Бұл – Қазақстанның Халық жазушысы Қалижан Бекхожиннің Мәпіш Шәріпқызы туралы айтқаны. Қарымды қаламгердің оң бағасына ие болған Мәпіш Шәріпқызының болмысын жазған шығармаларынан байқау қиын емес.

Баянауыл жұрты ҚР оқу-ағарту ісінің үздігі, жерлес ақын, жазушы Мәпіш Шәріпқызының 90 жылдық мерейтойына арналған «Жыр-бесікте тербеткен дүниені» атты әдеби кештің куәгері болды. Жиында Баянауыл ауданының әкімі Оразгелді Қайыргелдинов кеш иесіне «Баянауыл ауданының Құрметті азаматы» атағын табыс етті.

Ақын, ардагер ұстаз Зекебай Солтанбаев ақын өлеңдеріндегі қанатты сөз деуге лайықты тіркестерді тізіп берді. Қаламгер, «Ақбеттау» журналының редакторы Сайлау Байбосын Мәпіш апаның қаламынан туған естеліктердің мән-мағынасына тоқтала келе, өзінің жүрекжарды тілегін өлеңмен арнады.

Мәпіш Шәріпқызы оқу-ағарту ісінде де еселі еңбек етті. Еңбек етіп жүрген шағында да шығармашылықпен айналысып, ақ қағаз бен қара сияны серік еткен жан. Алдыңғы буынның еңбегі мен өнерін, өмір жолын жастарға таныту - жарқын болашақ кепілі. Өз кезегінде жас ақын Еламан Қабділәшім Мәпіш Шәріпқызы туралы ғұмырнамалық, шығармашылық баяндама жасады.

Әдеби кеш ақынның өлең-жырларын насихаттауға бағытталды. Шара барысында кеш иесінің өлеңдері оқылып, тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді. Қазақстан Респуб-ликасы мәдениет саласының үздігі Жамбы Мәшімнің режиссерлігімен сахналанған композициялық қойылымдар кеш маңызын арттыра түсті. Шарада ардагер ұстаз, әнші Темірбике Бопиқызы, Самал Жақыпова, Алтай Омаров, Жандос Адамовтар өнер көрсетті. Қарағандыдан арнайы келген халықаралық телерадио журналистикасының ардагері Сағат Батырхан да кеш иесін құттықтады.

Өлеңін өмірім деп бағалайтын шалқар шабыт иесіне зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілейміз.

Мұсабек ЫДЫРЫС, Баянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz