Ол осыдан екі жыл бұрын өңіріміздің кондитерлік брендіне айналған «Крендель» өнімін Екібастұзда тікелей сатып, кішігірім кофейня ашу құқығына ие болған. Кәсіпкер павлодарлық кәсіпорынның брендін пайдалануды бес жылға сатып алыпты. Бұл уақыт біткеннен кейін ары қарай әріптестікті жалғастырудың тиімділігі таразыланады. Бүгінде бұл бренд үшін бизнесмен кондитерлік кәсіпорынға жыл сайын бір реттік төлем жасайды. Одан бөлек, жылдық табысының белгілі бір пайызын тағы береді. Есесіне, көптің көңілінен шыққан тәтті-тоқашты сату, кофесін ұсыну арқылы табысқа кенелуде. Оған аталмыш нысанға арнайы баспасөз туры аясында барғанымызда куә болдық.

Кез келген бренд иесі жылдар бойы жинаған абыройына кір келтірмес үшін пайдалану құқығын берген кәсіпкерге де жоғары талап қоятыны сөзсіз. Т.Сивириянованың айтуынша, павлодарлық кәсіпорын Екібастұзда бизнес нысаны ашылған сәттен бастап қатаң бақылауда ұстайды. Тіпті, құрал-жабдықтар мен шикізатты қай жерден алу керектігіне дейін өздері көрсеткен.

«Крендельдің» франшизасы алғашында тек кофейня түрінде ғана болған. Алайда Татьяна Сергеевна тек қана кофе ұсынумен айтарлықтай табысқа кенелмейтінін түсінген. Себебі, оның кондитерлік салада тәжірибесі бар. Сондықтан павлодарлық кәсіпорын басшылығына франшизаның тармақтарын кеңейтуді ұсынып, ақыры кондитерлік өнімдерді сатумен қатар тұтынушыларға емін-еркін кофеден дәм татуға мүмкіндік беретін орын ашты.

- Әлбетте, өнімнің бәрін Павлодардан таситын болсақ, кейбірі жеткенше, кеуіп қалуы мүмкін. Сондықтан келісіп, кейбір өнім түрлерін өзіміз де Екібастұзда жасап жатқан жайымыз бар. Ол үшін кәсіпорынның кондитерлері бірнеше аптаға келіп, біздің мамандарды үйретіп, технологияларына дейін көрсетіп кетті. Қолданылатын шикізаттың түрлерін де белгілеп берді. Бәрін бақылауда ұстайды. Тек бағаны біз жеткізу құнына қарай белгілейміз, - дейді «Крендель Екибастуз» ЖШС-нің директоры Т.Сивириянова.

Кәсіпкер кеншілер қаласында торт пен пиццаға сұраныстың жоғары екенін айтады. Бұл ретте, тапсырыс қабылдайтын мобильді қосымшаның септігі көп болған көрінеді. Кәсіпкердің мұндай кәсіпті қолға алып, дамытуына мемлекеттің де қолдауы аз болмаған. Нақтысы, бизнесмен осыдан үш жыл бұрын жобасын сәтті қорғап, 3 млн. көлеміндегі қайтарымсыз грант алған. Одан кейін «Өңір-лерді дамытудың жол картасы» бағдарламасы аясында 6 пайыздық мөлшерлемемен несиеге қол жеткізген. Әлі де жеңілдікті жәрдемнен дәмелі екенін жасырмады. Биліктің мұндай көмегінсіз істі оңға бастыру мүмкін еместігін айтады. Бүгінде бизнесмен 50 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Десе де, кәсіпкер көмір мен электр қуатының отанында электр энергиясының қымбаттығына налиды. Айтуынша, Павлодардан да қымбатқа түседі. Осы ретте, шағын бизнеске жеңілдіктер қарастырылса деген бұйымтайын бүгіп қалмады. Сонымен қатар, жаңа салық заңнамасына сәйкес қосымша құн салығын төлеуде кірістің шектік көлемі өте төмен, дейді. Яғни, орта немесе ірі бизнеспен қатар мұндай салық төлеу қалтаға айтарлықтай салмақ түсіретінін алға тартты. Кейбір шағын бизнес нысандары табысы еселене қалса, кәсібін бірнеше субъектіге бөлуге асығады, дейді. Осылайша, салықтан жалтаруға тырысатын көрінеді. Ал өздерінің әділ еңбек ететіндерін тілге тиек еткен кәсіпкер бұл мәселе де жоғары жақта қайта қаралғанын қалайды.

Сонымен қатар Татьяна Сергеевна шағын бизнес өкілдерін ұйымдастырылатын түрлі семинар-тренингтер жайында жиі ақпараттандырып отырса деген тілегін білдірді. Өзі іскер әйелдер қауымдастығы құрамында болғандықтан, мұндай шаралардан шет қалмаймын, дейді. Әйтсе де, өзге азаматтардың көбінде жаңашылдықтардан құр қалып жататынын жеткізді.

Іскер әйел бүгінде кеншілер қаласындағы бизнесін облыс орталығынан автоматтан-дырылған жүйе арқылы басқарып отыр.

- Қазіргі заманның мүмкіндігі мол ғой, шіркін. Автоматтандырылған жүйенің көмегімен қашықтықтан басқарамын. Басқарушылық қызметіне қажетті есептің бәрі автоматтандырылған бағдарламада тұр. Қанша өнім сатылғаны, өндірілгені – көз алдымда. Кәсіпорында бақылау камералары да жетерлік. Әрбір әрекетті көріп отырамын. Қызметкерлердің қашан кіріп, қашан шыққаны да карточканы турникеттен өткізгенде тіркеліп отырады. Кез келген мәселені әлеуметтік чаттарда лезде шеше қоямыз, - дейді кәсіпкер.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz