Жұмагелді Қасенұлы – туризм сала-сының ардагері, Елбасының Алғыс хаты-мен марапатталған. Жасыбай орман ша-руашылығының, Ұлттық табиғи парктің Табиғатты қорғау және нысандарды қорғау бөлімінің басшысы болған. Кәсібі туралы ол былай дейді:

- Біздің Баянауылдың табиғаты әдемі, туристер көп келеді. Торайғыр ауылы да туристік аймақтың қатарында. Торайғыр көлі, Әулиебұлақ бұлағы бар. Тарихы да терең. Өзімнің орман, табиғатты қорғау саласында жинаған тәжірибемді ауылдастарыммен бөліскім келді. Оларды кәсіпке баулу арқылы туризмді дамыту, табиғатты қорғау секілді игілікті істермен айналысуларына мүмкіндік жасауды ойластырдым. Үкімет тарапынан Баянауыл өңірінің туризмін дамытуға қаржы бөлінуде. Алайда жергілікті халықтың қолдауынсыз бұл істің нәтижесін көру қиын. Сондықтан бұған жергілікті тұрғындарды да қатыстыру керек. 2017 жылы туризм саласын өркендетуге бағытталған облыс әкімінің арнайы грантын иелендім...

Жұмагелді Дүйсекеев ана жылдарда орман шаруашылығында еңбек ете жүріп, зерттеу жұмыстарымен айналысып, оған оқушыларды да тартты. Бір ғана мысал, 2011 және 2013 жылдары Москва мен Ханты–Мансийскіде өткен 30-дан астам ел жиналған халықаралық Орман шаруашылығы байқауына оқушылармен қатысқан. Бұл шарада өзі де, оқушылар да экология, туризм, табиғатты қорғау тақырыбына баяндама жасап, 2011 жылы 5- орын, 2013 жылы 3- орын иеленді. Бірінші жылы осы байқауға қатысқан екі оқушы М.Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университетінің сертификатын иеленсе, одан кейінгі байқауда екі оқушыға - С.Торайғыров атындағы ПМУ-ге грант берілді. 2013 жылғы байқауға қатыстырылған жобасы 2015 жылы Сеул қаласында өткен дүниежүзілік Табиғатты қорғау форумына жіберіліп, өзі сол шараға қонақ ретінде шақырылған екен. Міне, осындай игілікті істермен айналысқан кәсіпкер -экологияның қазіргі жағдайы өзін айрықша алаңдататынын айтады.

- Қазақстанда Ұлттық табиғи парк 1985 жылы ашылды, сол кездегі мәлімет бойынша Жасыбай көлінің суасты көрінісі 4-6 метрге дейін (яғни судың асты 4-6 метрге дейін көрінетін) болатын, ал 2007 жылдың анықтамасы бойынша суасты көрінісі 1,5 метр ғана екен, - дейді ол әңгімесінде. - Су лайлануда, оның себептері көп. Жалпы, табиғатты күтудің, оған түсетін салмақтың белгілі бір мөлшері бар. Ұлттық парктің аумағы 60 мың га болса, соның 14-ақ мың га жеріне туристерге келуге рұқсат берілген. Ал салмаққа келетін болсақ, заңдылық бойынша жазғы демалыс 3 ай уақыт ішінде 14 мың га жерге демалуға 35-40 мыңдай турист келуі тиіс. Алайда соңғы жылдар дересінде бұл бірнеше есеге өсті, бір маусымда, әсіресе жаз айларында Жасыбай аумағында 150-200 мың турист демалады. Бұл жағдай табиғатқа антропогендік әсерін тигізуде. Міне, суасты лайлануының бірінші себебі – адамдардан келетін залал дер едім. Мысалы, бір ғана Жасыбай көлінің аумағында 24 қонақ үйі мен 40-тан аса дүңгіршек, дәмхана-лар бар. Шектен тыс мыңдаған адам-ның келуі, осыншама қонақүй, т.б. зардабы табиғатқа зиянын тигізуде. Сондықтан Баянауылдағы өзге де демалуға лайықты орындарды неге іске қоспасқа? Ол үшін біздің Торайғыр ауылының мүмкіндігі мол, тек іске кірісіп, ауылдастарды да туризм ісіне баулыған жөн деп білемін. Осы арқылы Жасыбайдың салмағын бөлісуге тиіспіз.

Кәсіпкер өзінің үйінен 12 орын қонақжай ашқан. Туристерге ең әуелі қазақтың ұлттық тағамдарын ұсынып, шетелдіктерге тағам дайындауды, екіншіден, ұлттық ойын-сауықтарды көрсетеді. Оның ішінде ат жарыс, аударыспақ, көкпар, жебе тарту (келушілердің тапсырысы бойынша) бар. Үшіншіден, экологиялық туризм, тарихи туризм, археологиялық және тілдік туризммен таныстыру. Төртіншіден, осы жерден шыққан тарихи тұлғалар қоныстанған, мәңгілік жай тапқан жер-лерімен таныстыру, олардың өмірбая-ны, шығармашылығын насихаттау. Сонымен қатар, Жұмагелді Қасенұлы бірінші кезекте ауылдастарын жұмыспен қамтып, оларды туризм саласына қызмет көрсету ісіне үйретуде.

- Біз бұл істі өткен жылдан бастап қолға алдық. Бір жылдың ішінде не тындырдық деген сауалға мынадай тұжырым жасадым: біздің халық туризм деген сөзден сескенеді. Әйтпесе, туризм дегеннің өзі қазақтың менталитетінде бар дүние. Бұл – қонақжайлық деген сөз. Қонақты күтуге біз дайынбыз. Мейлі ол шетелдік болсын, мейлі өз еліміздің адамдары болсын, қазақтың құшағы ашық. Ендеше, неден тартынамыз? Міне, Әулиебұлақ жағасында қаншама адам еңбектеніп, ақша тауып отыр. Ауыл тұрғындары үйінің іші-сыртын жөндеп, 10 қонақжай үй дайындап қойды. Ауылымыз көркейе бастады. Мысалы, биыл бір жарым- екі ай ауладағы жазғы үйде тұрсақ, үлкен үйде қонақтарды күтеміз. Бұл –кәсіп, кәсіптен нәсіп түседі. Ауылдастарым маған бәсекелес болады деп қорықпаймын. Осы іске бүкіл ауыл болып кіріссек, жағдайымыз жақсарады, табиғатты таза ұстауға, құрметпен қарауға үйренеміз. Қазір бізде 10 вело-сипед, 5 катамаран бар. Алдағы уақытта туристерді көптеп тарту үшін қысқы туризмді де дамытамыз, - дейді кәсіпкер.

Өткен жылы Торайғыр ауылына келген туристер саны 8 мыңнан 10 мың-ға дейін жеткен екен. Олардың арасында Англия, Франция, Қытай, Оңтүстік Корея, Канада, Бразилия елінен де келіпті. Шетелдіктерге қазақтың тұрмысы, тағамы, ойын-сауығы, ұлттық ерекшелігі қызық. Сондықтан шетелдік туристердің алдын ала тапсырысы бойынша «Ақжан» туристік ақпараттық орталығы жоғарыда аталған салалар бойынша қызмет көрсетеді. Балалар тіпті үлкендердің бақылауымен кәуап пісіріп, сатады. Кішірек ұл-қыздар шөлмектерді жуып, бұлақ суына толтырып, келгендермен сауда жасайды. Ал дүңгіршекте ұлттық кәдесыйлар, оның ішінде осы ауылдан шыққан Сұлтанмахмұт Торайғыров, т.б. жайлы кітап, кітапша, суреттер, басқа да ұлттық кәдесыйлар сатылады. Он екі қанат киіз үйде ұлттық ас мәзірі ұсынылады, ауыл тұрғындары қымыздан бастап, құрт, ірімшік, қоспа секілді ұлттық тағамдарды саудалайды. Қыста да туристерді ат–шанамен Кемпіртас секілді ғажайып көрінісі бар және тарихи орындарға апаруды, көл үстімен сырғанау, т.б. әсіресе өзге елден келгендерге қызық көрінетін туристік маршруттармен қыдыртуды қолға алған. Қысқы туризмді әлі де болса дамыта түсуге ден қойып отыр кәсіпкер.

- Мен - осы жердің өлкетанушысы-мын. 2011-2013 жылдары екі рет экспедиция жүргіздім. Бір өкініштісі, біздің аймақтың жер атаулары орысшаланып кеткен. Оларға тарихи атауын қайтару үшін біраз еңбектендік. Мысалы, мына тұрған қырлы тауды «Сәкен жар» деп атауды ұсындым. Бұған дейін «Пик смелых» деп жүрді ғой. Бұл таудың тарихи аты – Қырғыш (пошымы кәдімгі қазан қыратын құралға ұқсаған соң айтқан ғой), одан кейінгі аты Жүрек тас (астыңғы жағын үстіне төңкеріп қарағанда жүрекке ұқсайды), сосын Серке тас деп аталған. Таудан ұшып шыққан бүркіт бұлақ басында жайылып жүрген бір серкені алып кеткен, содан Серке тас аталған дейді. Одан кейін біз Сәкен жар дейміз. Сәкен Сейфулиннің «Тар жол тайғақ кешу» романында осы тау туралы жазылған. Сәкен қашып жүріп, осы ауылдағы Мұқай деген нағашысыныкіне келген, осы тауға шыққан. Біздің ауылдың аумағында Сақ қорғаны бар. Ол - өте киелі, атақты жер. Оны обсерватория дейді... Ол - өз алдына жеке әңгіме.

Иә, Торайғыр - арда табиғатының көз тартар көркемдігімен мақтаныш етерлік, тарихы да тереңде жатқан киелі мекен. Сондай-ақ, Әулиебұлақ басында әлемде сирек кездесетін Қандыағаш (жабысқақ) дейтін ағаш өсіп тұр. Қандыағаш Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде кездеседі. Сондай-ақ Ресей жерінде бұл ағаштың сұр түрі, Канадада қара түрі кездеседі. Бұл ағаштың қасиеті, денсаулыққа пайдалы, ал бұлақты эрозиядан сақтайды екен. Осындай киелі бұлақтың суын ішіп, киелі ағаштың саясында демалған, әрине, жанға рахат. Бұл жерді мекен еткен адамдардың талапты, еңбекқор, өнерлі болуы табиғатына байланысты, әрине.

Тау астынан сылдырай ағып жатқан тастай бұлақ суынан ішіп, ол жердегі тіршілікті көріп, бұл – Торайғыр ауылы үшін үлкен игіліктің басы болар бұлақ болғай дестік. Іске сәт!

Сая МОЛДАЙЫП
Баянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz