Футболдан 21-ші рет өтіп жатқан әлем чемпионаты Ресейдің 11 қаласындағы 12 стадионда өтуде. Төрт-төрттен 8 топқа бөлінген 32 команданың қатарында әлем чемпионатына тұңғыш рет қатысуға мүмкіндік алған Панама мен Исландия құрамалары бар.

Бір қызығы, соңғы 60 жылда әлем чемпионатына үзбей қатысып келе жатқан Италия құрамасы осы додада төбе көрсете алмады. Ал FIFA биылғы әлем чемпионатының сыйақы қорын молайтқан. Бағы жанған команда 50 млн. АҚШ долларын иеленеді. Естеріңізде болса, 2014 жылы чемпион атанған немістер 35 млн. доллар еншілеген еді.

А тобында қарсыластарының барлығын ұтқан уругвайлық аяқдопшылардың қарқыны қатты. 2014 жылғы әлем чемпионы - Германия футболшылары жанкүйерлерін сүйіндіріп те, күйіндіріп те үлгерді. Немістер алғашқы ойынын Мексика құрама командасына қарсы өткізіп, 1:0 есебімен ойламаған жерден ұтылып қалды. Йоахим Левтен тәлім алатын неміс жігіттері келесі ойында шведтермен шеберлік байқасты. Кездесудің 32-ші минутында швециялық ойыншы Ола Тойвонен есеп ашты. Араға 16 минут салып Германия шабуылшысы Марко Ройс есепті теңестірген. Тең ойын германиялықтардың келесі айналымға шығуына жеткіліксіз еді. Ойын соңында айып соққысын сәтті орындаған Тони Кроос өз құрамасына жеңісті жұлып алып берді. Осылайша, неміс машинасы кездесу аяқталарға жарты минут уақыт қалғанда жанкүйерлеріне тосынсый жасады.

Алайда германиялық жанкүйер-лердің қуанышы ұзаққа созылмады. Кезекті ойында немістер Оңтүстік Кореяға қарсы ойнады. Кездесу қос тарап үшін де оңайға түскен жоқ. Кәрістер кезекті бұрыштама добын орындау барысында есеп ашты. Осы көрсеткіш ұзақ уақыт бойы сақталып тұрған-ды. Гол соғудан дәмелі болды ма, кездесудің соңына қарай Германия қақпашысы Мануэль Нойер міндетін ысырып қойып, ойынға араласты. Осы сәтті ұтымды пайдаланған кәріс шабуылшысы Сон Хын-Мин бос тұрған қақпаға ала допты енгізіп үлгерді.

Тарих қайталанады деген сөз рас. Неміс «сарбаздары» тағы да Мәскеуден Берлинге тауы шағылып, жеңілістің ащы дәмін татып қайтты. Доп – домалақ деген осы!

Мына қызыққа қараңыз. Германия футболшылары ел экономикасына айтарлықтай шығын әкелген. «Deutsche Welle» агенттігінің хабарлауынша, Германия-Оңтүстік Корея арасындағы ойынды тамашалау үшін немістердің 30 пайызы қызметтерін тоқтатқан. Соның кесірінен Германия экономикасы 200 миллион еуро көлемінде шығынға ұшыраған. Бұл жердегі гәп Ресей мен Германияның арасындағы уақыт айырмашылығы болып тұр.

Әлем чемпионатын үнемі қадағалап отыратын «Барселона» басшылығы Германия қақпасына гол соққан мексикалық жартылай қорғаушы Ирвинг Лоссаноны «ұнатып қалыпты». Сондай-ақ жасыл алаңда жарқ етіп көзге түскен даниялық Кристиан Эриксен мен Александр Головкинге де қызығушылық танытып отыр. Болашақта аталған 3 спортшы Барселона сапында доп тебуі мүмкін.

«D» тобындағы алғашқы жолдаманы Хорватия жеңіп алса, екіншісін Аргентина аяқдопшылары иеленді. Оңтүстік Америкалықтар топтағы соңғы ойында Нигерияны тізерлетті. Санкт-Петербургте өткен ойынның 14 минутында Аргентинаның шабуылшысы Лионель Месси әлем чемпионатындағы алғашқы голын соқты. Кездесудің 51-минутында нигериялықтар есепті теңестірген. Ойынның 86-шы минутында Аргентиналық Маркос Рохо командасына жеңіс сыйлады. Есесіне 86-минутта Рохо аргентиналықтарға жеңіс сыйлаған голды соқты.

1/8 финалында жолдары түйіскен Аргентина мен Франция арасындағы кездесуде 7 гол соғылды. Оның 3-уі Лионель Месси бастаған командаға тиесілі болса, 4-уі француздардың қанжығасында. Осылайша чемпиондықтан үмітті деген Аргентинаның жігіттері де орта жолдан Отандарына оралуға мәжбүр болды. Плей-офф кезеңіне өткен Уругвай мен Португалия арасында өрбіген ойында 2:1 нәтижесі тіркелді. Бразилия мен Мексика арасындағы кездесу қос тараптың жанкүйерлерін біраз әбігерге салды. Ойынның алғашқы кезеңінде есеп ашылмағанымен, үзілістен соң бразилиялықтар 2 гол соғып, келесі кезеңге өтті. Испания мен Ресей арасындағы кездесу нағыз жаңалыққа толы ойын болды. 2014 жылғы Әлем чемпионы испаниялықтардың басты фаворит екендігіне ешкім де күмән келтірген жоқ. Тіпті, алдын ала болжам жасайтын мықты мамандардың да біразы Испанияға жеңісті беріп қойған. Бірақ жасыл алаңдағы жағдай басқаша өрбіді. Мәскеудің «Лужники» стадионында өткен ойын өте тартысты өтті. Чемпион атағы бар командаға жарыс қожайындары тегеуірінді қарсылық көрсетті.

Ойынның 12-минутында испаниялықтар есеп ашты. Бұдан соң испаниялықтар допты өздерінде көбірек ұстауға тырысты. Тек ойынның 41-минутында Испанияның орталық қорғаушысы Жерар Пикенің қолына доп тиіп, төреші айып добын белгілеген еді. Ресейлік ойыншы Артем Дзюба мүлт кеткен жоқ. Тең ойынмен үзіліске шыққан қос тарап ойынның екінші бөлігін тың серпінмен бастады. Бірақ испаниялықтар алаңға толықтай үстемдік орнатты. Екінші кезеңнің соңғы минутында допқа иелік ету көрсеткіші 78/22 пайыз, қақпаға бағытталған соққылар көрсеткіші 8:0 болғандығы да осыны растаса керек. Ойынның негізгі уақытында бірін бірі ала алмаған қос тарап 30 минуттық қосымша уақытта да кім мықтыны анықтай алмады. Ойын тағдыры тек пенальтилер сериясында ғана шешілді. Өз кезегінде Испан футболшылары үш соққыны дәл бағыттаса, ресейліктер 4 рет қарсыластар қақпасының кілтін тауып, жеңіс тойын тойлады.

Осылайша жарыс қожайындары ширек финалға өтті. Олардың келесі қарсыласы – Хорватия. Ширек финалға өткен Бразилия Бельгия ойыншыларымен кездеседі. 1/4 финалына шыққан Уругвайлықтар Францияның қауқарын байқап көреді. Швециялық аяқдопшылар Англиямен жасыл алаңда шеберлік байқасатын болады.

Міне, Ресей жерінде өтіп жатқан әлемдік доп додасы да аяқталуға жақындап қалды. Сәт сайын жасыл алаңдағы жарыс қыза түсуде. Бүгінге дейін жоспарланған 64 кездесудің 58-і өтті. Алаңдағы төреші 189 рет сары қағаз көрсетсе, 4 ойыншы алаңнан қуылған. Дания ұлттық құрамасының ойыншысы Кристиан Эриксен жасыл алаңда 51 шақырым жүгірген екен. Қарсыластар қақпасына ең көп гол соққан бельгиялық команда көпшілік назарына ілінді. Олар осы күнге дейін қақпаға 12 доп енгізген.

Алдағы уақытта FIFA басшылығы әлем чемпионатына қатысатын командалардың санын 32-ден 48-ге дейін көбейтеді деген ақпарат бар. Бұл мәлімет іске асатын болса, Әлем чемпионатында доп тепсек деген Қазақстанның арманы да ақиқатқа айналар күн алыс емес болар, бәлкім.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz