- Ернұр Нұрланұлы, Астана күні - халықтық мереке. Тіпті, бұл күні жұртшылық маңызды нысандардың қолданысқа берілуін тағатсыздана күтеді десек болады. Биыл қандай тарту жасалмақ?

- Шынымен, бас қаланың мерекесі қарсаңында тұрғын үйлердің, өндіріс орындарының ашылуы игі дәстүрге айналғандай. Бұл биыл да жалғасын таппақ. Атап айтқанда, Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалалары мен Баянауыл ауданына қарасты Майқайың кентінің тұрғындары қоныс тойын тойлайды. Облыс орталығында жаңадан салынып жатқан Сарыарқа шағын ауданындағы кезекті көпқабатты баспананың пәтер кілттері табысталса, кеншілер қаласында 9 шағын аудандағы тұрғын үй ел игілігіне беріледі. Ақсу қаласында Строительная, 42 мекенжайындағы жаңа үй қолданысқа тапсырылады. Ал Майқайың кентінде 29 пәтерлі баспананың қожайындары белгілі болады. Бұл басты тарту деп ойлаймын. Себебі, кез келген адам үшін өз шаңырағының болуы аса маңызды.

Біздің облыс еліміздің индустриалды астанасы болғандықтан, өндіріс саласында да жаңашылдықтар күтіп тұр. Мәселен, Екібастұз қаласындағы «Восточный» кенішінде циклді-толассыз кешен іске қосылады. Бұл өңіріміздің ғана емес, тұтас еліміздің көмір өнеркәсібінің өркендеуіне оң әсер берері сөзсіз. Сол арқылы тұрғындардың әлеуметтік те, экономикалық та жағдайы жақсара түседі.

- Астана күні спорт саласына қандай серпін береді?

- Алдымен Астана - спортшылар қаласы екенін баса айтқан жөн. Бас қаламызбен аттас футбол командасы Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне өтіп, астанамыздың абыройын асқақтатты. «Астана» велокомандасы да әлемдік сайыстарда алдыңғы қатардан көрінуде. Осы орайда Павлодар облысы 20 жылдыққа тарту ретінде Елорданың сол жағалауында велосипед жолын сыйға тартты. Ұзындығы 11 шақырым болатын бұл жол бұқаралық спорттың дамуына әсер етіп, талай жеткіншектің әлем чемпионы атануына жол бастайды деген ойдамын.

Біздің облыста да қолданысқа берілетін спорт нысандары аз емес. Айталық, 6 шілде күні Екібастұз қаласындағы Шахтер саябағында ашық аспан астындағы бассейн, Ақсуда үш футбол алаңы, жаңартылған Орталық алаң ашылады. Одан бөлек, аудан-қалаларда тоғызқұмалақ, бәйге, аударыспақ, ауыр атлетика, бильярд, футбол, шахмат және басқа да спорт түрлерінен сайыстар өтіп, веложарыс ұйымдастырылмақ. Бұл спорт додаларына балалар да, қарттар да қатыса алады. Мәселен, Лебяжі ауданы Қызылағаш ауылының ардагерлері Астананың 20 жылдығына орай жүгіруді жоспарлап отыр. Демек, мереке күндері жас та, кәрі де спорттық додаларда бағын сынап, кіл мықтыны анықтайды.

- Елорданың құрдастары да назардан тыс қалмайтын болар...

- Әлбетте. Биыл бас қаланың құрдастары да 20 жасқа толып отыр. Кейбірі жоғары білім алып жатса, енді бірі табысты еңбек етуде. Мерекелік бағдарламада оларға арналған шаралар да қамтылған. Атап айтқанда, 6 шілдеде Шарбақты ауданында Астана құрдастарының қатысуымен веложарыс бастау алады. Олар дәл осы аудандағы сакралды орындарға барып, туған жердің бай тарихымен тереңірек танысады. Баянауыл ауданында 20 жасқа толғандар мен жас жұптарға құрмет көрсетіледі. Качир ауданында әр түрлі салада жұмыс істейтін бас қала құрдастарына арналған салтанатты шара өтеді. Лебяжі ауданының «Жалын» жастар бастамаларын дамыту орталығы жанынан коворкинг-орталық ашылады. Тізе берсек, маңызы зор, пайдасы мол осы іспетті іс көп.

Жалпы, Астана күніне орай алдағы демалыс күндері сан алуан шара ұйымдастырылады. Олардың қатарында Шарбақтыда ҚР Тұңғыш Президенті скверінің, Торайғыр-Жасыбай автомобиль жолының ашылуы, Ертіс ауданы Астана көшесіндегі жолдың жөндеуден кейін тапсырылуы және тағы басқасы бар. Бір сөзбен айтқанда, павлодарлықтардың демалыс күні бос өтпейді. Әркім өзінің жан қалауына жақын шараға қатыса алады. Мәдени-спорттық жарыстарға қатысып қана қоймай, жеңімпаз атанып, жүлде иеленетін мүмкіндігі бар. Әдеттегідей мерекелік шаралар легін жергілікті және отандық эстрада өкілдерінің қатысуымен өтетін концерт, отшашу түйіндейді.

Сұхбаттасқан – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz