуыма әлі 3 ай уақыт бар еді. Әділдің үйіне ата-анасымен танысуға барғанда, әкеміз желтоқсанның 22-сі күні 18-ге толатынымды білгенде, 24-і күні той жасап беремін деп кесіп айтты. Ал қыз ұзату тойы 17 жасымда-ақ өтіп кетті. Жалғыз бала болғасын анама ауыр тиді. Десе де, Әділдің ата-анасы анаммен сөйлескен соң, келісімін берді.

- Бала тәрбиесімен айналысуға уақыт табасың ба?

- Кез келген ата-ана үшін жұмысынан бұрын баласының тәрбиесі биік тұрады деп ойлаймын. Әрине, мен үшін баламның тәрбиесі, оның болашағы әрдайым басты орында. Әлиханым қазір 4 жаста. Отбасылық өмірде, бала тәрбиесінде болсын маған аналарым көмектеседі. Білмегенімді сол кісілерден сұрауға тырысамын.

- Роза, уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңа рақмет!

Сұхбаттасқан – Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz