Осы күні іңгәлап дүние есігін ашқан әрбір сәби мен олардың анасына деген сый-құрмет ерекше болды. Мәселен, №1 Павлодар қалалық ауруханасының перзентханасына Павлодар қалалық мәслихатының депутаттары мен Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері қуаныш иелерін құттықтай барып, жас босанған аналарға домбыра тарту етті. Аталған перзентханада осы күні 3 ұл, 2 қыз бала дүниеге келді. Солардың бірі тұла бойы тұңғышын өмірге әкелген Лариса Лузина:

- Алғаш ана атанар сәтте бойымды қорқыныш билегені рас. Қиындықтың бәрі артта қалып, нәрестемді бауырыма басқан кезде керемет сезімді бастан кештім. Бүгін халық қалаулылары келіп, мерекемен құттықтады. Кішкентай Викория екеуімізге домбыра сыйлады. Менің достарымның көбі - қазақ. Болашақта Викторияны домбыра үйірмесіне берсем деймін, - дейді ол.

Ұлттық домбыра күнін тойлау барысында облыс орталығындағы Гагарин саябағында ауқымды шаралар ұйымдастырылды. Өңірі-міздің түкпір-түкпірінен жиналған 200-ге тар-та домбырашы бір мезетте алаңға билеп шы-ғып, ұлттық домбыраның пішінін сомдады. Сондай-ақ олар Жаяу Мұса Байжанұлының «Құмжылан» күйін орындап, көпшіліктің ыс-тық ықыласына бөленді. Саябақта колөнер ше-берлерінің көрмесі ұйымдастырылып, жергілік-ті өнерпаздар қара домбыраның шанағынан күмбірлеген күй төкті. Дәстүрлі ән өнерінің өкілдері арқа даласын асқақ әнге бөледі.

Сондай-ақ, саябақта Қазақстан халқы Ассамблеясы мен татар-башқұрт этномәдени орталығының ұйымдастыруымен Сабантой мерекеленді.

- Жыл сайын Сабантойға мыңдаған адам жиналады. Оның ішінде татар-башқұрт ұлтының өкілдерінен өзге де бауырларымыз бар. Сабантойдың ұлттық домбыра күнімен тұспа-тұс келуі жақсылықтың нышаны ғой. Бұл біздің ауызбірлігімізді арттырады, - дейді республикалық татар-башқұрт конгресі жастар қозғалысының төрайымы Элина Паули.

Қоңыр үнді төл аспабымыздың құрметіне өткен мереке Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде жалғасын тапты. Аталған музейге жиналғандар «Домбыра залының» ашылу рәсіміне куә болды. Өңірге белгілі айтыскер ақын Қуанышбек Шарманов шараны ұлттық аспапқа қатысты арнау жырымен бастап, көпшілікті бір серпілтіп тастады. Музей ұжымы Домбыра күні қарсаңында, Тәуелсіздіктің 27 жылдығымен орайластырып, есімі елге мәшһүр 27 жерлес тұлғаның домбыраларын жинақтап, керемет көрме ұйымдастырды. Көрмеде белгілі ғалым, қазақтың біртуар ұлы Қаныш Сәтбаевтың, Қазақстанның Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевтың, белгілі қаламгер Дихан Әбілевтің, атақты ақын, композитор Естай Беркімбайұлының, режиссер, драматург Қазақ КСР халық әртісі Кәукен Кенжетаевтың, жазушы Рамазан Тоқтаровтың және тағы да басқа бірқатар белгілі адамдардың домбыралары бар. Әсіресе, қазақ өнерінің айтулы тұлғасы Құдайберген Әлсейітовтің бүктемелі домбырасы жұрттың қызығушылығын арттырды. Ұлт зиялыларының жан серігіне айналып, марқасқа ұлдардың қуанышы мен жұбаны-шына куә болған көне домбыралардың әрқайсысы - теңдессіз жәдігер. Шара барысында жергілікті өнерпаздар күмбірлеген күймен құлақ құрышын қандырды. Домбырашылардың қимылына қосыла билеген қуыршақ «Ортекелердің» өнері көпшілікті тәнті етті. Заманында белгілі ғалым Ахмет Жұбанов: «Ортеке - қазақ қуыршақ өнерінің бастауы», – деп жоғары баға берген еді. Замана ағынына ілесе алмай, көлеңкеде қалып қойған бұл өнердің өңірімізде жанданып келе жатқандығы көңіл қуантады.

Сондай-ақ, жергілікті шебер, ағаш ұстасы Қуандық Әбуұлы жиналғандарға домбыра аспабының жасалу жолдарын көрсетіп, көпшілікке ұсталық өнердің қыры мен сырын түсіндірді.

Павлодар облыстық Көркемсурет музейінде «Бабалар үні - домбыра» атты суретшілердің көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Қазақ өнерінің баға жетпес байлығы, еліміздің дәстүрлі музыкалық аспабы – домбыраға арналған суретшілер-дің шығармалары сөреден орын алған. Экспозицияға Т.Тоғызбаевтың, Ү.Әжиевтің, Т.Төлеевтің, Ә.Игембаевтың және басқа да қылқалам шеберлерінің туындылары қойылған. Көрменің төрінде бармағынан бал тамған күйші Дина Нұрпейісованың портреті ілулі тұр. Аталған көрмені қала тұрғындары мен қонақтары 12 шілдеге дейін тамашалай алады.

Ұлт руханиятына, қазақ өнеріне тың серпіліс әкелген Ұлттық домбыра күні Ертіс өзені жағалауындағы «Әсерлі ән сал, домбыра» фестивалімен қорытындыланды. «Ertis Promenade» сахнасында төл өнерді насихаттап жүрген жергілікті өнерпаздар көпшілікке домбыраның сүйемелдеуімен әсерлі әндер шырқады. Домбыраға қатысты ырым-тыйымдар көрсетілді.

Қазақ халқының күйініші мен сүйінішін шанағына сыйдырып, екі ішек, тоғыз пернеден сиқырлы әуен төгетін қасиетті домбыра – қазақ өнерінің темірқазығы!

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz