Үкімет басшысы Астана күні бір қаланың ғана мейрамы емес, бүкіл ел болып атап өтетін жалпыхалықтық мереке, деді. Себебі, Қазақ Елінің тәуелсіз мемлекет ретінде орнығуы, сынақтардан сүрінбей өтіп, дамудың даңғыл жолына түсуі, бәрі еліміздің бас ордасымен тығыз байланысты. Ел бола аламыз ба, әлде заманның алапат желіне ұшып жоғаламыз ба деген тағдырлы сәтте халықты биік мақсатқа жұмылдырып, болашаққа бастаған Астана — жаңғырған, жаңа Қазақстанның жарқын символына айналғанын Бақыт Сағынтаев атап өтті.

- Басында өзге түгілі өзіміз күмәнмен қараған ғасыр жобасы Елбасының саяси көрегендігі мен ерік-жігерінің арқасында табысты жүзеге асып, небары 20 жылда Арқа төрінде ғажайып қала бой көтерді. Халқымыздың мың жылдық талайлы тағдыры мен асқақ армандарынан нәр алып, сайын далада сәмбі талдай бүр жарған бас ордамыз аз уақытта ел тірегі - алып бәйтерекке айналды, - деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы Астана - терең тарихтан тамыр тартқан даңқты өткенімізді бүкіл әлем таңдай қаққан бүгінгі биіктерімізбен және жаһандық нарықта бәсекелестік қабілеті жоғары, Мәңгілік Ел болар кемел келешегімізбен жалғайтын Елдігіміздің алтын арқауы, деді.

Сондай-ақ, қарасаң көз жетпейтін Ұлы Даланың аспанмен астасқан көкжиегіне көз салсақ, көк пен жерді жалғайтын алтын көпір іспетті Астананың алып мұнаралары алыстан асқақтап, менмұндалайтынын мақтанышпен жеткізді.

- Ол — барша халқымыздың бақытты өмірі мен үкілі үмітінің символы. Бүгінде еліміздің саяси, экономикалық қана емес, мәдени, рухани жүрегі атанған Елорда Қазақстанның барлық өңірлерінің басты қозғаушы күші болып, аймақтардың дамуына қуатты серпін беруде, - деді Үкімет басшысы.

Бас ордамыз - дарынды, мақсаткер, еңбекқор, білімді жастардың арман-мүддесін бір арнаға тоғыстырып, барша қазақстан-дықтарды біріктірген кіндік қала екені де аталды. Ол татулық пен тұрақтылықтың, жасампаздық пен бейбітшіліктің символы ретінде тұтас Еуразияға, одан қалды, жер жүзіне лайықты үлгі болуда, деді.

Премьер-Министрдің айтуынша, әлемдік деңгейдегі бастамалар мен іс-шаралар Астананы жаһандық оқиғалардың ордасы ретінде паш етті. Осының бәрі — кең-байтақ Ұлы Даланың төрінде Ұлы Мемлекет құрған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дара басшылығы мен шексіз еңбегінің жемісі екенін де Бақытжан Сағынтаев бөле-жара атады.

- Сәні мен салтанатына барша адамзат таңдай қаққан Бақ ордамызды қастер тұту, оны дамытып, көркейте түсу — бәрімізге ортақ парыз. Еліміздің асқақ рухы мен жасампаздығының жарқын нышаны болған Астананың 20 жылдығымен баршаңызды тағы да шын жүректен құттықтаймын! Ортақ мақтанышымыз, Отанымыздың жүрегі Астана төрткіл дүниені түгел тамсандырып, жайнай берсін!, - деп түйді құттықтауын Премьер-Министр.

Әзірлеген – Г.МАҒЖАН.

saryarka-samaly.kz