Биыл облыс орталығында қос бірдей тың жоба – Этноауыл мен Ертіс жағасындағы үлкен сахна қолға алынғаны белгілі. Игі бастаманың тұсауын әйгілі «МузАрт» тобы кесіп, кейін Әли Оқапов, Ерке Есмахан, Райм және Артур, басқа да отандық эстрада өкілдері өнер көрсетті. Ал өткен аптадағы біздің мейман – Мақпал Исабекова. Эстрада әншісі алдымен Этноауылда болып, ақшаңқан киіз үйлерді аралап, алтыбақан теуіп, серуендесе, кешкі уақытта қала тұрғындары мен қонақтары үшін әсем әндерін шырқады.

- Шыны керек, Павлодарға тек концерттер, мерекелік шаралар кезінде келіп, кері қайтамыз. Қаланы аралап, көрікті жерлеріне баруға мүмкіндік бола бермейді. Ал бүгін Гагарин саябағындағы Этноауылда болып, ерекше әсер алдым. Қазақылықтың иісі аңқып тұрғандықтан шығар, бірден ауылдың бейнесі көз алдыма елестеді. Өзге өңірлерден осы іспетті жобаны, яғни қаланың қақ ортасындағы ауылды байқамаппын. Енді Баянауылға барып, тауларды аралап, Жасыбай көлінің жағасында демалғым келеді. Талай ғұламалар мен өнер саңлақтары туған өлкені көріп қайту – арманым. Павлодарлықтар қонақжайлық танытып, шақырып жатыр. Мүмкіндік болса, осы жаздан қалдырмай Баянның тауларын көрсем деймін, - деді әнші.

Сонымен қатар, Мақпал Исабекова шығармашылығындағы соңғы жаңалықтары- мен бөлісті. Әнші «Любовь» атты су жаңа туындысына бейнеклип түсіріпті. Көп ұзамай бұл жұмысы қалың көрермен назарына ұсынылмақ. Бұл ән де Мақпалдың «қоржынындағы» өзге шығармалар сияқты тыңдарман қауымның жоғары бағасын алады деп үміттенеміз. Сенбілік кеште Ертіс жағасына жиналған жастар әншінің барлық дерлік әнін өзімен бірге шырқады. Игі дәстүрге айналған бұл жаңалық өнер адамдары мен тыңдарман, көрермен қауымды жақындатып, араларына көпір болары сөзсіз.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz