Қазіргі таңда бүкіл әлемде 300 миллионға жуық пластикалық қалдық жиналады. Соңғы жылдары ұзақ мерзімде пайдалануға жарамды мықты пластик түрлерінен бір рет пайдаланатын пластикке көштік. Ғалымдардың айтуы бойынша, 1950 жылдың басында 8,3 млн. тонна пластик өндірілген. Оның 60%-ы қоқысқа тасталып, қоршаған ортаны ластаған. Жалпы өндірілген пластиктің тек 9%-ы қайта өңдеуден өткен.

Ал еліміздегі байтақ далаға көз жіберсек, жол бойы әр бұтада, әр ағашта пластикалық пакеттер шашылып жатыр. Бұл пластик қалдықтардан туындайтын проблема жетерлік. Пластикалық пакеттер су ағындарын тежейді, табиғи апаттарды ұлғайтады. Олардың кесірінен түрлі бактериялар ұялайтын жерлер пайда болады, жұқпалы аурулардың тарауына әкеп соғады. Жануарлар пластикалық пакеттерді жұтып, асқазандарына айтарлықтай зиян келтірілуде. Полистеролдан жасалған контейнерлердегі улы заттар адамның ағзасына тағам мен су арқылы енеді. Кейбір адамдар пластикалық қоқысты жағып жіберуге тырысады. Ал оның нәтижесінде ауаға улы заттар шығатынын қаперлеріне де алмайды. Өйткені жағу кезінде фуран және диоксин деген зиянды заттар бөлінеді.

Ағымдағы жылы БҰҰ дүние жүзінде пластикпен қоршаған ортаны ластау проблемасын ең көкейтесті проблема деп атады. 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні. Мұны өткізудің негізгі ұраны: «Пластикпен қоршаған ортаны ластамайық!». Шараны өткізудің негізгі мақсаты – бір рет қолданатын пластикпен қоршаған ортаны ластау проблемасына көпшіліктің назарын аударту.

БҰҰ-ның Қоршаған орта бойынша бағдарламасы аясында пластикпен ластану проблемасы бойынша баяндама жасады. Баяндамада айтылғандай, пластикалық қалдықтар үлкен экономикалық зиян келтіреді. Азияда, Тынық мұхиты аймағында жиналған пластикалық қоқыс туризмге, балық аулауға, кеме жүзуіне жылына 1,3 млрд. АҚШ доллары көлемінде шығын әкеледі. Еуропада жағалау мен жағажайларды пластикалық қоқыстан тазалауға жылына 630 млн. еуро жұмсалады. Дүниежүзілік теңіз эко жүйесіне пластиктен келтірілетін жалпы экономикалық зиян жылына кем дегенде 13 миллиард АҚШ долларын құрайды. Өкінішке қарай, пластик микро бөлшектерге бөлініп, тіпті ауызсуға ену фактілері дәлелденген. Осындай микро бөлшектер азық-түліктен адам ағзасына түседі, сондай-ақ, теңізден ауланатын балықтар және теңіз өнімдерінде де бар. Ал бұл өнімді біз ас ретінде қолданамыз. Арғы жағын өзіңіз ойлай беріңіз.

БҰҰ баяндамасында үкімет, бизнес, әр адам пластикпен ластану проблемасын шешуге қоса алатын үлесі жөнінде ұсынылған. Олардың ішінде әр адамның қолынан келетіндей шаралар да аталған. Біріншіден, бір рет қолданатын пластикті қайтадан қолданбау қажет: ыдыс, бөтелкелер. Осындай пластикалық заттардың орнына ұзақ мерзімде пайдалануға жарамды мықты пластик түрлерінен жасалған өнімді тұтыну керек. Мысалы, пакеттердің орнына матадан тігілген сөмке болса, бір рет қолданатын ыдыстың орнына – бірнеше рет, ұзақ пайдаланатын заттарды қолдану. Бір жағынан қаражатыңызды да үнемдейсіз.

Биыл облысымызда экология жылы болып жарияланғаны белгілі. Экология жылында Павлодар облысы бүкіл жер шарында өтіп жатқан шаралардан тыс қалған жоқ. Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы «ЭКОМ» қоғамдық бірлестігімен бірігіп, Павлодар қаласында қала тұрғындары үшін бірқатар шаралар өткізді. Атап кетсек, тұрғындарға Batyr Mall ойын-сауық орталығында, Павлодар қаласының төменгі жағалауында пластикалық өнімді басқа өнімдерге ауыстыру мүмкіндіктері жайлы айтылып, түрлі сайыстар өткізілді. Қала тұрғындары экологиялық викторинаға белсенді қатысып, қызықты тапсырмаларды орындады. Қоршаған ортаның қазіргі жағдайын көрсететін фактілер келтірілген фотодеректерден пазлдар жинады, экология туралы мақал-мәтелдердің мән-мағынасын ашуға тырысты. Сайысқа қатысушылардың ең белсенділеріне сыйлықтар табыс етілді. Мерекелік шарада балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға жағдай жасалып, идеяларын, қолдан жасалған бұйымдарын ұсынуға мүмкіндік туды. Нәтижесінде «Қоқыс салатын кәрзеңкеден жаңа бұйым» сайысының жүлдегерлері де марапатталды.

Аталмыш шарада «TALANTINO», «JUST FLY» және «TRIAD EXTREME CIRCUS SHOW» би топ-студияларының өнерпаздары өз өнерін көрсетті.

Мерекеге орай мемлекеттік қызметшілер арасында қоршаған ортаға экологиялық және әлеуметтік жауапкершілікпен қарау идеясын насихаттау және таратуды мақсат еткен «Жасыл кеңсе – 2018» сайысы өткізілді. Оған 24 ұйым қатысты. Нәтижесінде, Павлодар облысының сәулет және қала құрылысы басқармасы жеңіске жетті. Ал 2 және 3 орындарды облыстық қаржы басқармасы мен облыстық кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасы өзара бөлісті.

Жалпы, қалдықтар мен қоқыстарды қайта өңдеу мәселесі мемлекеттік деңгейде шешілетін мәселелер қатарына жатады. Әрине, осындай ізгі шарада басты рөлді Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы атқару керек. Қазіргі уақытта қоқысты бөлшектеп жинау үшін нақты шаралар жүзеге асырылуда. Облыс орталығындағы тұрғын үй аулаларында арнайы пластикалық бөтелкелер жинау торлары орнатылған. Пластикті дұрыс жинап, қайта өңдеу ісін жолға қойса, қоршаған ортаға келтірілетін зиян көлемі азаятын еді. Жер шарында өмір сүретін әр адам бір рет пайдаланатын пластиктен бас тартуға, пластикті пайдалану көлемін қысқартса, мәселе шешімін табар еді.

Пластиктерден жасалған бұйымдардың пайдасын жоққа шығаруға болмайды, бірақ, бір рет қолданылатын пластикалық бұйымдарды пайдалану қоршаған ортада қауіпті жағдай тудырады. Пластик экологиялық апатқа апаруы әбден мүмкін.

Светлана МОГИЛЮК, Павлодар қаласындағы Орхус орталығының үйлестірушісі, «ЭКОМ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

saryarka-samaly.kz