Биыл Елбасының бес әлеуметтік бас-тамасы аясында кәсіпкерлікті қолдауға қосымша 20 млрд. теңге қаражат бөлінгені белгілі. Осылайша, шағын және орта бизнесті дамытуға барлығы 62 млрд. теңге көлемінде қаржы үлестірілмек. Бұл игіліктен Павлодар облысы да құр қалып жатқан жоқ.

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының аймағымыздағы филиалының директоры Сайра Ықыласованың айтуынша, үстіміздегі жылы нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында Павлодар облысына 711 255 000 теңге көлемінде қаражат бөлінген. Жыл басынан бері аталған бағдарламаға қатысуға 103 тұр-ғын өтініш берген. Олардың ұсынып отырған жобаларының жалпы құны 376 800 000 тең-гені құрап отыр. Әзірге жалпы сомасы 282 000 000 теңге болатын 78 өтініш қанағаттандырылған. Тағы 25 өтініш қарастырылуда.

Бағдарлама игілігін көргендердің қатарында Качир ауданының орталығы Тереңкөл ауылының тұрғындары бар. Жалғызбасты ана Татьяна Анцифирова жүк тасымалы қызметін дамытуды қолға алған. Ол Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 6 млн. теңге көлемінде жеңілдетілген несиеге қол жеткізген. Аталған қаражатқа кәсіпкер «КамАЗ» маркалы жүк көлігін сатып алған.

Тереңкөл ауылының тағы бір тұрғыны Бәкібай Жақыпов та мемлекет қолдауының арқасында кәсібін дөңгелетіп отыр. Бұған дейін мал шаруашылығын дамытып, жүк тасымалымен айналысқан. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан бизнесін дамытуға 6 млн. теңге несие алған. Бұл қаражатқа трактор, шөп жинайтын құрылғылар сатып алған.

- Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы жайында жергілікті мемлекеттік мекемелерден естіп-білдім. Бұған дейін төрт түлікке жем-шөп дайындау мәселесі қиынға соғатын. Мал азығын сатып алуға тура келетін. Сондықтан ойланбас-тан аталған бағдарламаға қатысуға бел будым. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының көмегімен көздеген несиеме қол жеткізіп, қажетті мал азығын әзірлеуге қажетті техника сатып алдым. Енді кәсібімді одан әрі дамытуға мүмкіндік туды. Несиенің талабы да тиімді, - дейді Б.Жақыпов.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz