- Серік Қасымханұлы, Елбасының Жарлығымен халқымыздың киелі домбырасын ұлықтау шарасы сәтін салса үлкен мерекеге айналмақ. Қадыр ақынның: «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра» деп қара өлеңмен толғаған ұлттық аспап төрге озды. Музыка маманы ретінде бұған не айтар едіңіз?

- Бұл – барша қазақтың ақжарма қуанышы деп білем. Домбыра – генетикалық код. Домбыра – қазақ болмысы. Кешегі өткен Боғда, Асан қайғы, Кетбұға, Құрманғазы, Дәулеткерей, Қазанғап, Сүгір, Тәттімбет пен Дина... бәрі-бәрі сезім тербеген талай туындыларды дүниеге әкелді, олар өз заманының үнін домбырамен жеткізді. «Рухани жаңғыру» дейміз, Елбасы осы бағдарлама арқылы әр адамға вариативтік тұрғыдан еркіндік беріп отыр ғой. Кеше ғана Түркістан облыс мәртебесін алды, міне, Домбыра күні белгіленді. Ой жіберіп қарасақ, осының өзі «Рухани жаңғырудың» бір сипаты емес пе?! Павлодардың бір музейінде сан ғасырлық домбыра бар, қазір археологтар бағзыдағы домбыра, домбыраға ұқсас музыкалық аспаптар табуда. Бүгінгі ұрпақ үнін естіп үлгермеген бірқатар музыкалық аспаптар жоғалып барады, кейбірін тауып та жатырмыз. Ал домбыра халықпен бірге жасасып келеді. Біздің ұғымымызда күй – тәңірдің үні, көнеден жеткен күмбір сыр. Сондықтан әр қазақтың төрінде домбыра болуы керек деп білем. Баяғыда Жамбыл атаға бір ақын кеп, «мен ақынмын» деп өзін таныстырғанда қолында домбырасы жоқ екен. Сонда Жамбыл ата: «Домбырасыз жүрген қандай ақынсың өзі...» деп қабылдамаған деседі.

- Ойпырмай ә. Расында, домбыраны ұлылардың осылайша әспеттеуінің өзі ұлылық қой.

- Иә-ә. Тәттімбет күйші хал үстінде жатқанда кеудесіне домбыраны қойып «Көкейтестіні» тартқан дейді. Мұқағалидің «Дариға, домбырамды берші маған..» деп толғануының өзі неге тұрады?!

- Серік Қасымханұлы, Домбыра мерекесі қалай аталып өтуі керек деп ойлайсыз?

- Домбыра күні мерекесін асыра сілтеп, жасандылыққа айналдырмау керек. Халықтық мереке қыламыз деп «запись» жасап, 100, 1000 домбырашыны көшеге шығарып, жасанды музыка жасау, флеш-моб өткізу дұрыс емес. Керісінше, бұл күні домбыраның ғасырдан-ғасырға жетуіне үлес қосқан қазақтың дәулескер күйшілері жайлы толғамдар айтылып, ғылыми жұмыстар жасалып, ұлттық аспапқа философиялық тұрғыдан терең бойлауымыз керек. Байырғы күйшілердің туындыларын бүгінге жеткізген, жаңғыртқан Нұрғиса Тілендиев, Қаршыға Ахмедияров, Секен Тұрысбеков, Айтқали Жайымов, Төлеген Момбеков, т.б. домбыраны жоғалтпай, керісінше әлемдік деңгейге көтерген күйшілер дәріптелуі тиіс.

Көпшілікке белгілі, Екібастұз қаласындағы балалар музыка мектебінің ғимараты Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен салынып, 2012 жылы 12 желтоқсан күні ашылған болатын. Елбасының өзі 2014 жылдың 6 тамыз күні Екібастұз қаласына жасаған ресми іс-сапары барысында мектепке арнайы келіп, тапсырмасының орындалғанын көріп, ризашылығын білдірді, сыйлыққа шағын автобус тарту етті. Осы мектепте бірнеше жыл директор болып қызмет еттім, материалдық-техникалық базасын жақсартуға демеушілер тартып, Екібастұзда әсіресе ұлттық өнердің өркендеуіне үлес қосуға тырыстық.

- Бәрекелді! Сол жаңашылдық музыка колледжінде де іске ассын деп тілейік! Біздің аймақта домбыраның ахуалы қай күйде? Жалпы, домбырашыларымыздың деңгейі жайлы не айтар едіңіз?

- Біздің өңірдің күй әлемі дегенде алдымен Рүстембек Омаров дәріптелуі тиіс. Ол - Керекудің күйшілік өнерінің ірі өкілі, дүлдүл күйші. Ол Дина шешейдің батасын алған, күйлерін өз қолынан үйренген. Дина күйшінің туындыларының иірімі, қағысы, күй орындау техникасы өте күрделі, өз алдына бір мектеп. Оның күйлерін екінің бірі үйреніп, орындау оңай болмаған. Рүстембек атамыз асқан құйма құлақ болған, күйшінің күрделі күйлерін өз мәнінде орындаған. Ахмет Жұбановтың тәрбиесін көрген, консерваторияда оқыған. Рүстембек күйшінің дыбыстық техникасына арнап Шовельский, Шаргородский арнайы «Той бастар» шығармасын жазған. Міне, осындай дарынды күйші жайлы ғылыми жиылыс өткізіп, шығармашылығын насихаттасақ қане?! Біраз азаматтардың ұсынуымен әйтеуір күйші атамыздың есімі Иса Байзақов атындағы филармонияның қазақ ұлт аспаптар оркестріне берілді.

- Иә, осы мәселені кезінде «Сарыарқа самалы» газеті де көтерген-ді.

- Дұрыс болды. Осыдан екі жыл бұрын Лебяжіде аудан әкімінің ұйытқы болуымен Р.Омаров атындағы күй бәйгесі, «Шаңырақ» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен облыстық күй байқауы болды. Ол байқауда мен бас жүлдені жеңіп алғам. Міне, осындай бірді-екілі шаралар болмаса, Омаровтың шығармашылығы жайлы ештеңе айтылмайды. Домбыра күніне қатысты осындай игіліктерді жандандыру керек.

- Дұрыс-ақ! Өзіңізге белгілі, қазір мектепте оқытылатын пән оқулықтары жиі сыналады. Ал домбыра мектептеріндегі әдістемелік оқулықтар қалай, жаңартыла ма?

- Қазақ музыкасының әдебиеті, ұлттық өнер туралы еңбектер аз емес шығар, бірақ олар белгілі бір оқу орнының айналасында ғана шығарылады да, мектептерге, музыкалық білім беретін оқу орындарына таратылмайды, өйткені таралымы аз. Мысалы, біздің музыка колледжінің кітапханасында қазақ музыкасының әдістемеліктері, әдебиеті жайлы қазақ тіліндегі кітаптар 10 -ақ пайыз. Мен Екібастұз музыка мектебінің директоры болған жылдарда осы мәселені Сенат, Мәжіліс депутаттарының алдында сан рет көтердім. Музыка кабинеттерін жабдықтау, музыка мектептерінің әдістемелік оқулықтары жайлы мәселе бүгінгі күні өткір тұр.

Қазір музыка мектебі қосымша білім беру мектебіне айналды, ән-күй пәні факультативтік деңгейде оқытылады. Жалпы, бұл мәселелердің бәрі - Мәдениет пен Білім министрліктері бірігіп қолға алып, көркемдік кеңес әлде арнайы комиссия құрып, жүзеге асыратын іс.

- Жалпы, денсаулық саласы, білім саласы болсын мамандар білім жетілдіреді, арнайы курстарда оқытылады. Ал музыка мамандары ше?

- Жаңа бір сөзіңізде біздің аймақтың күй өнері қай деңгейде деп сұрадыңыз. Маман ретінде айтарым, бізде ұлттық музыкалық өнерді насихаттау жағы кемшін түсіп тұр. Ал талантты жастар көп, өте көп. Олардың музыкалық сауаттылығы, орындау техникасы, гармония, біліктілік жағы жақсы. Мысалы, Р.Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің бас дирижері Талғат Кәрімов - талантты азамат.

- Міне, сол секілді Қайрат Айтбаев та - мықты домбырашы. Ал білім жетілдіру жағына келсек, мұны мақтанышпен айтар едім. Бұл ретте колледжде «Көнеден жеткен күмбезді әуез» атты кешенді жобаны қолға алдық. Мақсат – қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын дамыту. «Атамұра» атты этнофольклорлық ансамбль құрылды. Ондағы музыкалық аспаптар санын 20-ға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ансамбльдің тұсаукесеріне «Хассақ» этнофольклорлық ансамблін шақырдық. Семинар ұйымдастырылып, домбырашы жігіттер шеберлік сағатын өткізді. Алматыдағы А.Жұбанов атындағы республикалық мамандандырылған музыка мектебінің қобызшы мұғалімі Ләззат Шуженованы шақырдық, ол кісі де шеберлік сағат өткізді. Осы шараларға облыстағы музыка мектептерінің домбырашы, қобызшы мұғалімдерін қатыстырдық. Біздің колледж қазір аймақтың әдістемелік орталығына айналды деуге болады. Бұл іс жалғаса береді.

- Серік Қасымханұлы, Сіз Секен Тұрысбектің өнер ұжымының құрамында болдыңыз. Секен күйшіден не алдыңыз?

- Секен аға ешбір дәлелдеусіз халық жүрегінен орын алған мықты күйші, композитор ғой. Күйлерінің лирикалық, философиялық мәні терең. Шертпелік орындаушылығы, вибрациясы ерекше. Елбасының тапсырмасымен Еуразия университетінің аясында әуелгі «Қоңыр қаз» ансамблінің орнына «Ақ жауын» оркестрін құрды. Өнер ұжымы мемлекеттік оркестр деңгейіне көтерілді. Секен ағадан көп үйрендік, ол кісіден «жарайсың» деген сөзді естудің өзі үлкен марапатқа пара-пар болатын. Секен аға - өнерге қайғырып қарайтын жан.

- Өзіңіздің елге танымал домбырашы атандыңыз. Жалпы, өнер әлеміне қалай келдіңіз?

-Мен бұрынғы Торғай облысы (қазіргі Қостанай облысы) Арқалық қаласының тумасымын. Руымыз Арғын ішінде Тағышы дейді, атақонысымыз – Қайғы деген жер, Асан қайғының есімімен байланысты дейді ел ішіндегі аңызда. Бұл туралы белгілі өнертанушы, публицист Қайыржан Мақанов «Егемен Қазақстан» газетіне жазған болатын. Асан қайғы бабамыз біздің атақонысымызға тоқтап, сол жерден өнердің иесін, киесін көрген деседі. Қайғы – қазір Қостанай облысындағы аудан орталығы. 8 жасымда анам Гүлжамал музыка мектебіне домбыра класына берді. Бұл мектепті ағам бітірген болатын. Мен 1-сыныптан-ақ көзге түсіп, түрлі концерттерге қатыса бастадым. Бірақ келесі жаңа оқу жылы басталғанда музыкаға бармай, ойнап кететін болдым. 1-ші тоқсанның соңына қарай мұғалімім келіп, анама айтып қойды. Содан ол кісі 2-3 ай бойы құлағымнан бұрап, музыка мектебіне жіберіп отырды. Анамның табандылығының арқасында талабымыз ұшталып, өнерге келдік... Нағашыларымда музыкаға бейімдік бар екен. Нағашы аға қолдан сырнай жасаған дейді, бірақ ол кісі ертерек қайтыс болыпты...

Бір айтайын дегенім, қазір жасөспірімдер арасында ұсақ-түйек қылмыс көп. Ал музыка, жалпы өнер саласында білім алып жүрген оқушылар қатыгездікке, ұрлық-қарлыққа бара қоймайды. Полицияда тіркеуде тұрғандардың арасында музыкада оқитын балалар бірді-екілі болмаса, мүлдем жоқ деуге болады. Бұл - музыка, ұлттық өнер, домбыра, қобыз, ән баланың тәрбиесіне, дүниетанымына, тәртібіне, жан дүниесіне оң әсерін тигізеді деген сөз.

- Қанша күй білесіз? Шығармашылық кеш өткізу жоспарда бар ма?

- Студент кезімде 100-ден астам күй білетінмін. Қазір қағазбасты болып кеттік, шығармашылыққа қол тие бермейді. Бірді-екілі шығарған күйлерім бар еді, әлі жария еткем жоқ. Дегенмен талапты шыңдау үшін кеш өткізуге болады деп ойлаймын.

Сұхбаттасқан – Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz